Күні кеше еркіндігіміздің 30 жылдығына орай аудан орталығы Шонжыда орталық көшелер жаңа атқа ие болды. Талай жылдан бері Кентал Исламов атымен аталған орталық көше Әл-Фараби бабамыздың, Нуршидин Аппазов көшесі Абай атамыздың, ал Абдулла Розыбакиев көшесі ақиық ақын Мұқағали Мақатаев болып өзгертілді. Сондай-ақ Шонжы ауылының солтүстік батысында орналасқан 1 көшеге Кентал Исламов есімі берілді. Аталмыш көшелердің ашылуына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Болат Керімбектер арнайы атбасын бұрып келді. Аудан әкімі, орынбасарлары, ауданның құрметті азаматтары, ауыл ақсақалдары, мәслихат депутаттары да осындай тарихи сәттің басы-қасында болды.
Абай көшесінде орналастырылған алғашқы аншлагтың шымылдығы, облыстың құрметті азаматтары Ызғарбек Бектұрсынов пен Сайдахмет Қасымов ашты. Өткен жылы ғана 175 жылдығы аталып өткен ғұлама, ойшыл ақынға қандай құрмет болса лайық екені даусыз. Енді осы көшеде орналасқан №4 Шонжы орта мектебі де Абай атамыздың атымен аталады деген сүйінші хабар да осы тұста жетті. Мұнан соң түркі халқының ұлы ойшылы әл-Фараби бабамыздың атындағы көшедегі аншлагты ашу құрметіне облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Болат Керімбек пен аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжанға бұйырды. Келген қонақтар әл-фараби көшесінде орналасқан әл-Фараби бабамыздың атын иеленген аудандық кітапханаға бас сұқты. Ал Кентал Исламов көшесін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалабай Мерейімов пен Шонжы ауылының әкімі Адылжан Құрбаниязов ашса, Мұқағали Мақатаев атындағы көшені ауданның құрметті азаматы Мамытқан Құдайбергенов пен аудан әкімі Шухрат Нурахунов ашты. Ел ағалары мен аудан басшылары бұл игі істің ел тәуелмсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында орын алуын жақсылыққа балап отыр. ұлы тұлғаларға құрметіміздің арта беруін сөз етті. Осындай қуанышты жаңалықтар әлі де жарыса орын алатынын жеткізді.
Ұлыларды ұлықтаған ұлы күндегі қуаныш – Қарадаламдағы қазақ пен ұйғырдың ортақ қуанышы. Лайым бірлігіміз бекем болып, қуаныштарымыз еселене бергей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, азаттығымыз айшықты болғай!
Өз тілшіміз