Қазіргі таңда еліміздің ертеңі деп сенім артатын өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлетін заманның уақыты келіп жеткендей. Себебі болашақтың айнасы тәрбиенің мықтылығы, білімнің тереңдігімен өлшенеді. Ал сол болашақтың негізін қалыптастырушы, тұңғыш мектеп баспалдағы ол – балабақша. Балабақша еліміздің мәртебесін асқақтатар ұрпақты тәрбиелейтін киелі ұя.
Сондай киелі ұяның бірі ауданымыздағы Қырғызсай ауылындағы Нұргүл Тұрсынқызының бастамасымен ашылған – «Н-Жанұя» балабақшасы. «Н-Жанұя» балабақшасы өз жұмысын 2020 жылдан бастады. Ауылдағы сәбилердің салиқалы да білімді ұрпақ болуы үшін қызмет етуде. Балабақша алғаш ашылған жылы бір топ қана болса, жұмыстың қарқынды жүруімен, ата-аналардың сұранысы бойынша екінші топ ашылып, бүгінгі таңда елу бала тәрбиелеуде. Бұл ең алдымен балабақшаның ұйытқысы, ізденімпаз іскер басшы Нұргүл Тұрсынқызының білімділігі мен біліктілігінің, екіншіден балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеп, тұлға қалыптастыруда тер төгіп жүрген ұжымның қажырлы еңбегінің арқасы дей аламыз. Нұргүл Турдалиева өте талапшыл, принципшіл басшы. Алдына қойған мақсатына жету үшін кез келген кедергілерді жеңе алатын рухты жан. Намысы мен жігері бір төбе. Келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, қабілеттерін арттыра түсуіне балабақша қызметкерлері жаңа әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жұмыстарын атқаруда. Бүгінгі баланың талабы биік, талғамы жоғары. Біздің балабақшаның заманға сай жабдықталуы, көрнекіліктердің уақыт талабына қарай безендірілуі бізді қуантады. Балабақша өз жұмысын бастағалы аз уақыт өтсе де «Жаңа технологияларды пайдалана отырып, мектеп жасына дейінгі балалардың ойын және білім деңгейін дамыту» атты тақырыпта ашық есік күнін өткізіп, өз іс тәжірибелерімен бөлісіп үлгерді. Басқаларға үлгі болатындай жетістігіміз маңдай тер, қажырлы еңбегіміздің көрінісі. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» – деп ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы айтпақшы «Н-Жанұя» балабақшасы да, келешекке жол сілтер бақытты балалық шақ баспалдағын қалауда, елдің өркендеуіне тамшыдай болса да өз үлестерін қосуда. Балабақшаның мақсаты – отбасы мен балабақша тәрбиесін ұштастыра отырып бүлдіршіндерді адамгершілікке баулу, рухты, ұлтжанды, заманауи жас заман балдырғанын тәрбиелеу. Бұл бағыттағы ұстанымыз әзірше жақсы нәтижесін беріп отыр. Баланың бойына, санасына өз ұлтын, өз Отанын сүю деген сезімдерді ұялата алсақ, онда біздің еңбегіміздің еш кетпегені. Бала – біздің бауыр етіміз, бақытты келешегіміз. Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, ұлт тәрбиесін алған салиқалы ұрпақ мың жасайды.
Сөзімнің аяғын Мағжан Жұмабаевтың: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр.
Перизат СЕМБЕКҚЫЗЫ
ҚЫРҒЫЗСАЙ