Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың арасында жұмбақ өлім немесе жынданып кетіпті деген ақпараттар, әскерде жүріп, қаржы мекемелерінің алдында үлкен қарызға батып кететіндер, онлайн жылдам ақша беретін қаржылай мекемелердің жастардың басына үлкен қауіп төндіргені туралы әлеуметтік желілер мен телеарналардан көріп, біліп жүрміз. Сондай кезде қап деп өкінетініміз де рас.
Бірақ әскери бөлімдердегі әсіресе психологиялық бағыттағы шаралар көптеп өткізіліп, жаңадан әскер қатарына келген жігіттерді жаңа ортаға қалыптастыру, бейімдеу бойынша жұмыстар тұрақты өткізілетіндігін айтқымыз келеді. Осы жақында ғана жас сарбаздармен Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының клубында ауданның мақтаулы психологтарымен арнайы тренинг өткіздік. 30-ға жуық сарбаз қатысқан шара емен-жарқын әңгіме-сұхбат форматында, ойларын ортаға қысылмай айтып, тіпті өз пікірлерін дәлелдеп, қызықты әңгіме-дүкен құрылды. Жігіттер қайдан келгендері, ата-аналарына деген сағыныштарын, азаматтық ұстанымдары мен Отанына деген патриоттық сезімдерін ашық ортаға салды. Тәуелсіз еліміздің шекарасын қорғау үшін келген сарбаздардың арман, мақсаттары да өте биік болып шықты. Аудандық аурухананың психолог-мамандары мен Тасқарасу орта мектебінің психологтары жас сарбаздармен әртүрлі іс-қимылдар арқылы көптеген жаттығулар жасады. Ұяң, ұялшақ, ойларын ортаға сала алмайтын жігіттерге қолдау ретінде де бірнеше ойындар ұйымдастырылды.
Моральдік тұрғыдан мықты, ішкі жігерлері шымыр сарбаздар әскери өмірге екі апта ішінде үйреніп кетеді. Ер баланы о баста отбасында ерке, әлжуаз, әлсіз етіп тәрбиелемеу керек. Ұл әрдайым әкесінің қасында темірдей тәртіпті көріп өсуі қажет. Қазір әрине, өкінішке орай, анасына жақын, ерке, ұрысқанды көтере алмайтын нәзік ұл балалар көп өсіп келеді. Қазақ қашанда ұл әкеге қарап өсуі керектігін бекер айтпаған. Осындай жастарды біздің офицерлер құрамы жылы қабақпен қарсы алып, олардың нағыз жігерлі де, намысты жауынгер болып қалыптасуы үшін бар күштерін аямайды. Шекара бөліміндегі тәрбиелеу жұмыстарына офицерлік құрам да қатысады. Сонымен қатар сарбаздармен әскери психолог та жұмыс жасайды. Олардың мінез-құлқын сырттан бақылап, сөзге тартып, ойын дұрыс бағытқа бұрады. Әрине, моральдік тұрғыдан әлсіз сарбаздар да келіп жатады. Бірақ оларды біз алдын ала байқап, жеке жұмыс жасап, бір жылдың ішінде өзіне сенімді ер азамат қылып шығаруды мақсат етеміз. Бүгінде бәрі – де өз қалауымен әскерге келгендер. Сондықтан олар іштей дайын жандар. Біз тек бір жыл ішінде оларды әскери тәртіпке үйретіп, кез келген шақта ұрысқа дайын тұра алатын жауынгер ретінде дайындауда еңбек етіп жатырмыз.
Әр жас сарбаздың қызметінің бастапқы кезеңі жүйке жүйесіне әсер ететіні жасырын емес. Әскери ортаға түскен жас сарбаздың бейімделуі немесе бейімделе алмауының сипаты мен денгейі көбінесе адамның биологиялық, физиологиялық, психикалық қасиеттеріне және оның әлеуметтік дамуына байланысты екендігі ақиқат. Біздің бөлімде осы мәселелер әркез назардан тыс қалып көрген емес. Бұл жолғы психологиялық тренинг күзгі шақырылымдағы сарбаздардың әскери өмірге бейімделуі мен ең қасиетті борыш – шекара шебін көздің қарашығындай қорғау. Тек психологтар ғана емес сарбаздардың өздері де Отан қорғаудың қиындығы мен қызығын, ер жігіттердің намысшылдығы туралы қызықты әңгімелер айтты. Әрине мүмкіндігінше сарбаздардың әскери өмірге бейімделуіне, нағыз ер-азамат болып қалыптасуларына ықпал етіп, ең бастысы өз еліне адал қызмет ететін намысшыл оғлан болып шығуларына атсалысып жүрген әскерилердің қызметін құрметті деп айтуға болар.
Раушан ЖАНАБАЕВА,
сержант