Басты бет Спорт Саламатты сенбі

Саламатты сенбі

0
1,535

Әр мезгіл өзіндік ерекшеліктерімен адамды сүйсіндіреді және өмірге деген көзқарасының түрлі қырынан өзгеруіне себепші болады. Соның ішінде қыс мезгілі қатал ауа-райымен, ақ ұлпа қарымен, көздің жауын алар сұлу табиғатымен өз алдына ерекше. Ауылдағы ескі үйдің ауласында қалған баяғы бала күнгі қыс мезгілі өзінің қызықтарымен жүрегіміздің бір бұрышында қалып қойған. Авата ауылында күні кеше өткізілген қысқы спорт ойындарынан сайыс сол бала күнгі тамаша қыстың бір жайдары күнін еске салғандай болды.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, сондай-ақ жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған қысқы спорт ойындарынан эстафеталық жарыс өткізілді. Ауылдың өр жағындағы таудың қансонар беткейі мен қысқы таза ауасы нағыз шаңғы теуіп, шана ойнауға, бой жазып, демалыс күнді белсенді өткізуге мүмкіндік берді. Ауданның ауылдарынан жиналған жас шаңғышылар мен спортсүйер қауым шараға белсене атсалысты. Жарыстың ашылу кезеңін аудан әкімінің орынбасары К.Багбаев өз сөзімен бастап, спорттың адам өмірі үшін маңызы мен орасан зор пайдасын айта келе, пайдалы шараның басына жиналған барша спортшыларға сәттілік тіледі. Шараға арнайы келген облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мақсат Кеңесов та сайыстың ерекшелігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға және жиналған тұрғындарға алғысын жеткізді. Іс-шараға қонақ ретінде жеңіл атлетикадан КСРО чемпионы Ушуров Армия ақсақал мен «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы және ауданның спорт саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте еңбек еткен Хетахунов Турсунов сынды ел ағалары да төбе көрсетті. Аудан мақтанышы Армия ақсақал жасы жүзге жуықтаса да жас кезіндегі спортпен шұғылданған күндердің кәрілікке азық болғанын жас буынға өз сөзінде айтып жеткізді. Патриоттық әндер шырқалып, қатысушыларды рухтандырған шараның ашылу кезеңінен кейін спорттық ойындар кезек кезегімен өткізіліп отырды. Шаңғы тебуден жас ерекшеліктеріне бөлінген топтар өзара бақ сынасты. Отбасылық топтық ойындардан баласын шанаға отырғызған әкелердің жарысы көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады. Онымен қоса арқан тарту, гір тасын көтеру сынды спорттық ойындардан қатысушылар өз бақтарын сынады. Жалпы аптаның бұл сенбісі ақпанның жаймашуақ күнімен тұспа-тұс келіп, салауатты өмір салтын сүйетін жандардың белсенді уақыт өткізуіне себепші болды.

Адамзаттың бірінші байлығы денсаулық екендігі ерте заманнан-ақ белгілі. Ал сол бірінші байлықтың кепілі – спорт екендігі де даусыз. Зиянды әдеттерден аулақ болу, үнемі қозғалыста болу, таза ауамен тыныстау, ерте тұру, спортпен шұғылдану деген сияқты өмірлік ұстанымдар мен дұрыс көзқарастар нағыз салауатты өмір салтын қолдайтын адамның кетіп бара жатқан дұрыс және айқын бағыты.

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ САЙЫСҚА ТҮСТІ

   Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында «Алматы облысының оқу-ағарту жән…