Біз жер жүзінде достық пен татулықтың символына айналған нағыз іргесі берік көп этносты елміз. Қазақтың киелі топырағына тағдырдың тәлкегімен көптеген этностар мен ұлыстардың қоныс аударғандығына тарих куә. Барлығына даласындай дархан құшағын жайып, баласындай ақ көңілін білдіріп, жылы бауырына басқан қазақ елі қонақжайлылығының арқасында бүгінгідей достығы жарасқан елге айналып шыға келді. Бүгінде біздің басты байлығымыз халықтардың достығы, ауызбіршілік, ынтымақ.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXІI сессиясының жұмысында бірлік пен татулықтың қаншалықты құнды екендігін нақты түсіндірді. Ол өз сөзінде: «Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн», –деп айқындады.
Ел Президентінің үнемі маңызды жиындар мен ел алдына шыққанда айтып отыратын татулық, тұрақтылық, ауызбіршілік деген ұғымдар шындығында біздің мемлеектіміз үшін орны бөлек түсінік ретінде қалыптасқан. Біздің ауданымыз да еліміздің татулығы мен ынтымағы жарасқан бір бқлшегі. Мұнда қазақ пен ұйғыр ауылы аралас, қойы қоралас бауырлас ел болып мекен етіп келеді. Біздің аудандағы этносаралық татулық пен тұрақтылықтың сақталуы жолында жергілікті атқарушы орган тарапынан аудандық ішкі саясат бөлімі және оған қарасты аудандық қоғамдық келісім орталығы айтарлықтай ауқымды әрі нәтижелі шаралар атқарып келеді. Аудандық ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, беделді зиялы қауым өкілдері арқылы жас буынды достық пен татулыққа және бауырмалдық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу бойынша да бірқатар жоспарлы шаралар атқарылып келеді. Ассамблея жастары Республикалық қоғамдық бірлестігі аясында әр ауылдық округтен белсенді жастарды тарта отырып, ассамблея жастарының аудандық құрылымы жасақталды. Аудандық ақсақалдар кеңесі және осы аудандық ассамблея жастарымен бірге тұрақтылық, қоғамдық келісім бағытындағы шаралар жүргізіліп келеді.
Қазақ берекелі шаңырақ, ал айналасына жиналған уықтар біздің елімізді мекен еткен әр алуан этностар. Шаңыраққа шаншылған уықтар күннен төгілген шуақ іспетті егіз ұғым болып көрінеді. Тарихтың өзі тоғыстырған тілі мен діні, салты мен ғұрпы әралуан халықтар мекен еткен киелі қазақ жері достықтың мекені. Әділетті Қазақстанның келешегі татулығы жарасқан елмен мәңгілік болғай!
Гүлжахан АЛИКЕЕВА,
аудандық қоғамдық келісім орталығының жетекшісі