Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарынан республика деңгейінде қызылша ауруының асқынып кеткені туралы естіп, көріп жүрміз. Қызылша жұқпасының адам ағзасына келтіретін зардабы орасан. Ол – тез жұғатын ауру. Қызуы көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болып, көзі қызарып, тыныс ағзалары зақымданған кезде бірден дәрігерге көріну керек. Ауру тек науқас адамнан жұғады. Аурудың жасырын кезеңінің 2-ші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса, не егілмеген жағдайда, өзіне жұқтырады.
Жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммуноглобулин алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін.
Алғашқы белгілері: қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл (пятнистая) бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді. Сыртқы түріне қарағанда бұл бөртпелер «манна» түйіршігіне ұқсайды. Теріде қызылшаның бөртпелері пайда болғанда Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері кетіп қалады. Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі: бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Бөртпелер көлемі 2мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді, дегенмен әрбір бөртпелер арасында таза тері көрініп тұрады. 3-4 күннен кейін бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршықтар қалады. Қызылшаға көздің қызарып, қабынуы, ірің шығып, таңертең кірпіктерін ашудың қиындығы, мойын артында, қолтық бездерінің үлкеюі, ұстағанда ауырсынуы тән. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін. Қызылшаның асқынғанында ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Жұқпаның жеңіл түрінде, үй жағдайы қанағаттанарлық болғанда, яғни кішкентай нәресте, балалар болмағанда науқастар үйде емделеді.
Ауданда қызылшаның эпидемиологиялық жағдайы күрделеніп, алғашқы «қызылша» диагнозымен медициналық көмекке жүгінген науқастар саны 74 жағдайға жетті. Елді мекендер бойынша айтар болсақ Кіші Ақсу ауылында – 10, Шырын ауылында – 2, Аватта – 2, Шонжыда – 46, Бахарда – 5, Шошанайда – 2, Үлкен Диханда – 1, Үлкен Ақсуда –3, Актамда –1, Кетпенде – 1, Сүмбеде – 1.
Жас мөлшері де әрқилы 1 жасқа дейінгі балалар арасында 11 жағдай тіркелсе, 1-4 жас аралығында – 20, 5-9 жастағылар – 14, 10-14 жастағылар – 4, 15-19 жастағылар – 7, 20-29 жастағылар – 2 және 30 жастан асқан ересектер арасында аурудың 16 жағдайы тіркеліп отыр. Балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары, студенттер, тіпті медицина қызметкерлері, мұғалім, жұмыссыздар сырқатты жұқтырғандар болып отыр. Сондықтан аса сақтық танытып, ауруды жұқтырмаудың жолын қарастырыңыздар. Оның ең тиімді жолы – егу. Науқастар ішінде қызылшаға қарсы егулері жоқ балалар саны 39 болып отыр. Олардың ішінде қызылшаға қарсы егу алуға жасы жеткен, бірақ медициналық шектеу және егуден бас тартқан себебінен егу алмағандардың саны – 30, 1 жасқа толмай егу алмаған бала саны – 9. Қызылшаға қарсы вакцинация (1 жас) жоспары – 890, оның 796-сы егілген. Ревакцинация жоспары (6 жас) – 1001, оның ішінде 997 бала егілді. Ауруды асқындырып алмай дер кезінде дәрігерге көрініп, егу алсаңыздар жұқпадан аман боласыздар.
Исламжан АБДУВАЛИЕВ,
аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері