Басты бет Ақпарат ағыны БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ЕНГІЗІЛЕДІ

БІРЫҢҒАЙ УАҚЫТ БЕЛДЕУІ ЕНГІЗІЛЕДІ

0
650

Көктемнің алғашқы күні кірісімен елімізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілмек. Иә, енді елдің барлық аймағындағы тұрғындар бірдей уақытпен өмір сүреді. Нақтырақ айтқанда, UTC+6 сағаттық бел­­деу­дегі Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары уақытты бір сағат артқа жылжытады. Тиісінше, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында бұрынғы сағаттық белдеу сақталады. Бұл мәселеде жалпы халықтың пікірі екіге жарылғанын айта кетуге болар. Ұйқымыз қанбайтын болды, балалар сабаққа ерте бара алмайтын жағдайлар кездесуі мүмкін деген топтың пікіріне керісінше өте ыңғайлы, денсаулыққа тиімді, ерте тұрған адам сергек жүреді деген ойлар да айтылуда. Ал ғалымдар наурыз айының бірінен бастап бірыңғай белдеуге өткеніміздің көптеген тиімді жақтарын желеу етуде.

Бүгінге дейін қордаланған мәселені ғалымдар ой таразысына салып, уақыт бел­­­деуінің қа­лып­­тан тыс өзгеруі биологиялық ритмнің бұ­­­­зылуына алып келетінін айтып дабыл қақ­­­қан еді. Әлем тарихының қой­­­науына үңілсек 1859 жылдары күллі жер ша­­­рын біртұтас жүйеге енгізу туралы алғашқы идеялар ортаға са­лын­ды. 1870-1871 жыл­дары барлық мемлекет үшін бір нөл­дік меридианды таңдау мәселесі талқы­ланды. Дәл сол тұста Гринвич жүйесінің ыңғайлы тұстары айтыла бастады. Дерекөздерге сүйенсек, ашық судағы кемелердің көп­­­шілігі осы жүйені қолданған деседі. Нә­­­­тижесінде 1884 жылы қазан айында 25 мем­­­­­­­­­­ле­кеттің өкілдері АҚШ-тың Ва­­­шинг­­­тон қаласында кездесіп, әлемге Гринвич жүйесін ен­гізді. Қазір біз қолданатын UTC+5 және UTC+6 сағаттық белдеуі де аталған жүйеге негізделген.

1930 жылы Кеңес Одағы тұсында Сталин­нің жарлығымен уақыт 1 сағат ілгері жылжы­­тылды. Уақыт белдеуін өзгертуге табиғи жа­рықты тиімді пайдалану, сондай-ақ электр энер­­гиясын үнемдеу мәселесі себеп болған. Мамандар елімізде наурыз айынан бастау алатын бірыңғай уақыт белдеуінің тиімді тұсы көп екенін алға тартады.  Табиғаттағы барлық құбылыс пен болып жатқан өзгерістер ырғақты. Бір уақытта күн шығады, бір уақытта күн батады. Бұл – күн­де­лікті қайталанатын процесс. Қазақстанның жер аумағы үлкен. Кезінде Кеңес Одағы тұ­­­сында геофизиктердің талқылауының нәтижесінде уақыт белдеуі төртке бөлінген. Ал 1930 жылы «уақыт декреті» қабылданды. Сол ше­шім­нен кейін біздің сағаттық белдеуіміз таби­ғи уақыттан бір сағат алға озып кетті. Маман­дар бір сағатты алға жылжытқанда орта есеп­­­­­пен уақыт біркелкі болып тұрады деген пікірді ұстанды. Бұл – әлеуметтік көз­қарас. Ал әлеуметтік фактор – объективті­­лікке жатпай­ды. Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, 2014 жылы Ресей декреттік уақыттан бас тар­тып, қайтадан 1 сағатты қайтарып алған. Осы қа­дам­нан кейін елде уақыт өз қалпына келе бастаған көрінеді.

– Уақыт белдеуі ауысқанда солтүстіктен оңтүстікке қарағанда, батыс пен шығысқа қара­ғанда айырмашылық жарты сағат болады. Кейбірі «біз ұйқыға ерте жатып, ерте тұрамыз» деп наразы болып жатады. Түптеп келгенде, мұның барлығы табиғи уақыттан ауытқып, әлеуметтік уақытты пайдаланып отырғаны­мыздың себебі. Хронобиология, хрономеди­цина тілімен айтқанда, «десин­­­хроноз». Бұл – ырғақтың шайқатылуы. Мұн­­дай жағдай адам денсаулығының нашар­лауына, психология­­сына кері әсер етеді. Белгілі бір істі атқаруға де­ген ынтасы тө­­­мендейді. Заңдылық бойынша барлық қо­­­ғамдық ырғақты процесс табиғидан шығып тұру керек. Ғалымдардың айтуынша табиғи ырғақпен өмір сүру – ұзақ ғұмыр кешудің басты «формуласы» екен.

Ерте жатып, ерте тұру қандай жақ­сы. Бұрын ата-балаларымыздың кезінде өмір сүру қан­шалықты қиын болса да, ұзақ өмір сүретіндер көп болған. Себебі біз табиғаттың ырғағымен жүрген едік. Олар табиғатқа жақын болды. Жастың ұзақ болуы – осының арқасы деген пікірді де ғалымдар айтып жатыр. Ол замандардағы адамдар табиғатпен тығыз байланыста, ешқандай ғаламтор, ұялы телефон, смарттеледидарсыз өмір сүргендерін де ескерген дұрыс болар.

Біз мәселені табиғи уақытқа сәйкестен­­дірсек, физикалық, психикалық денсау­­­лық­­тың қорғалуына ғана емес, экономика, қауіп­сіздік, еңбекке қабілеттілік пен өмір сүру ұзақты­ғының артуына, тіпті жол-көлік оқи­­ғаларының төмендеуіне, қоғамдық, от­басылық қаты­настарға, мінез-құлықтың өз­геруіне тек оң әсер етеді. Мұның әрқай­­­сы­сына әлем ғылым­дары зерттеулерінің нақты ғы­­лыми дәлелдері бар. Мысалы, 2018 жылы Қызылорда облы­сында уақытты бір сағат өзгерткеннен ешқан­дай қиындық бола қой­­­ған жоқ. Бірінші күні-ақ балалар «ұйқыдан өзіміз тұрдық» деп мек­­тептеріне барған.

Мәселен, Қытайдың жер көлемі бізден едәуір үлкен болса да, UTC+8 сағаттық белдеумен жүрсе де халқы бір уақыт белдеуімен өмір сүреді. Ал Қытайдың даму процесін, алға жылжып кеткенін бәріміз жақсы білеміз.

Адамзат өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған уақыт белдеуі мәселесін реттеу ісін Сауда және интеграция министрлігі жанынан құрылған арнайы топ пысықтаған еді. Жалпы саны 60-тан астам мүше қатысқан топта Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғылыми институттар, медициналық жоғары оқу орындары маман­дары, орталық және жергілікті орган өкілдері бар. Көктемнің алғашқы күнінен бастап бірыңғай уақыт белдеуіне өтеміз. Одан өміріміз өзгере қоймас. Өзіміз үйренген ырғақпен, қалыптасқан салтымызбен әрі қарай тіршілігімізді жалғастырамыз. Ғалымдарымыздың еңбегі жанып, тұрғындардың денсаулығына оң әсерін тигізеді деген сенімімізге селкеу түсе қоймас.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысы әкімінің «Заңғар-2024» жастар сыйлығына өтінім қабылдау басталды

Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы “Заңғар-2024”жастар сыйлығ…