Соғыстың балалары. Осы екі сөздің мағынасына терең бойлар болсақ балалықтары ұрланған, еркеліктері жоғалған, қамсыз шақтарынан айырылған жастар көз алдымызға келе қалады. Шындығы солай. Еркелеп, көшенің шаңын жұтып, шапқылап жүретін кездері олар белдерінің қатаймағандығына қарамастан аналарына қолғабыс етіп, әкелерінің жоқтығын білдірмегендер. Сондықтан да оларды соғыстың балалары дейміз-ау.
Жеңістің 75 жылдығында ауданымыздағы соғыс ардагерлерінің саны бір қолымыздағы саусақпен бірдей ғана қалса, тылда еңбек етіп жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың да көбі кетіп, азы қалып бара жатқандығы тағы шындық. Соғыс балалықтарының бақытты шақтарын ұрлағандардың бірі – Сұңқар ауылының тұрғыны, бүгінде 90 жастың төбесіне шығып отырған кейуана Әуезхан Тәшкенбайқызы. Ол кісіні жақсы танымағандықтан кездесуге бара жатып санам сан жаққа, ойым он жаққа бөлінді. Бір ғасырға таяп қалған әженің әңгіме айтуға шамасы бар ма, өмірдің ащы таяғын жеген адамның қартайған шақта жады жоғалып, сөйлесуге құлқы бола ма, болмай ма, деген сұрақтармен Әуезхан әженің үйіне қалай жетіп келгенімді де сезбей қалдым. Өзімнің ардың-гүрдің мінезіммен есікті тақылдатпай қазақилығыма салынып, сыртқы есікті емін-еркін аштым. Бірден дәмді сорпаның иісі мұрнымды қапты, әрі қарай жүріп, бөлмеге басымды сұққанда асүйде сәнді киінген бір апа қамыр жайып тұр. Шынын айтайын, өзім іздеп келген Әуезхан әже деп ойламадым. Сырттан естілген тықырға елеңдеп, басын көтерген әже кім екенімді сұрады. Осы сәтте неге екенін өзім білмеймін, әжені бұрыннан танитындай құшақтап, бетінен сүйдім. Ол кісі де еміреніп жатыр. Жан-жағында басқа ешкім көрінбеді. Сосын келгендегі мақсатымды айттым. Әжемнің нан жайып тұрған кейпіне біраз уақыт таңданып қарап қалдым. «Сорпасы кішкене қайнай түссін, сосын саған кеспе беремін», – деді. Осындай кеңпейіл, дархан көңіл, жеп-жеңіл қимылдайтын өзімнің де анамның болғандығын есіме алып, бір керемет сезім
бойымды билеп, кейіпкерімді сөзге тарттым.
1930 жылы Әуезхан әжей Кепебұлақ ауылының Сарбұлақ учаскесінде дүниеге келіпті. Анасынан соғыс басталмай тұрып жетім қалған қыз, сіңлісі Күләтай екеуі әкесі Тәшкенбайдың тәрбиесінде болады. Тура өзімнің анамның тағдыры секілді. Ол кісі де сіңлісі дүниеге келгенде анасынан айырылып, әкенің тәрбиесімен өскен-ді. Әжейдің әңгімесі қазіргі біздікі сияқты «есімде жоқ, ұмытып қалыппын» деген сөздерден мүлдем ада. Сөзі анық, ойы тиянақты, жадынан еш жаңылмаған. Сонда бар болғаны 11 жастағы қыз сіңлісін аштан өлмесін деп, ауылдағы үлкендер қандай жұмысқа жұмсаса да жүгіре береді екен. Әкесі соғысқа аттанарда құрдасы Құдайбергенге екі қызын табыстап кете барады. Содан анадан өлідей, әкеден тірідей айырылған екі қыздың көргендері өлместің күніне айналады. Тағдырдың кейде тіпті қатаң болып кететіні бар ғой, әкесі соғыстан қайтып оралмайды. Құдайберген досы берген уәдесіне берік болып, екі қызға көмектесіп тұрады. Ауылдағы кәрі-құртаң, қыз-қырқын шөп жинаса солардың жанынан екі елі қалмай шөмеле салысып, бау байлайды. Соғыс аяқталғанда Әуезхан әжей 15 жастағы бойжеткенге айналады. Жұмыстың ауыр, жеңілін бірдей атқарып сіңлісінің қамын көбірек ойлайды. Әкесінің қарындасы болып келетін туысы бұларға жаны ашып, сіңлісін өз қамқорына алып кетеді Жамбыл ауданына қарай. Нағыз бұлаңдап бойжеткен кезінде ауылдың қой қырқымына араласады. Бұл әрине ер азаматтардың атқаратын жұмысы болса да қаршадай қыздың қайсарлығы жігіттерден бір сәт те қалыспай, тіпті өзара жарыстар ұйымдастыруына себепкер болады. Оның ептілігі, жігері айналасындағыларға дем беретін жағдайға жетеді. Ол кездері кез келген жұмыс жарыспен бағаланатын. Қой қырқу бойынша ауданда өткен жарысқа қатысып, жігіттердің бәрін шаң қаптырып, социалистік жарыстың жеңімпазы деген вымпелді жеңіп алады. Сөйтіп ауылының мәртебесін көтереді. Ал қырқымдағы жарыста ала-құлалық, терісін кесіп кету дегенге жол берілмейді. Әуезхан әженің мұнтаздай, әр ісіне мұқияттылығы қаршадайынан еңбекпен шыңдалғандығынан болар. Ол кездегі адамдардың бойында адалдық, өз ісіне деген шынайылық басым еді ғой. Ол үшін атақ сұрап, марапат тілемейтін. Соғыс кезінде еңбегім сіңіп еді деп, ешкімнің алдына барып, еңбегін бұлдаған емес. Мемлекеттік архивтен Сталиннің қолы қойылған «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалінің де лайықты табыс етілмегендігін әңгіме арасында ұқтық. Ұлы Бақытбай оның куәлігін тауып, анасының сол замандардағы өзіне тиеселі сыйын қайта табыстайды. Тыл ардагері, «Ұлы Жеңістің» 50, 60, 70 жылдығына орай медальдармен марапатталған. Бастысы бұл наградалар емес, әжейдің әлі күнге еңбектен қол үзбегендігі. Мені қуантқаны да осы жайт еді.
Қой қырқымда жүріп Бердібек Бірімқұл деген азаматпен танысып, 1956 жылы сөз байласып шаңырақ құрады. Өнегелі отбасының отанасы атанады. Дүниеге ұл мен қыз әкеліп, оларды да еңбекпен шыңдап, тәрбиелеп, бүгінде сол ұрпағының қызығын көріп отырған бақытты әже екендігіне куә болдық. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнетін көрейік» деп отыратын өз анамның сөзі тағы да есіме түсті. 90-ға келген әжейдің балдай тәтті кеспесін ішіп отырып, оның әңгімесінің аяқталмауын тіледім. 90 жасында бақшалығындағы жеміс-жидектерден пісірген тосабын ұсынып, оны қалай жасағандығын айтып берді. Өз қолымен шай құйды. Қарным тойып тұрса да әжейдің басқа ешкім қайталамастай дәммен пісірген тамағынан үстемелеп ішіп, анамның төрінде отырғандай мәз болдым.
Бұл шаңырақтан адалдық аңқып тұрды. Оның иісін бірден сездім. Бұл шаңырақтан еңбектің иісі бұрқырады, оған елтідім. Бұл шаңырақтан бақыттың самалы есті, оған мәз болдым. Бұл шаңырақтан көптен жоғалтып алғандай боп жүрген керемет бір күйді таптым. Ненің құдіреті екенін бірден түсіне алмадым. Сосын оның әжейдің бүгінгі тілмен айтқанда позитивті энергиясы екенін үйден ұзап шыққан соң түсіндім. Тоқсанның төріне шығып, өз қазанын оттан түсірмей, шаңырағының түтінін будақтатып отырған әжейдің жүзге келуін Жаратушыдан сұрадым.
Баян
МАМЫРБАЕВА