Басты бет Әр қилы Біздің Мағжан

Біздің Мағжан

0
2,437

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін», – деп жастарға зор сенім артқандардың бірі де бірегейі, Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаев еді. Қылышынан қан тамған кеңестік жүйеде бағдарлы болашақ пен кемелді келешек жастардың қолында екендігін ашықтан ашық жариялап, өскелең ұрпақтың санасына сілкініс жасау, өз өміріңді құрбандыққа, басыңды бәйгеге тігумен пара-пар болатын. Міне, Мағжан осының бәрін біле тұра көссіз батырлығымен, елдің егемендігі жолында өзінің жанын құрбан етсе, Алаштың ардақтысы сенген жастар сексен алтыда серпіліп, тоқсан бірде ел тәуелсіздігіне қол жеткізді.

Әңгімені арыдан қозғағандағы айтарым, біртуар ақын Мағжан Жұмабаев хақында емес, Кетпентаудың бауырында өз шаруасын дөңгелетіп отырған бауырымыз Мағжан Намазов туралы болмақ. Мағжан бауырымыз табиғаты шырайлы, шөбі шұрайлы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданына қарасты  Бақты ауылында 1989 жылы қарапайым қазақы отбасында дүниеге келген. Мағжанның әкесі Нұрболат Намазов талай жылдар бойы мал дәрігері болып қызмет атқарған кісі, ал анасы Сайламхан Жанбосынова ақ халаты абзал жан, дәрігер болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда екеуі – екі ұлды тәрбиелеп өсіріп, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты әке мен аяулы ана. Мектептегі он жылдық білімінен соң Мағжан 2007-2011 жылдар аралығында Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде оқып, 2012-2014 жылдарда «Вип сафари сервис» ЖШС-да аңшылық маманы болып қызмет атқарады.

Мағжан 2014 жылы қасиетті Қарадала өңіріне табан тіреп, Кетпентаудың етегінде мал шаруашылығымен айналысып, өзінің жеке кәсібін бастайды. Мінсең көлік, жесең ет, ішсең сусын, сатсаң пұл болатын жылқы малымен қоса құрт пен майы, сүт пен айраны бар Зеңгі баба төлі мен Шопан атаның ақтылы қойына қатты көңіл бөліп, төрт түліктің басын біріктіріп «Табиғат» шаруа қожалығын ашады. Қазіргі таңда бағып отырған жылқыларының басым көпшілігі Ресей аймағынан арнайы алып келген етті бағыттағы асыл тұқымды жылқылар. Мағжан бауырыммен сұқбаттаса келе сан салалы қырынан танып, еңбекке деген ерік-жігерімен қоса адамгершілік тұрғысындағы қасиеттеріне тәнті болдым. Мағжан тек мал шаруашылығымен ғана айналысып қоймай, комбайн, трактор секілді жеке техникаларымен ауыл шаруашылығына да өзіндік үлесін қосып жүр. Сонымен қатар Мағжан бауырымыз – бәйге, көкпар секілді ұлттық спорттық ойындарымыздың дамуына да атсалысып жүрген азамат. Оның бірден-бір дәлелі Кетпен ауылында туған арыстай азаматымыз Заманбек Нұрқаділовтің құрметіне орай «Заман» әуесқой көкпар құрамасын құрған да осы бауырымыз. «Атың барда, жер таны желіп жүріп, асың барда, ел таны беріп жүріп» деген қағиданы берік ұстанған Мағжан өзінің айналасына жастарды жинап, өз тәжірибесімен бөлісуді де жатсынбайды. Бүгінде ол жары Индирамен бірге ұл-қыз тәрбиелеп отырған асыл жар, ардақты әке.

 ТҮЙІН: Мағжан сенген бүгінгі біздің кейіпкеріміз Мағжанның тіршілігі көп жастарға үлгі болса екен деген тілегіміз бар. Мағжандардың жалғасы болған Мағжандар барда ел аман, жұрт тыныш.

Санжар КЕЛЕКЕ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚЫРҒЫЗСАЙЫМ – ХАН САРАЙЫМ

Қазақстан – табиғаты көркем, жанға жайлы әсем жерлерге өте бай. Жер жаннаты  – Жетісу, асқ…