Қайырымдылық жасау үшін мыңғырған малың немесе бір фирманың басшысы болу шарт емес. Игі іс жасау үшін үлкен жүрек пен таза ниет керек. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін өмірде кімнің басына қандай жағдай түсетіні бізге беймәлім. Өмір- жер бетіндегі пенделерге дәулет беріп нәпсісін, қиындық беріп төзімін сынайтын сынақ алаңы іспетті. Ал ол жұмыр басты пенде үшін аса қымбат. Қымбат өмірдің сәні, адамдардың бір-біріне деген махаббаты мен сыйластығы екені анық. Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан бастап адамзатты айуандықтан арашалап тұрған да, тіршілікті осы күнге дейін жетелеп келген де осы бір құндылықтар десек артық айтпаған болармыз. Десекте мұң мұқтажсыз ешбір дәуір өтпеген. Ал сол мұқтаждықтан қайырымды жандардың арқасында қиындыққа күйремей осы уақытқа дейін жеткеніміз белгілі.
Тарихымызға терең үңілсек қазақ қашанда жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған ел. Азаматының мойнына түскен ауыртпалығын жұрт болып жұмылып көтеріп, ел болып көмектескені белгілі. Заман қанша өзгерсе де ата-бабаларымыздың ізін жалғап, қайырымды қалпын жоғалтпаған азаматтар әлі де болса бар. Оған дәлел Қырғызсай ауылы тұрғындарының мұқтаж ауылдастарына жасаған қайырымдылығы.
Аз уақыт бұрын кейуананың өліміне көңіл айта барған жұрт Дүйсебаев Амангелді мен қарындасы Қарлығаштың төбесінен су ағып, едені түсіп, пеші үй жылытпайтын апатты үйде тұрып жатқанын көріп көңілдері одан әрі налыған еді. Мүмкіндіктері шектеулі жандардың өздігінен там соғып тіршілік жасауға қауқары жетпейтініне көздері жеткендіктен ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жәнәбіл Смадиев орамды ойын ортаға салып, жерлестерімен ақылдасыпты. Жұртшылық бірден қолдап, өлімге жиналған азын-аулақ қаржының басын қосып, үй салуға кірісті. Көптің аты көп, кірпішін біреу берсе, ағашын екіншісі, әйелдер қауымы көрпе, жастығы, ыдыс-аяғын түгендеп әп-сәтте шағын үйдің қабырғасы қаланып, шатыры жабылды. Бірі пердесін, бірі жиһазын тасып жаңа салынған үйдің көркін кіргізіп, ынтымағы жарасқан ел екендіктерін танытты. Шағын болса да жаңаның аты жаңа. Үй иелері дән риза. Олар үшін хан сарайындай болған үйде тұрудан артық бақыт жоқ шығар. Алғыстарын жаудырып жатты ауылдастарына.
Игі істің басы-қасында жүрген Қанат Жанысбаев «аумалы-төкпелі заманда кімді қандай болашақ күтіп тұрғанын ешкім білген емес, қауқарымыз барда кімге болсын көмектесейік, ертең өзіміздің басымызға іс түссе көтеретін осы ауыл ғой» — дей келе қара жұмыс, қиын іс демей уақытын бөліп келіп көмектескен барша жұртшылыққа шексіз алғысын жеткізді.
Ауыл әкімі Бақытжан Іргебеков те ауылдастарының игілікті бастамасының әлі жалғасы болатындығын, жағдайы төмен отбасыларына қол ұшын беруге әркез дайын екендігін айтты. Ауыл ақсақалдары мен белсенділеріне алғысын жаудырды. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп, жұртшылық жаңа үйден дәм ауыз тиіп тарқасты.
Қырғызсайлықтар тамшыдан көл құралатынын, ауызбірлік пен ынтымақ берекеге апаратындығын тағы бір рет дәлелдеді.
Ынтызар БЕРЕНБАЕВА
-
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Бекжунусов Ермек Құралбекұлымен сұхбат
Алматы облысында мемлекеттік қызметтердің 71 пайызы электронды форматта көрсетілді Ағымд… -
Алматы облысы: ауылдық округ әкімдерінің жұмысына жаңа серпін беріледі
Алматы облысында ауылдық округтер әкімдерінің бірінші форумы өтті. Шара жергілікті билік ө… -
Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
Іс-шара «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылды. Форумға Алматы облысының әкімі М… -
Алматы облысы: «109» бірыңғай байланыс орталығы 12 мыңнан астам өтініш қабылдады
Коммуналдық қызметтерге қатысты өтінімдер мен шағымдарды енді «109» бірыңғай байланыс орта…
БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР
АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ
Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұрпақтың парызы. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп…