Басты бет Денсаулық Мақсатына жетелеген мамандық

Мақсатына жетелеген мамандық

0
778

Бас ауырып, балтыр сыздаса барар жеріміз аурухана. Жанымызды қоярға жер таппай жатқанда дертіңе дауа болатын, сырқатыңа ем қондыратын дәрігерге жүгінетіндігіміз өмірдің айнымас заңдылығы. Осы заңдылыққа сәйкес тіршілік атаулымен бірге пайда болып, өркениетпен бірге бірге өркендеп келе жатқан дәрігер дейтін мамандық бар. Адам жанының арашасы болатын антына адал, ісіне жауапты осы бір мамандық иелері қоғамның қай кезінде болмасын үздіксіз сұранысқа ие болып тұратындығы айқын. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда да, бетін аулақ қылсын, сұрапыл соғыс жылдарында да дәрігердің рөлі маңыздылықтан мызғыған емес. Әсіресе күні кеше ғана әлемге азуын батырып, барлығымызды әбігерге салып, мыңдаған адамның өмірін жалмаған «Тәж тажал» қара бұлтын төндірген кезеңде нағыз бейбіт күннің батыры осы дәрігерлер болғандығына көзіміз анық жетті. Өзгенің өміріне араша болам деп өз өмірін қатерге тігіп, отбасы мен жақындарын айлап, апталап көрмей, берген антына адалдық танытып, тынымсыз еңбек еткен де дәл осы дәрігерлер еді. Біз ауданымыздың да осындай қиын-қыстау кезеңдерде өмір мен өлімнің арасында арпалысқан аудан тұрғындарының да жанына араша болған дәрігерлерін де шынайы мақтан тұта білуіміз керек. Қазіргі таңда аудандық орталық ауруханада өзінің өнеге боларлықтай еңбек жолын салып келе жатқан білікті дәрігерлер жоқ емес. Соның бірегейі – бүгінгі айтылар әңгімеміздің арқауы аудандық орталық аурухананың рентгенолог дәрігері Билібаев Ғабит Жанұзақұлы.

Біріміз дертімізге шипа сұрап, біріміз жұмысқа қабылдану үшін, біріміз оқуға түсу үшін құжатымызды құшақтап алдынан талай өткен де шығармыз. Сондықтан кейіпкеріміз көпшілікке бөтен емес. Алайда осындай нағыз өз ісінің шебері бола білген  білікті мамандардың біздің ортамызда жүргендігін өздеріңізге арнайы осы тақырыпты тарқата отырып, жақынырақ таныстыруды жөн көрдік.  Ғабит Жанұзақұлы 1981  жылдың 12 шілдесінде Сүмбе ауылында дүниеге келген. «Әке көрген оқ жонар» дегеннің нағыз дәлелі, ол әкесінің жолын қуып, медицина саласына табан тіреп, білікті дәрігер болуды бала кезінен армандады. Әкесі Билібаев Жанұзақ өмірінің тең жартысын медицина саласына арнап, дүйім жұрттың алғысын арқалаған жан екен. Сондықтан осындай әкенің тәрбиесін алған ұл да ауылдың мектебін үздік оқып, арманын арқалап алып шахарға келіп, Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түседі. Өмірлік мақсатына жетелеген Дәрігер-терапевт мамандығы бойынша жоғарғы білім алып шыққан соң алғашқы еңбек жолын аудандық аурухананың іргесінен бастап, аздаған тәжірибесін жинап, 2005 жылы өзінің туған ауылы Сүмбе ауылдық ауруханасында терапевт дәрігер болып қызметін жалғастырады. Тынымсыз еңбек пен мамандығына деген құрметтің, қызметіне деген сүйіспеншіліктің арқасында 2012 жылға дейін Сүмбе ауылдық ауруханасының бас дәрігері қызметіне дейін ілгерілеп, басшылық жұмысты да атқарып келді. Әңгіме барысында дәрігерліктің алғашқы жылдарында марқұм Ақжолтай ағаның шәкірті болғандығын мақтана да марқая да еске ала отырды. 2013 жылдан бастап 2 жыл бойы Алматы қаласындағы №2 қалалық емханада рентгенолог, УЗИ дәрігері болып қызмет етіп, шеберлігін шыңдай түскен. 2015 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде Қырғызсай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі қызметін атқарып, 2018 жылдан бастап, аудандық орталық аурухананың рентгенолог дәрігері лауазымына табан тіреген. Осы күнге дейін өзіне жүктелген лауазымдық міндет пен ел алдындағы аманатын және дәрігерлік антына дақ түсірмей жұмысын  абыроймен атқарып келеді. Кейіпкерімізбен әңгіме барысында ақжолтай жаңалықпен аудан тұрғындарын сүйіншілегендігін де айта кетейік. Аз уақыт ішінде бүгінгі медицина саласындағы ең сұранысқа ие болып отырған құны 560 миллион теңгеден асып жығылатын компьютерлік томография  аппаратының  біздің аудандық орталық ауруханаға  қойылатындығын естіп бір қуанып алдық. Аудандық орталық аурухананың қазіргі басшысы Айдын Молдашұлының бұл жетістік  үшін телегей тер төккендігін біз де, біздің кейіпкер де айта кетпесек болмас деп шештік. Ғабит Жанұзақұлы аталмыш медициналық аппараттың қыр-сырын толық меңгеріп, оның көмегіне мұқтаж болған жандарды арнайы аппаратқа түсіру үшін алдағы уақытта қызмет ететіндігі тағы бір жақсы жаңалық болды.

Халықтың өзі бағалап кеткен бірінші байлығымыз басымыздан кетпесін деп тілейік, алайда сіз бен біздің қай-қайсымыз болмасын күндердің бір күнінде сол дәрігердің көмегіне мұқтаж болып қалуымыз әбден мүмкін. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде болатындығы басқасын айтпағанда тұмауратқанның өзінде-ақ шынайы сезінесің. Осындайда адам жанының арашасы болып жүрген абзал жандардың, білікті дәрігерлердің қатары азаймасын!

Жадыра Жақсылықова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр

Алматы облысында АИТВ инфекциясын емдеу бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Бұл ту…