Басты бет ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЖЕҢІС БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ СИМВОЛЫ СЕКІЛДІ…

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ СИМВОЛЫ СЕКІЛДІ…

0
1,421

107 жасында өмірден озған Күрішбек Көжекбайұлы атамыздың жарқын бейнесі әлі күнге көз алдымызда.  Көненің көзіндей болған қарттың өмірі соғыс жылдарынан кейін туған жері Жаңасайда, отбасының жанында өтті. Мектепте  оқып жүргенімде  күн сайын атамыздың таяқ ұстап қыр басында қой жайып, кейде тасқа отырып шай ішіп отыратын  кезін жиі көретінмін. Атамыздың осы бейнесі кім-кімді болмасын сүйсіндіретін. Сол жылдары «Атамыз 100-ге келсе де әлі тың екен, аман-есен жүре берсін» деген үлкендердің сөзі әлі есімде.  «Көп тілеуі – көл» демекші, атамызға айтылған адал ниеттегі жақсы  тілек орындалған іспетті. Ғасырдан да ұзақ жасаған Күрішбек атамыз тым сабырлы болған. Анамның айтуынша, ешкімге дауыс көтеріп, орынсыз ашуланбаған көрінеді. Көздерінің тұңғиығына үңілсең сұм ажалдың тырнағына ілінбей, тәуелсіздік тұғырына аман жеткен, елім деген ержүрек бабамның қайсарлығын көресің. Қарашаңырақтың үлкені (баласы) Бақытжан ағаның өз аузынан естіген мына әңгіме мені қатты таңғалдырды. 


Атамыз соғыс кезінде жаумен алысып, арлы бері ұшқан оқтан тайсалмай, не өмір, не өлім деп жүрген кезінде, түсінде шырылдап төбесінде жүрген торғайды көріпті. Сол қорғансыз жалғыз торғай соғыс жылдары жаужүрек бабамыздың қорғаушы періштесі болғандай. Олай дейтін себебім, атамыз 75 жыл бұрын көрген түсіндегі торғайды қайтыс болар алдында екінші мәрте көрген екен. Баласын шақырып алып: “Менің көз алдымда шырылдаған торғайлар жүр, жанымды алуға келді, дайындала беріңдер” деген сөзі арғы дүниеге аттанарын білгендей… Әрине жүректі толғандырады. Көп іздемей осы сөздерден-ақ атамыздың қасиеті мен көрегенділігін байқауға болады. Айтқан сөздері көңіліңді елжіретіп жібереді екен. Қырғын соғыстан оқтан аман қалып, жеңіс туын қадап, осы күнге аман жеткенінің өзі бір тылсым күш секілді. Маңдайына немере, шөбере көруді жазды, бақытты баянды өмірді жазды.. Үлкен кісілер айтушы еді ғой: «Алланың нығметі түскен пендесі болды» деп . Осы сөз Күрішбек атаға арналғандай. Атамыздың жаны жәннатта болсын!

Айнұр Сейдахмет,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
магистранты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы

“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында 9 мамыр мерекесінде бүгін “AMANAT” партиясы Ұйғыр…