Денсаулықтың қадірі

0
1,014

«Аяқ – қолдың қадірін Ақсағанда білерсің.

Отыз тістің қадірін Қақсағанда білерсің.

Қызыл тілдің қадірін Тоқтағанда білерсің» деген екен Абыз би. Сол айтпақшы денсаулықтың қадірін ауырғанда білетін халықпыз ғой. Біз көп қадірлей бермейтін де екі дүние бар. Бірі – уақыт, екіншісі – денсаулық. Екеуін де кері қайтара алмайсың. Екеуінің де бағасы жоқ. Сол себепті алтындай әр уақытымызды тек пайдалы іске жұмсап, денсаулығымызды дер кезінде қадірлеп, бағалай білген абзал.

Елімізде медицина саласын дамытуға зор күш жұмсалуда. Әрбір ауруды ерте кезден анықтау үшін заманауи құрылғылар қолданысқа берілуде. Соңғы жылдары аудандық аурухана да түрлі медициналық жабдықтармен жаңартылуда. Одан бөлек еліміздегі белді медициналық орталықтардың дәрігерлері ауданға келіп, диагностика өткізу де соңғы кездері жақсы үрдіске айналып келеді. Соның бір дәлелі – өткен апта соңында Алматы қаласы «Н.А.Сызғанов атындағы  Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» дәрігерлерінің аудан орталығына келіп консультативті-диагностикалық көмек көрсеткенін айтуға болады.

Орталықтың бауыр, ұйқы безі хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Досханов Мақсат Оңалбайұлымен кездесіп, осындай шалғай ауданға ат басын бұрғандағы мақсаттарын сұрадық. Бұл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастарылған шара екен. Әрине, Алматы қаласына барып, білікті дәрігерлердің қабылдауында болып, ем-дом қабылдауға кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіні анық. Айлығын ас-суынан артылдыра алмайтын отбасылар да бар. Жасырын емес. Сол себепті хирургия орталығы басшылары Алматы қаласынан шалғай орналасқан аудандарға барып, науқастарға көмек көрсетуді мақсат еткен екен. Егер де сол күні тексерістен өткен кейбір тұрғындарға ота жасау қажеттілігі туындаса, ол науқастар хирургия орталығына барып, тегін ем қабылдай алады. Міне, осындай ақпараттармен бөліскен Мақсат Оңалбайұлы гепатобилиарлық хирург, гастроэнтеролог, ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері келгендігін, алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын табатындығын да жеткізді.

Бұл күні  81 аудан тұрғыны «Н.А.Сызғанов атындағы  Ұлттық ғылыми хирургия орталығы» дәрігерлерінің қабылдауында болды. Атап айтсақ гепатобилиарлық хирургта 53, гастроэнтерологта 28, ультрадыбыстық диагностика дәрігерлеріның қабылдауында 43 азамат болған.  Олардың ішінде 15 тұрғыннан өт жолдарына тас байлануы анықталса, 4 азаматтан бауыр ауруы, 2 эхинококкоз, 2 бауыр циррозы анықталған.

Атағы дардай орталықтың дәрігерлері қабылдау өткізеді дегенді естіген аудан тұрғындары таңнан емханаға ағылған. Тіпті кезекке таласып сабырсыздыққа бой алдырғандар да табылды. Дегенмен сол күні келген әр тұрғынды дәрігерлер жіті тексеріп, нақты диагноздарын қойып берді.

Соңғы екі жыл адамзат үшін басты байлықтың денсаулық екендігін тағы бір дәлелдеп берді.  Пандемия талайдың дәм-тұзын тауысты. Небір арыстар кебінге оранды. Көп дүниенің қадіріне жеттік. Бастысы амандықты армандадық. Сондықтан осындай қиын сәтте ауылдағы ағайынға қолұшын созуға келген ақ халатты абзал жандарға тұрғындардың алғыстан басқа айтары жоқ.

А.Қаби

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…