Басты бет Мәдениет және руханият КӨКБӨРІСІН КӨККЕ ҰЛЫТҚАН ЖЫР ПЕРІСІ

КӨКБӨРІСІН КӨККЕ ҰЛЫТҚАН ЖЫР ПЕРІСІ

0
904

Сәбетай Сыпатаевтың поэзиясы туралы әңгіме бола қалса бірден санамызға сақ ете қалатыны – «Көкбөрім, көкке ұлыған» поэмасы. Онда тек қана ақынның емес жалпы қазақтың рухы мен арман-тілегі жатқандай көрінеді. Сәбетайдың кез келген өлеңі өзінше бір әлем, тылсым дүниедей. Ойландырады, бірден баурап алады десем қателесермін. Қайталап оқығанда оның жан дүниесіне үңілесің, не айтпақ болғанын жүрегіңмен түсінесің. Әр сөзі мірдің оғындай, әр сөйлемі пәлсапаға жетелейді, ойы санаңды селт еткізеді. Ол сондай ерекшелігімен де Сәбетай ақын болып қалды-ау деймін елдің жадында. Қиялшыл, оның әлемі тазалық деген қасиетке толы. Боқ-дүниеге көзінің қырын салып та қарағысы жоқ. Оның өзі – өлең. Сол өлеңін халқына саф, таза қалпында жеткізгісі келді. Біреу түсінді, екіншісі мысқылдады, үшіншісі күлді. Бірақ Сәбетай пендауи қасиеттерден биік еді. Сол қалпында өмірден өтті. Арба сүйресе де, басқа қызметте болса да ешкімге бүгежектемеді, ешкімнің алдында аласармады. Нағыз ақынның тағдырын басынан кешті. Оған ешкімді кінәламады. Өз таңдауы солай болды. Сәбетай ешкімге ұқсамайтын, еркін тыныстайтын, азат ойлы ақын екендігін түсіндіріп жатудың қажеті шамалы.

Аудандық кітапхананың оқырман залында Сәбетай Сыпатаевтың 60 жасқа толған мерейлі тойына орай «Көкбөрім, көкке ұлыған» атты шығармашылық кеші болды. Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен бұл шараның шымылдығы ақынның өлеңдерін оқумен түрілді. Тиірмендік ақын қызымыз Жазира Бақаева кеш тізгінін қолына алып, оның өлеңдеріне шолу жасады. Ақын өміріне арналған кітап көрмесімен оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Айдана Дәулетова таныстырды.

Алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев алды. Ақынның еске алу кешіне жиналған қауымға, кешті ұйымдастырушыларға, күндіз-түні жүгіріп жүрген бауырларына алғысын айтты. Өзінің бала кезінде аудандық ауруханада Сәбетай ақынмен бір палатада он күндей бірге жатқан сәтінен естелік айтып, оның қарапайымдылығы мен кісілігі туралы толғанды. Ақынның мықтылығын сол кездері онша түсінбегендігіне өкінішін де жеткізді. Қағазға қарап, дайын мәтінді оқып шыққаннан гөрі осылайша өз ойын ортаға шынайы жеткізудің өзі де керемет екен.

Сонан соң тасқарасулық арқалы ақын Әбдіғали Асанғожаев мінбеге шығып, ақынмен 1990 жылдары танысқан кездерінен қызықты әңгімелер айтты. Өзінің оған ұстаз болғандығын да жасырмады. Арнау өлеңін оқыды. Аудандағы ақын болам деген талапкерлердің белін буып жүрген ұстаз, ақын Мамытқан Құдайбергенов Сәбетайдың өлеңдеріне өзіндік сараптамасын ұсынды. Ішкі ұйқас деген әдісті өте ұтымды пайдаланатындығын, өлең буындарының ерекшелігін, әдебиетке әкелген жаңашылдығын түсіндіріп берді. Сонан соң өзі баулып жүрген оқушыларының шығармашылығымен таныстыру үшін шәкірттерін ортаға шығарды. Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебі мен Абай атындағы мектеп-гимназиясынан жинақталған, өлеңге таластары бар балалардың талаптарын ортаға салды. Тәп-тәуір өлең жазатын буын келе жатыр екен деген ойда қалдық. Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі, «Шәбнәм» ұйғырдың креатив ханым-қыздары бірлестігінің төрайымы, «Аламәт» продюссерлік орталығының директоры, әнші Қәлбинур Аруп ақтамдық ақын Пәридәм Теийпованың сіңлісі екендігін айтып, әпкесінің аманатын жеткізіп, бір әнін музыкалық сәлем ретінде жолдады. Сәбетайдың сыныптастары атынан Жамбыл облыстық кітапханасының меңгерушісі Гүлнар Асылбекова сөз алып, бала Сәбетай, оқушы Сәбетайдың қылықтарынан естелік айтты. Ұйғыр этномәдени орталығының мүшесі Сайдалим Амутов ақынның інісі Қуатбекке алғыс хатын беріп, иығына шапан жапты. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Құндыз Сабырбай шараға атсалысқан оқушыларға өзінің ыстық ықыласын жеткізіп, алғыс хатымен марапаттады. Кітапханадағы шара осымен тамам болды.

