Туыстық қарым-қатынасты сақтаудың мұсылман адам үшін мән-мағынасы өте үлкен. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – демекші, туған-туыспен жақсы қарым-қатынас жасаудың бір әулеттің ғана емес, жалпы қоғамдық бірліктің берік болуына ықпалы зор. Қазақ халқының: «Туысы бірдің – уысы бір», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді» – деуі де жайдан-жай айтылмаса керек.
Туыстар – бір түбірден өскен ағаштың бұталары тәрізді. Осы себепті де олардың арасында береке мен бірліктің болуы, өзара татулық пен мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасауы аса маңызды іс. Туыстарына ізгілік етпеген адамның өзгелерге мейірбан болуы екіталай. Қазақ халқы туысқанды өзін ойлағандай ойлау, оның арын өз арын қорғағандай қорғау, қуанышы мен қайғысына ортақтасу, тарыққанда сұратпай қол ұшын беру сияқты істерге аса мән берген. Кезінде Сары би деген ақылгөй ақсақал бала Сырымға: «Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, ең алдымен беделді, сыйлы боласың. Егер ол сөзді ұмытсаң, халық сенің маңайыңа жоламай аулақ қашады», – деген екен. Сонда Сырым ақсақалдың ұлы сөз дегеніне қызығып: «Ол қандай сөз ата, айтыңызшы», – дейді. Сары би осы кезде: «Арлы-ұжданды бол, елге деген парызыңды ұмытпа, намысыңды жастан сақта, халқыңды алалама, жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама!» – деп өсиет айтады. Міне, осы сөзді Сырым шешен қартайған шағына дейін есіне сақтап жүрген екен. Осы айтылған сөздегі «Жақыныңды жаралама, қалысыңды қаралама» деген өсиеттер бауырмалдыққа, ағайындыққа шақырып, туыстықты үзуден, олардың арасын бөлуден сақтандырған. Осындай ұлы сөздерді бойына сіңіріп өскен халқымыз қанша тарихи зорбалаңдардан өтсе де, әрқашан әулет арасындағы береке-бірлікті сақтауға тырысқан.
Жалпы туыстық қарым-қатынасты сақтау мәселесінде адамдар үш түрлі болады:
Бірінші, туыстық қатынасты сақтап әрі оларға жақсылық жасаушы адамдар.
Хадисте ондай адамдар – «әл-уасилу» (туыстық байланысты сақтаушы) деп аталған. Мұндай адам туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана сыйласу емес, туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасын бірінші болып түзеп, оларға жақсылық жасай біледі.
Екінші, туыстық қатынасты үзушілер ондай адамдар хадисте – «әл-қатиғу» (үзуші) деп аталған.Бұл атау туыстық қатынасты сақтамайтын, олармен араласпайтын, қиналғанда жанынан табылмайтын адамдарға қатысты айтылады. Туыстық қатынасты сақтаған адамды Алла Тағала қияметте шексіз сауапқа бөлеп, бұл дүниеде ризығын мойлайтып, өмір жасын ұзартады.
Үшінші, жоғарыда айтылған екі дәреженің ортасындағы адамдар.
Мұндай адамдар туыстарына жақсылық та жасамайды, жаманшылығын да тигізбейді. Сыйласқанымен ғана сыйласады, араласпағандарымен араласпайды, оларды арнайы іздемейді.
Осылардың ішінде мұсылман адам бірінші санаттағы, яғни туыстық қатынасты сақтаушылардан болып, екінші мен үшінші санаттағылардан болудан сақтануы қажет.
Ауыл арасындағы той-томалақтан бастап, айшылық жерлердегі тумаларымыздың өлім-жітімінде де ағайынгершілікпен атқарар салт-дәстүрлеріміз көптеп кездеседі. Біздің атқарып жүрген ағайынаралық сан түрлі тамаша дәстүрлерімізді «Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деп бір ауыз сөзбен ғана бекіткен елміз. Осылайша біздер Алланың бұлжымас заңдылығы туыс-туғанмен қарым қатынасты үзбеуді өмірлік ұстанымызға айналдырған халықпыз.
Туыс адамдар той-томалақ, қуанышты сәттерде ортақтасу, қиындық кезінде көмек қолын созу, ауырып қалса қал-жағдайын сұрап бару, ақыл-кеңеске мұқтаж болса, ақыл қосу сияқты істерде бір-біріне жәрдемші болулары тиіс.
Ағайын-туыстық ақысын ойлайтын адам, әсіресе қиналған уақыттарында олардың қасынан бірінші болып табылуға тырысуы қажет. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» делінген аталы сөзден осыны ұғынамыз. Туыс адам үшін жұмсалған қаражат шығын емес, қияметтік сауап деп танылады.
Бахтияр АХМЕТОВ,
ауданның бас имамы