Ұлы жеңіс күні – бәріміз үшін айрықша мереке. Бүл күн – сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен, елі үшін жанын құрбан еткен бабалар рухына тағзым етудің, қиян-кескі ұрыстан аман келген ардагерлерімізді құрметтеудің нағыз үлгісі көрсетілетін ұлы мереке. Әлемге өшпес қасіретін тигізіп, сансыз адамның жүрегіне шексіз қайғы түсірген сұм соғыстың аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Сонау 1941-1945 жылдардағы ауыртпалық пен қайғы-қасіретті сезініп, Отан үшін оққа ұшқандар мен асқан батырлықпен ерлік көрсеткендерді ұлықтап тағзым ету – біздің басты парызымыз.
Майданға біздің ауданымыздың өзінен 4461 адам аттанып, жаудың соққысына төтеп беріп, сағын сындырған. Олардың 1786-сы ұрыс даласында қаза болған екен. Із-түзсіз жоғалғандары мен туған жеріне мүгедек болып оралғандары қаншама десеңізші. Зұлматты оқиғадан аман қалып, кеңес заманының өзіндік қиындықтары мен ауыртпалықтарын көтеріп, бақуатты өмірдің бақытты тұстарына куә болған, тәуелсіз елдің тәй-тәй басқан өтпелі тұсынан әлем елдері мойындап тереземіз теңескенге дейінгі аралықты көргендердің қатары бүгінде ауданымызда бесеу.
ЕРЛІГІ ЕЛ ЕСІНДЕ
Тасқарасу ауылының тұрғыны Иван Павлович Думанов Ұлы Отан соғысы басталғанда небәрі жетінші сыныпта оқитын бозбала болған. Ауылдағы денсаулығы жарамды ер адамның бәрі әскерге шақырылып, майдан даласына аттанған сәтте, жас жеткіншек шаруашылыққа көмектесіп, еңбекке араласады. Көп уақыт өтпей-ақ 1944 жылы 17 жасында әскерге аттанады. Жас сарбаз бірден Башқұртстанның Алкино деген жеріндегі оқу полкіне түседі. Екі ай дайындықтан өткен соң Суворов және Кутузов атындағы бесінші Армияның дивизия құрамындағы 277 Ярославь полкінде болыпты. Осы бөлімдер құрамында жүріп Беларусь майданында, сәл кейін Шығыста бірінші Қиыр Шығыс майданының 277 атқыштар дивизиясы, 854 атқыштар полкінде жүріп дұшпандарды жерімізден азат ету ұрыстарына қатысады. Байкалдың жағасынан неміс басқыншыларын толық азат еткеннен кейін 1945-тің 9 мамырында «Жеңіс туы желбіреді» деген ақжолтай хабарды естиді. Бірақ Иван Павлович соғыс аяқтала салысымен бірден туған еліне оралмайды. 1945 жылдың тамыз айында Жапонияға қарсы соғысқа қатысады. 1951 жылы ғана әскери миссиясы толық аяқталғаннан кейін Уссурийскіде ағаш өңдейтін зауытта жұмысқа орналасады. 1959 жылы Алматы қаласына келіп зейнет жасына жеткенше құрылыс саласында қызмет жасаған. Кеңестер Одағы деген алып Державада бармаған жері, баспаған тауы қалмаған өнегелі өмір иесі зейнет жасында туған жеріне Тасқарасуына оралып, мамыражай тіршілігін жалғастыруда.
ӨМІРІ – ӨНЕГЕ
Тиірмен ауылының өзінен 200-ге жуық адам Отан алдындағы борышын өтеуге майдан даласына аттанған екен. Солардың жетпіс сегізіне ғана туған жерімен қайта қауышу бақыты бұйырған. Сол жандардың бірі – 75 жылдық жеңіс тойының куәгері болып отырған ардагер атамыз Акрам Авалов.
1942 жылдың маусым айында 18 жасар жігіт үлкен жауапкершілік жүгін арқалап әскери борышын өтеуге аттанады. Әскери міндетін 1943 жылы ақпан айында Тюмень қаласында орналасқан зауытта жұмыс істеп бастайды. 1944 жылдың қыркүйек айында 16-шы гвардияның атқыштар полкінде бір ай дайындықтан өтіп, майданға кетеді. 1945 жылдың 25 қаңтарында сол аяғынан жарақат алып Каунас қаласындағы госпитальда емделеді. Кейіннен күзетші комендантына жіберіліп, сол жерде көп уақыт жұмыс атқарады. 1946 жылы 15 қаңтарда комиссия шешімі бойынша үйіне қайтарылады.
Акрам Авалов Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін «За победу над Германией», «За доблестный труд в Великой Отечественной войне», «Орден Отечественной войны ІІ степени», «Ветеран труда» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
СОҒЫС САЛҒАН СЫЗАТ
Соғыс және еңбек ардагері Алим Кебиров 1924 жылы Кіші Ақсуда дүниеге келген. Еңбекке ерте араласқан ол 1942 жылы 23 ақпанда Жаркент қаласынан әскер қатарына алынып, майдан даласына аттанады. Беларусь маңындағы соғысқа қатысқан соң, Белград қаласын азат етудегі шайқаста ауыр жараланып, госпитальда емделеді, жарақаты жазылып шыққан соң қайта соғысқа қатысады.
1943-1944 жылдар аралығында Украина майданына қатысып бірнеше қалаларды азат етеді. Львов қаласы үшін соғыста қайта жарақаттанып, 1944 жылдың наурыз айында туған жеріне оралады. Десе де тән жарасын елеместен, майданнан келген бетте ел еңсесін тіктеуді көздеп, еңбекке білек сыбана араласады. Қанды майданда көрсеткен ержүрек батылдығы үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Украинаны азат еткені үшін», «Львов қаласын азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.
ЕЛ ТАНЫҒАН МАЙДАНГЕР
Шонжы ауылының тұрғыны, ардагеріміз Абдужелил Шарипов соғыс басталған сәтте Үлкен Ақсу ауылында орналасқан Абай атындағы мектепте 7 сыныпта оқыған екен. Әкесі қан майданға аттанғаннан кейін бір отбасының сүйеніші болып отырған оны 1942 жылы әскерге алып кетеді. 1942 жылдың қыркүйек айынан 1943 жылдың наурыз айына дейін Ашхабадтағы 7 оқу полкінде 6 айлық кіші командирлер дайындайтын полкте оқып, сержант шенін алады. 1943 жылдың наурыз айынан 1945 жылдың мамыр айына дейін 93-ші атқыштар бригадасында генерал Баграмянның басшылығындағы Украинаның полкінде болып Ялта қаласына қарасты Алупа, Алушта, Хоста аудандарын азат ету соғыстарына қатысады. 1945 жылы сәуір айынан желтоқсан айына дейін Қытайдың Шығыс Түркістанды гомендандардан азат ету үшін сол жерде құрылған төртінші Іле полкінде болып Сайрам көлін және соның маңайындағы елді мекендерді азат етіп, 1945 жылдан 1947 жылға дейін Түркменстанның Кушка қаласында 1188 атқыштар полкінің құрамында Совет-ауған шекарасында қызметте болады. Тек 1947 жылдың ақпан айында ғана туған ауылына оралады. Абдужелил ақсақал – бүгінде 10 бала тәрбиелеп өсірген қазыналы қария.
БЕЙНЕТПЕН КЕЛГЕН ЗЕЙНЕТ
Қалжат ауылында туып өскен Өмәр Қасымов 1944 жылдың қараша айында әскерге шақырылып 209 — шы полкта үш ай дайындықтан өтеді. 1945 жылдың 4 наурызында ұрыс даласына аттанып, Украинаның Львов қаласы арқылы Польшаға дейін барады.
Польшадағы 132 дивизия, 528 атқыштар полкінің құрамында болып жеңіс таңын Берлинде қарсы алады. Соғыс аяқталғанымен ол бірден туған жеріне қайтпай әскери міндетін Брест қорғанын күзетумен жалғайды. 1950 жылдың қарашасында ғана Алматы қаласына келеді. Бес жыл осы қалада түрлі жұмыстарды атқарады, бірақ денсаулығы сыр беріп ауыр істерге араласа алмайтынын білген соң отбасымен бірге Қалжат ауылына оралып, 1986 жылға дейін көлік жүргізуші болып жұмыс істейді. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагеріміз екі ұл, төрт қыз өсіріп, немере, шөбере сүйіп отырған абыз ақсақал.
Ынтызар БЕРЕНБАЕВА