Басты бет Саясат Келелі ой қозғалды

Келелі ой қозғалды

0
660

Аудандық кітапханада үлкен жиын өтті. Ат терлетіп Астана қаласынан, Қонаев қаласынан келген қонақтар төрден орын алды. Медиация қызметін дамыту бойынша мәселе қаралатындығын алдын ала білдік. Жиналғандардың қолына көпмәдениетті қоғамдағы ксенофобияның алдын алу деген тақырыпта әдістемелік құрал таратылды.

Аудандық қоғамдық келісім орталығының жетекшісі Гүлжаһан Әликеева келген қонақтармен таныстырып, шақырылған адамдар туралы қысқаша мәлімет берген соң сөз кезегін Алматы облысының ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім және даму орталығы директорының орынбасары Тәңірбергенова Айымжан Кәріпжанқызына берді. Амандық-саулық сұрасқаннан соң емен-жарқын әңгіме болсын, ойларыңызды ашық айтыңыздар, біз сіздерді тыңдауға келдік деп медиация кеңесінің төрағасы, тренер-медиатор Пулатов Шерзод Аббозұлы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Дүйсембайұлы Баймулдиновты таныстырды.

Сөз бастамақ оңай емес, әңгіменің басын Мамытқан Құдайбергенов алды. Сыртқы саясаттағы оқиғалардан, шетелдердегі қақтығыстардан мағлұмат бере келе, еліміздің ішкі саясатына ойысты. «Кереку мен Қызылжардың тарихи атауын қайтара алмайтындай не күн туды басымызға? Отыз жылдан асты ғой азат ел болғанымызға. Тәуелсіз мемлекет болып отырып, өз тарихымызды өзіміз қалпына келтіріп, қайта жаңғырта алмасақ мынандай жиындардан не пайда»? – деп сөзін сын айтудан бастады. Аудандағы жалғыз мәселе аудан атын өзгертуге байланысты екендігін түсіндірді. Ат арылтып Астанадан келген медиаторларға аманат ретінде Президентке, үкіметке жеткізіңіздер осы мәселені деп ойын төтесінен қойды. «Тып-тыныш, құда-жекжатты болып отырған екі ұлттың арасына сына қағылып, осы атауға байланысты араздықтар туып отырғандығын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселені елдің арасына от тастағандай болып отырсыздар. Егер проблеманы шешуге келсеңіздер, осыны мемлекет басшысына жеткізіңдер. Ішкі саясатты түзеп алмай сыртқы күштерге төтеп беруіміз неғайбыл», – деп ойын түйіндеді.

«Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов: «Бір сауатсыз әйелдің сөзіне бола көтерілген мәселе емес бұл, оның әріден басталғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол әйелдің ісіне байланысты құқық қорғау органдары неге ашық ақпарат бермей отыр, алыпқашпа сөздерге сенсек ол әйелді кешіріппіз. Ел не демейді, осындай келелі мәселелерде тиісті лауазымды тұлғалар нақты істің барысымен таныстырып отырулары керек еді. Ол жоқ. Сондықтан да ел арасындағы кикілжің басылмай тұр. Келер ұрпаққа осы проблеманы тастап кетпеу үшін, ертең балаларымыздың бетіне ұялмай қарау үшін мәселені кешіктірмей шешулеріңіз керек», – деді. Ұзақ жылдар ауданның экономикасын, салық басқармасын басқарған Тоқтасын Нұрсейітов те ауданның аты ауыспай бұл мәселе жыл сайын көтеріле беретіндігін ескертті. Одан бөлек ауданның экономикасы үшін суармалы судың жетіспей тұрғандығын да айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов ауданда 8425 зейнеткердің тұратындығын, олар мемлекет тарапынан тағайындалған зейнетақыларын өз уақытында алып тұрғандығын, жағдайларының жаман еместігін, өзінің ұзақ жылдар жол-құрылыс саласында еңбек еткендігін айта келе, автомобиль жолдарының мәселесін қолға алу керектігін жоғары жаққа ұсыныс ретінде жеткізді. Аудан атын өзгертуге байланысты ағалардың сөздеріне қосылатындығын білдірді.

Аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Арлен Османов: «Қазақстанда туып-өстім, қызмет еттім, білім алдым, әкім болдым, депутат болдым, балаларым да оқыды, бақыттымын, бірақ ауданның аты өзгерсе өзімді бақытсыз сезінемін. Бір сауатсыз әйелдің деңгейіне түсіп қаламыз ба?», – дей келе  мынандай мәселе көтерілгені жүрегін ауыртатындығын жасырмады. Бір «4-5 шалдың сөзінен туындап отырған нәрсе деп түсінемін», – деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.

Қонаев қаласынан келген медиаторлар Әлихан мен Рүстем атты жігіттер сөзге араласпады, мониторинг жасаймыз, ойларыңызды бүкпесіз айтыңыздар, сосын қорытындысын шығарамыз деп ойларын қысқа қайырды. Мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек еткен Сайдалим Амутов: «Ауданның атына қатысты мәселені неге екі ұлтқа итеріп қойдыңыздар, мемлекет деңгейінде шешілетін нәрсені екі ұлттың арасын араздастырмай бір шешімге келмейсіздер ме»? – деген қатқыл сұрағын Астанадан келген медиаторларға қойды. Бұрын құшақтасып амандасатын қазақ достарымен соңғы кезде қолдарының ұшымен сәлемдесетін жағдайға жеткендігіне ашынды. Жігітбасы Демьян Обулғазиевта: «Президент шешетін нәрсені халықтың ортасына салып, тату-тәтті екі ұлттың арасын бұзбай, бір-біріне тіл тигізбей шешіңіздер, бұдан әрі оны асқындырмай», – деді.