Еске алу кеші аудандық мәдениет үйінде «Жыр – сыйлық» деген атпен  жалғасын тапты. Залдың жартысынан көбін ақтамдықтар толтырды. Аудандағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлері де қара көрсетті. Сәбетай Сыпатаев – қазақ поэзиясына екпінмен келіп қосылған тосын толқынның өкілі. Оның өлеңдерінде ақынның күрделі дүниетанымын, халық тарихындағы өзгерістерге асқан сезімділік, бейнелеу тілінің көркем шұрайын танытқан, тарпаңдық пен тектілік, ойлылық пен оттылық тұратындығын жақсы білеміз. Туған халқын, елін құлай сүю, өзін туған топырағының бойтұмарына балау, қазақ жұртына, адамға, махаббат пен сезімге деген адалдық – Сәбетай ақынның бойынан табылатын қасиет. Сәбетай ақын өзіне «Мен ешқандай ортаға сыймайтын және ешкімнің алдына барып көмек сұрамайтын адаммын. Іздеп келсе, қарсылығым жоқ» – деген еді. Біз бүгін Сәбетай ақынды іздеп алдына барғандай болып отырмыз. Өйткені жауһардай жарқыраған, тау суындай арқыраған жырды іздемеу мүмкін емес.

Аудандық мәдениет үйінің сахнасында «Қарадала» театры Сәбетай Сыпатаевтың «Көкбөрім, көкке ұлыған» поэмасынан сахналық қойылым ұсынды көрерменге. Сахнаның құдіретін, киесін түсіну үшін де үлкен жүрек керек. Сәбетай болып жыр жазып, Сәбетай болып толғанып, Сәбетай болып жынданған образ тамаша шықты. Шынымен Сәбетаймен бетпе-бет кездескендей күй кештік. Ақынның жанын дәл өзіндей сомдау үшін актердің бойында да ақындық, өлеңге деген құмарлық, ақындық болмыс керек. Сол болмысты толығымен көрдік, көзімізге жас алдық. Оның ішкі дүниесіндегі арпалыстарды сезіндік. Қап әттеген-ай деп аһ ұрдық. Мен қазақпын деп рухтанған сәтінен қуат алдық. Бір сағаттық қойылым бір сәтте өте шыққандай әсер етті. Ақынның балалық шағынан бастау алған, әкесіне ақын боламын деп берген уәдесінен бастап 55 жасқа толғанға дейінгі тағдыры суреттелген спектакльден өз басым рухани азықтандым, жан ләззатына бөлендім, сөйте тұра қан жыладым, жүрегім тілім-тілім болды, өмірдегі қайшылықтарға төтеп бере алмаған ақын жүрегіне дер кезінде ем таба алмағанымызға күйіндім. Оның әлеміне еніп, қолдау көрсетуге жарамағанымыз үшін бармағымды тістедім. Актерлердің бұл жолғы ойындары керемет шықты. Кертартпалау, қырсықтау, қиялилау ақын образын дәлме-дәл өзіміз көргендей етіп шығарғанына қатты қуандық.

Мәдениет үйіндегі кештің алғашқы сөзін аудан әкімнің орынбасары Қадыржан Бағбаев алды. «Ақынды өлтірмейтін жыры болса, ақынның мәңгілік жасауы – жыр қадірін ұғатын ұрпақтың болуында. Ақынға айтылар бағаның салмағын ешқандай сөзбен жеткізе алмасымыз анық. Ұлы ақын Мұқағалидың өзегін өртеген рухани қайшылықтары мен замана құбылыстары Сәбетайдың да көкейін шоқтай қарып, поэтикалық қуатын қайрақтай жани түскен. Осындай ақындардың өлеңдері – біздің рухани байлығымыз, келер ұрпаққа қалдырар асыл қазынамыз. Біз болашақ жастардың санасына осындай ақындарымыздың қадірін ұғындырып, солардың өлеңдерімен сусындатып, шығармашылығымен таныстырып отыруымыз керек», – деп ақжарма тілегін ақтарды. Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры Қанат Әбілқайыр Қарадаладан қалықтап ұшқан қаламгерлердің шығармашылығымен жақсы таныс екендігін айтып, одақтың төрағасы Мереке Құлкеновтың жүрекжарды тілегі жазылған адресатын табыс етті. Сәбетайдың досы, жанашыры, ұйғырдың талантты жазушысы, ақыны, аудармашысы Ахметжан Исрапилов сахна төріне шықты. Өзінің денсаулығының нашарлығына қарамастан досының аруағын сыйлап келгендігін айтты. Өзінің де 60 жылдығында Сәбетайдың орнының ойсырап қалғандығы өзегін өртегендігін тебірене жеткізді. «Ақындығымды осыдан 20 жыл бұрын тоқтаттым. Өйткені менің қасымда адуынды, арқалы, ешкімге дес бермейтін Сәбетай болып еді. Оның өлеңдерінен соң өзімдікін тоқтаттым. Бірақ аурухана төсегінде таңылып жатып таңғы төртте досыма деген сағыныштан ба, әлде досымның аруағы сыбырлады ма, білмеймін, жазбай кеткен өлеңіме қайта оралып, төрт шумақ өлең жазып келдім», – деп жүрек түкпірінен шыққан жырын арнады. Шынайы шумақтар. Досына деген сағынышын бүкпесіз жеткізді. Ахметжанның Сәбетайдың нағыз досы екендігін өзім де жақсы білемін, бірақ ауру қысып, жанын шүберекке түйіп келгендігіне қайран қалдым.

Сәбетайдың сөзіне жазылған әндерден концерттік бағдарлама ұсынылды. Ол да ерекше шықты. Бұрын естімеген әуен арқылы ақын шығармашылығына қайтадан бір сүңгідік. Жұп-жұмыр, сұлу жырлар жүрегімізді жылытты. Риза болыстық.

Артындағы бауыры Қуатбектің шырылдап жүрген еңбегіне, ағасының өлеңдерін бойтұмардай етіп жатқа айтып жүретін мінезіне, табандылығына, ағасының шығармашылығын дәріптеген қайсарлығына алғысымыз шексіз. Қуатбектей жанашыр бауыры барда, іздеуші ел-жұрты барда, өлеңнің құдіретін түсінетін оқырманы барда Сәбетай өлмек емес.

Баян МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…