Басты бет Көкжиек Тәрбиенің негізі – ұлттық құндылықта

Тәрбиенің негізі – ұлттық құндылықта

0
829

Бұл күнгі шара бұрынғы шарадан өзгерек болды. «Бала бойына ұлттық тәрбиені сіңіре отырып, сапалы білім берудің негізі». Сүмбе орта мектебіндегі ашық есік күнінің тақырыбы дәл осындай. Ұлттық тәрбие, ол  салтымыз бен санамыз, ғұрпымыз бен дәстүріміз, тарихымыз бен танымымызда жатыр. Ұ стаздар қауымы мен сырттан келген қонақтардың барлығы ұлттық киімдер киген. Мектеп фойесінің кіре берісінде қазақ үй, ішінде ұлттық тағамдардан жайылған дастарқан. Бәрі де көз жауын алады.

Соңғы уақыттарда аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес барлық мектептерде ашық есік күндерін өткізу қолға алынған болатын. Бір-бірімен тәжірибе алмасуға, әр мектептің білім берудегі ерекшеліктерін, озық жобаларын үйрету мақсатында қолға алынған шара шынымен білім мекемелеріне үлкен серпіліс әкелгендей болды.

Әуелі келген қонақтар «Арифмос», «Зерттеуші эколог», «3D стенд», «Мектеп театры», «Жас физик», «Sumbe school bloggers» клубтарының жұмысымен танысты. Танысып қана қоймады таңданысты. Әсіресе «Жас физик» клубындағы оқушылардың қолдан жасаған субұрқағы, экскаваторы, математикалық 3D кітабы ерекше болды. «Мектеп театры» клубының жұмысын қорғаған Ақниет Әбіш болса келген қонақтарды бір сәт театр әлеміне апарып әкелді. Қара өлеңнің құдіретін сезіндірді. Тіпті әуелете шырқаған әніне қонақтар да қосыла кетті. Сондай-ақ «Арифмос», «Зерттеуші эколог», «3D стенд», Sumbe school bloggers» клубтарының жетістіктерімен таныстырған әр шәкірттің жүзінен сенімділік пен болашаққа деген нық қадамды аңғаруға болады.

Әрмен қарай келушілер «Зергер», «Лингвист», «Шежіре», «Алгорифм», «Глобус», «Бастау», «Өнер», «Шымыра» пән бірлестіктерінің өрмелерімен таныстырды. Мектеп директоры Құралай Доғалова осыдан біраз уақыт бұрын мектепке бес жас маманды алғанын, солардың бесеуі де бүгінде аудан, облыс деңгейінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргендігін айтып марқайды. Сондай үздіктердің үздігі атанып жүрген жас мамандар математик  Айдана Илесова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Саян Тастанов, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әкежан Өмірзақтар өз жұмыстарын таныстырды. Жастардың жалыны мен жігері тасып тұрады емес пе? Жеткен жетістіктері де, бағындырған биіктері де ұшан-теңіз. Әрине, мұндай білікті ұстаздан білімді шәкірттің шығары даусыз.

Бүгінде әскер қатарына сарбаз таппай сабылатын деңгейге жеттік. Азаматтық борышын өтеуді жөн көретін, сарбаз болып, қару асынып, әскери өмірді сезінуге құлшынысы жоқ жас жеткіншектерді көп кездестіреміз. Мұндайда елімізді дау, жерімізді жау баспасын деп жанын берген батыр бабалардың ұрпағының осындай тәуелсіздіктің тізгінін ұстаған тұста ұсақталып бара жатқанына қынжыласың. Міне, осындай олқылықтардың алдын алу үшін әр мектептегі алғашқы әскери дайындық пәндерінің жоғары деңгейде болуы қамтамасыз етіліп, мектеп жасындағы жасөспірімдердің санасына патриоттық рух жастайынан сіңірілуі қажет. Сол мақсатта істеліп жатқан жұмыстарды  мектептің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары өз оқу-жаттығулары арқылы көрсетті.

Мектептің спорт залында әрбір мектептен келген қонақтар ұлттық ойын ойнап мәре-сәре болды. Арқан тарту, нысанаға көздеу сынынан бақ сынасты. Жеңіс пен жеңілістің дәмін қатар татқандар да дән риза болды.

Ашық есік күнінің жалғасы мектептің акт залында өткен салтанатты шарамен жалғасты. Қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихынан ықшамдалған көрініс қойып, кешегі алапат замандар мен тар жол тайғақ кешу кездеріне бір сәт бәрімізді алып барды. Оқушылардың әр көріністі, әр кейіпкерді жанын сала сомдағанын бабалары бастан кешкен қиын-қыстау заманды жан жүректерімен сезінгендігі деп ұғындық.

Мектеп директоры Құралай Доғалова «Білгір басшы – білікті ұстаз» тақырыбындағы баяндамасын оқып, мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. «Педагогтің кәсіби тұлғалық құзыреттілігін анықтай отырып, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін   іске асырудың тетіктерін анықтау» басты мақсаттары екенін айтқан мектеп басшысы дарынды оқушылармен жұмыс, мектеп мұғалімдері мен оқушылардың жетістікке жетуі жолындағы шаралар жайында баяндады.

Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев, Алматы облысының құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов, Ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Арлен Османовтар сөз сөйлеп, бұл шараның ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудегі рөлінің зор екенін айтты. Ызғарбек Бектұрсынұлы бүгінгі  қоғамның масылдыққа қарай бет бұрып бара жатқанында мектептегі ұстаздардың оқушыларды еңбекке, тәртіпке, білімге үндеуі жанқиярлықпен өлшенетінін айтып, қоғамды тәртіпке келтіретін тәртіпті азаматтар екенін жеткізді.

Рух пен жігерді жалын аттырған шараның мәресі де әсерлі болды. Ең бастысы артымызда ерген білімді шәкірт, талапты жас ұрпақ өсіп келе жатқанын аңғардық. Көңіліміз марқайды. Тарихты таныған, болашаққа нық қадам жасаған шәкірттердің ертеңінің еңселі болуы ұстаздар қауымына тікелей байланысты. Осы үдеден шыға алып отырған Сүмбе орта мектебінің ұстаздар қауымына бала тәрбиесіндегі еселі еңбектеріне тек табыс тілеп қайттық.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…