Аудандық қоғамдық келісім орталығының жетекшісі Гүлжаһан Әликеева ішкі саясатта ұзақ жыл еңбек еткендігін, 40 жыл мемлекеттік қызметте болғандығын айта келіп, аудан атына байланысты қайта-қайта көтеріліп жатқан мәселенің түйіні шешілетін уақыттың жеткендігін, тарихи атауларды қайтару азаматтық парызымыз екендігін, оған ешкім наразылық танытып жатпағандығын айтып, ағалардың, жалпы сөйлеушілердің ойын тиісті орындарға жеткізулерін өтінді. Сүмбе ауылын басқарған, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы болған елағасы Мәлік Мерейімовке сөз кезегі келгенде, ауданның атын өзгерту екі ұлттың арасындағы татулықты сақтап қалу үшін керектігін және Ата Заңымыздағы бір тұлғаға немесе бір ұлтқа басымдылық берілмеуі керек деген баптың негізінде өзгеруі керектігін түсіндірді. Арлен Сеналұлының 4-5 шалдың сөзі дегенге жауап қайтарды. Бұл мүлдем қате түсінік, бұл барлық тұрғындардың пікірі, ойы екендігін, 4-5 шал мен 4-5 жұмыссыз жүрген еріккеннің ермегі еместігін нақты дәлелмен айтты. Ауданның бас имамы Бахтияр Ахметов қасиетті кітабымыз Құраннан мысалдар айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір ұлт, бір қоғам, бір мемлекет деп әркез таптап айтуының түп тамырына үңілдірді бір сәт. «Менің Отаным» деп жүректеріңізді жұлып беруге дайын болғанда ешқандай ұлысқа, этносқа қауіп келмейтіндігін, дастарқан басында бір әңгіме айтылып, былай шыққанда екіжүзділік танытсаңыздар оны Құдай көріп тұрады. Ондай пиғылдарыңыз жақсылықпен бітпейді, – деп әркімнің санасына жететіндей жағымды әңгіме айтты. Кәсіпкер Алимжан Ашимов ауданда 5000 гектар жерде абрикос бақтарының жайқалып тұрғандығын, жеміс-жидектің барлық түрі өсетіндігін, енді бәленбай гектар жерді қытайларға жалға беріп тастады деген әңгіме шығып жатқандығын, онда біздің шаруаларға обал болатындығын ескертті. Аудандық мәслихаттың депутаты Марғұлан Надырханов алдында айтылған әңгімелерге қосылатындығын айтса, Н.Исахметов атындағы орта мектебінің директоры Жеңіс Шәріпходжаев та көптеп бері қозғалып келе жатқан тақырыптың нүктесі қойылатын мезгілдің жеткендігін өз пайымымен түсіндірді.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрәкім Есжан қорытынды сөз айтты. Ауданның атына қатысты мәселенің жылдар бойы көтеріліп келе жатқандығын, 1935 жылы қаңтарда сол кездегі үкімет ешкімнен сұрамай-ақ ауданға ат бере салғандығын, енді тарихымызды жаңғырту үшін бүгінгі үкімет соны қайта қалпына келтіруі тиістігін айтты. «Арлен Сеналұлының 4-5 шалдың істеп отырғаны дегені өте дұрыс емес пікір, сол 4-5 шалдың арқасында жастарымыз көтерілмей, атқа мініп шаппай, сабыр сақтап отыр. Олар жастардан сөз естіп отырса да, мемлекеттің саясатына қарсы келмей, кейбір арандатушылардың әрекетіне ілеспей ағалық, аталық өнегелерін сақтап отырғандығын түсіндірді. Депутаттар неге шешпейді деп кейде бізге жұртшылық шүйлігеді. Біздің қолымыздағы дүние болса басқа әңгіме. Мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс. Мектептердегі тарих пәні оқулықтарын қайта жазып шығуды сұраған болар едік. Кеше ғана Ваитжан деген досым зейнетке шықты. Екеуміздің достығымыз бала кезден басталған. Сол досыма барып ізгі-тілегімді білдірдім. Жиналғандар ұйғыр мен қазақтың достығы осындай болуы керек деп таңданысты. Қарапайым халықта тұрған ештеңе жоқ. Бірақ қазақтың тарихын қайта оқыту керектігін ескертті. Қазақтың тарихын бізден гөрі жастар мықты біледі. Оған мысал өзімнің ұлым Мұраттың түсірген екі киносы. «Ұлт ұстазы» мен «Оян, қазақ». Қазақтың тарихын оқығысы келмегендер ең болмағанда осы фильмді көрулері керек. Сонда ойлары өзгерер бәлкім. Ауданның аты өзгеретін мезгіл жетті. Ал екінші үлкен мәселе – тоспа. Бұл мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама болып жүзеге асуы тиіс. Сонда ауданымыздың экономикасы бүгінгіден де арта түсері анық. Құжаттар екі жылда дайындалудың орнына бес жылға дейін созылып барады. Бұл да ауданымыз үшін өте күрделі тақырып болып тұр. Айтарым осы», – деп келген қонақтарға аманатын арқалатты.

Бүгінгі семинар-тренинг өзгешелеу, мәдениетті, салиқалы түрде өтті. Ешкім ойын бүгіп қалған жоқ. Медиаторлар естігендерін тиісті жерлеріне жететіндігіне сенім білдірді. Екі ұлттың арасында тек татулық, достық, бірлік болғанда ғана еліміздің өркендей түсетіндігі даусыз. Алауыздық, арандатушылық пиғылы бар адамдардың жетегінде кетпеу үшін осындай басқосулардың жиі болып тұрғаны да дұрыс шығар деп пайымдадық. Қазақстан деген бір шаңырақтың астында тұрып жатқан өзге этнос өкілдері «Менің отаным» деп мейірленгенде ғана достығымызға сызат түспек емес. Дастарқан басында Отанымыз біреу ғана деп әңгіме айтылғанда ғана келеңсіз әңгімелер белең алмақ емес. Бүгінгі басқосу осыған дәлел бола алды.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «Киелі мекен» акциясын бастады

Облыстағы аталған бағыт аясында Жамбыл ауданындағы «Жамбыл Жабаев» мұражайы, «Таңбалы» қор…