Еңбекшіқазақ ауданындағы Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейі облыс орталығынан шалғай, алып империя Қытай мемлекетімен шекаралас жатқан Қалжат ауылында халықаралық зергерлер күніне орай «Зергерлік өнері – ұрпаққа мұра» атты көрме мен шеберлік сағатын өткізді. Шара «Ағаштан түйін түйген» хас шеберлердің ауыл тұрғындарына ХІХ, ХХ ғасырлардағы жәдігерлерді таныстыруымен, қолдан жасалған ағаш, қайыс бұйымдарының жасалу әдістерін көрсетуімен ерекшеленді.
Көшпелі көрме ауылдық мәдениет үйінде болды. Ғажайып дүниелерді тамашалау үшін Қалжат ауылының жас, кәрісі түгелдей жиналған. Сонымен қатар аудандық, ауылдық мәдениет мекемелерінің де қызметкерлері аталмыш шараның қасынан табылды. Әсіресе жергілікті тұрғындарды этнограф-ғалым Дәркембай Шоқпарұлының туындылары таңғалдырды.
Осыдан отыз жылға жуық бұрын Еңбекшіқазақ ауданындағы Ақши ауылынан орын тепкен, алғашында шағын ғана ұстахана болып басталған шеберхана ауқымы кеңейе келе «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайына» айналған болатын. Бүгінде сол музейдің іргесін қалаған қазақтың тума таланты, қолөнер ісінің көркем шебері, зергер-ұста Дәркембай Шоқпарұлының инемен құдық қазғандай жан-жақтан терімдеп жинаған құнды жәдігерлері, өз қолымен жасаған бұйымдары еліміздің бағалы қазынасына айналған. Ол өзі іргетасын қалаған шеберханадан талай шәкірт түлеп ұшты. Олар қолөнер ісінің хас шебері Дәркембай ұста ісін жалғап келеді. Солардың қатарында ұстаның ұлы Дәулет Шоқпаров та бар. Ол шара барысында бүгінде музей қорында 2500-ден астам өнер туындылары мен құнды жәдігерлер сақталғанын айтты. Дәл осы Қалжат ауылының тұрғыны Дилярам Ибрагимовадан үлкен аталарынан қалған астауды көріп, музей қорына аттай қалап алғанын да айтып өтті. Әр ауылдағы көшпелі көрмелердің бір мақсаты да осы – құнды дүниелерді жинастыру. Дәулет Дәркембайұлы талай отбасында небір замандардан келе жатқан қолөнер бұйымдарының бар екеніне сенімді. «Ол қазақ халқының баға жетпес қазынасы болуы мүмкін. Сондықтан біздің мақсатымыз – ол ұлттық құндылықтарды ұрпаққа ұлағат ету», – деді Дәулет Шоқпаров.
Қалжаттықтарға музей қызметкерлері 20-дан астам тарихи жәдігерлерді таныстырды. Олардың ішінде көшпелілердің самаурыны, ат әбзелдерінен ер тоқым, қамшының бірнеше түрі, сонымен қатар музей шеберлерінің қолынан шыққан қайыстан, саз балшықтан, ағаштан жасалған бұйымдар көрме көрушілерінің таңдайын қақтырып, шеберліктің құдіретіне еріксіз бас идірді. Сондай-ақ шеберлік сағатында қыш шебері Жанболат Нұрданбектің, ағаш шебері Мәди Тілепбергеннің, теріден көз жауын алар түрлі дүниелерді әп-сәтте жасап отырған Ринат Мүлікбаев пен Дәулетбек Абдыкайымовтардың дарынына тәнті болмау мүмкін емес еді.
Іс-шара барысында Қалжат ауылының әкімі Алимжан Заитов, аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхаметова, ауылдың жігітбасы Махмут Турдиевтар алыстан ат арылтып, осындай қасиетті өнердің туын желбіретіп, бабалар мұрасын ұрпаққа аманаттасақ деп жүрген ұлы өнердің өкілдеріне алғыстарын білдірді. Бұл шараның маңызы мен мазмұны терең екенін, халықтың руани кемелденуіне септігін тигізетінін айтты. Ал ауыл ақсақалы Сламғожа атамыз болса Жаратушының берген талантын тастамай, қиындығы мол қолөнердің құдіретін терең ұғынып, дала даналарының өнегесін өзгеге жеткізуде тер төгіп жүрген шеберлердің істерін батырлықпен теңеді. Бір кездері осы Қалжат ауылында да он саусағынан өнер тамған шеберлердің болғанын, солардың бірі кезінде мұхиттың арғы беті Американы таңғалдырған Оразбай Мейірбек атамыз екенін, соларды бүгінгі жастардың біле бермейтінін жеткізді. Өз үйінде де 1932 жылы жасалған ожауды отбасылық жәдігер санап, балаларына аманаттап отырғанын да айтып өтті.
Иә, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді бабаларымыз. Ұлы өнерді дәріптеуші Дәркембай ұста атындағы музейдің бұл күнгі шеберлік сағаты жоғары деңгейде өтті. Жиналған көпшіліктің санасынан саңылау тауып, бабалар салған сара жолдың даралыған ұғындыра алғанына біз сенімдіміз. Осындай игі істер әлі де жалғасын табарына сеніміміз мол.
АНАР ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