Заман өзгерістері, әлде әлеуметтік, тұрмыстық жағдайымыздың түзелгені болар қазір әр аулада бірден емес бірнешеден көлік тұрады. Олар әртүрлі маркалы. Арзаны да, қымбаты да бар. Енді сол көліктің иелері жол жүрісі ережелерін бұзбай, өз өмірлерін қатерге тікпей, белгіленген тәртіп аясынан шықпаса қайғылы оқиғалар да азаяр еді.
Қыстық көзі қырауда жол-көлік оқиғалары көбейіп, оның ақыры адам өліміне әкеліп жатқандығын күнделікті ақпарат құралдары арқылы біліп, көріп отырмыз. Алысқа бармай-ақ өзіміздің ауданда да күн сайын болмаса да аптасына бір рет жол апаты туралы хабарды еститін болдық. Төтенше жағдай қызметінің алдын ала ескертулеріне қарамастан, шынын айтсақ қаперімізге ілместен кейде ақ қар, көк мұзда жолға, сапарға шығып жатамыз. Жұмыс бабы немесе басқа да аса қажеттілік болғандықтан баратын болармыз. Дей тұрғанмен жолда ең алдымен өзіңіздің амандығыңыз бен жаныңыздағы серігіңіздің, жол жиегіндегі адамдардың амандығы үшін жол жүрісі ережесін мүлдем бұзуға болмайтындығын ескертеміз. Жол жүрісі қауіпсіздігіне жауап беретін бөлім қызметкерлері шамалары келгенше жолдағы тәртіпті қадағалап, көліктердің жылдамдықты арттырмай немесе басқа да ережелерді бұзбауларын қадағалайды.
Жол-көлік оқиғаларын азайту, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзушылықтардың жолын кесу және анықтау мақсатында республика деңгейінде 5-29 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» акциясы басталды. Аудандық полиция бөлімі бұл шараға белсене атсалысуда. Тек қана акция аясында емес әр күні біздің басты мақсатымыз жол-көлік оқиғаларына жол бермеу болғандықтан жіті бақылауға алдық. Кейде барлық қозғалыстағы көліктерді қадағалауға мүмкіндік болмай жатады. Дегенмен әр көлік жүргізушісі жол жүрісі ережелеріне мұқият болып, өз өміріне құрметпен қарағандары жөн дер едік. 2023 жылы аудан көлемінде жалпы 36 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Бұл қорқынышты дерек. Соның салдарынан 17 адам қайтыс болып, 50 адам әртүрлі жарақат алған болатын. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алып, жол бермеу үшін арнайы акция ұйымдастырылды.
2024 жылы айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгеге теңелді. АЕК-тің өсуі айыппұл мөлшерінің көтерілуіне әсер етеді. Осы тұста биылғы өзгерістерді де айта кетейік. Ең көп төленетін айыппұлдардың бірі – жылдамдықты 20 км/сағ асыру (5 АЕК) – 18 460 теңгеге дейін өседі. Белдік тақпау, самокат немесе мопедте шлемсіз жүру, аялдау және тоқтап тұру ережелерін бұзғаны үшін де дәл осындай сома төлеуге тура келеді. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендерге 10 АЕК – 36 920 теңге айыппұл салынады. Жүргізушілер мына жағдайда 10 АЕК айыппұл арқалайды, егер:
жаяу жүргіншіге жол бермесе;
жылдамдықты 20 км/сағ-тан 40 км/сағ дейін асырса;
мүгедектерге арналған тұраққа көлігін қойса.
Жүргізуші куәлігінен айырылған адамға көлік жүргізгені үшін 50 АЕК немесе 184 600 теңге айыппұл көзделген. Сондай-ақ ол 10 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Жол апаты орнынан кетіп қалған жүргізушіге де осындай сома айыппұл салынады немесе айыппұлды бір жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасына алмастырады. Осындай келеңсіздіктерден аулақ болып, жол жүрісі ережелерін сақтап, өзіміздің де, айналамыздағы адамдардың да қауіпсіздігіне жауаптылығымызды арттырайық.
Дәрмен МОЛДАХАНОВ,
жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі