ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ

0
1,567

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ – білімді ұрпақ қолында» деп атап көрсеткендей, еліміздің өркениетті даму деңгейіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан кітапхана – оқырмандарды білім нәрімен сусындатқан рухани қазына орталығы. Жазушы Ғабит Мүсірепов «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан тыйылар едік» деген болатын. Сол сияқты адамның рухани азық алуына зор ықпал ететін кітаптың қай кезде болмасын орны бөлек.


Аудандық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде ауданымыздың азаматы Нұрмұқа Шәймерденовтың бауырлық парызы ретінде ағасы Зікірия Шәймерденовке арнаған «Ел азаматы» атты естелік кітабының тұсаукесері өтті. Бұған ауданның жақсылары мен жайсаңдары және Зікірия Шәймерденовтың ауылдастары, бірге жүрген достары жиналды. Ең алғаш сөз кезегін алып, ағасының өмірі жайында қысқаша баяндаған Нұрмұқа Шәймерденов арнайы дайындаған бейнеролигін жиналғандардың назарына ұсынды. Мұнда шындығында ел азаматы болған Зікірия Рысбайұлының бұл дүниеден мәңгілік сапарға кетер алдындағы Ақтам ауылында дүбірлеп өткен тойдағы естелігі көрсетілді. Әкесінің, бауырының, достарының бейнесін көріп, өткен шаққа бір уақыт кері шегінгендер көздеріне жас алып, ел азаматын еске түсірді.
Сонан соң кітаптың жалпы мазмұны жайында баяндаған Нұрмұқа Шәймерденов кітаптың алғашқы бетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин Зікірия Шәймерденовпен болған жақсы кездесу күндерінен естелік қалдырғанын және ел азаматының көзі тірісінде жазған күнделіктері мен баяндамалары, сөйлеген сөздері, сондай-ақ аға-әкелері, замандастары және бауырларының, ұрпағының естеліктері, арнаулары енгізілгенін айтты. Аталмыш кітаптың аудандық кітапханаға, мектептерге тапсырылатындығын ескертіп, ағасы жайындағы естеліктерімен бөлісу үшін сөзді жиынға келгендерге берді. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров, аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан, аудандық келісім кеңесінің төрағасы Жеңіс Тойшыбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нурвәг Сейитов, зейнеткер дәрігер Абдуманап Амитахуновтар Зікірия аға жайындағы естеліктерін айтып, өмірден ерте кетсе де ел ағасы деген атқа лайық болып қалғандығын жеткізді. Сонымен қатар өмірлік жұбайы жайында тебірене сөз қозғаған жан жары Бүбітай Батниязова жиынға қатысушыларға алғысын айтып, шексіз ризашылығын білдірді. Жиын барысында «Ел ағасы» кітабының лентасы қиылып, Зікірия Шәймерденовтың інісі Сафуан Шаймерденов және аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты. Әулетінің ғана емес, елінің, Отанының мақтанышы саналуға лайық азаматтар, кең байтақ қазақ жерінде аз емес. Тұсауы кесілген кітаптың кейіпкері – Зікірия Рысбайұлы сондай аяулы тұлғалардың бірі де, бірегейі болған азамат. Ол өмірден ерте кетсе де, артына өлмейтін істері, ұмытылмас бейнесі мен ұлағатты ұрпағы қалды. Осындай жақсы адамдардың бейнесі мәңгі ел есінде сақталары сөзсіз.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен кездесті

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында су тасқынынан з…