Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізінде аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен білім беру саласы қызметкерлерінің арасында «Жетісу жері – татулық пен бірліктің тал бесігі» атты байқау жарияланған болатын. Байқаудың шарты бойынша аудандағы барлық мектептер аймақ болып бақ сынасып, іріктелген еді. Осының нәтижесінде ең үздік деп танылған жеті мектеп ұжымы аудандық мәдениет үйінде өткен ақтық сайыста бақ сынасып, өз өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың шарты бойынша қатысушылар Сәдіқожа Мошанұлы, Мөрдин Тейипов, Астана және халықтар достығы туралы қойылымдар қойып, дәстүрлі ән мен күйді және биді нақышына келтіре орындау болды. Қоғамның қазанында қайнаған ұстаздар қауымы аталмыш байқауда барын салып, өздерін тек білім беру саласында ғана емес, өнерде де мықты екендіктерін дәлелдеді. Байқаудың негізгі мақсаты – білім қызметкерлерін халықтың мәдениеті мен өнерін бағалай білуге, жас ұрпақтың бойына ұлттық өнердің құндылығын дарытуға ықпал етуге, өнердің бұқаралығын дамытуға бағытталған. Тарих қатпарларын шағын сахна арқылы көрермендеріне жеткізген ұстаздар көптің қошеметіне бөленді. Ұлы Отан соғысы жылдарында от пен оқтың ортасында күн кешкен батыр бабаларының ерлігін ерекшелеп, байырғы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін Сәдіқожа Мошанұлына арналған көрінісінде көз алдымызға елестетті. Әуезді ән орындаған ұстаздар кәсіби әншілерден кем түспеді. Көрермендер мен әділқазылар алқасының қошеметіне бөленіп, алғыстарын да арқалады. Ақтық жарыс болғандықтан бойдағы актерлік шеберліктерін, әншілік қабілеттерін ұштастыра білген ұстаздардың әр қойылымы бір-бірімен үйлесім тауып, мағыналы әңгімелері де көптің жүрегінен орын алды. Дегенмен сайыс болғандықтан жеңіс барда жеңілістің болатындығы ақиқат. Бұл ретте әділқазы алқалары шын жүйрікті анықтауға біршама қиналды. Ұзақ ойланып, ақылдаса келе бас жүлде Шарын қазақ орта мектебіне 60 мың теңге қаржылай сыйлықпен қоса берілді. Біріншілікті №4 Шонжы орта мектебі қанжығасына байлап, 40 мың теңгеге ие болса, екінші орынға табан тіреген М.Жалилов және И.Искандеров атындағы орта мектептерінің ұжымына 20 мың теңгеден сыйақы ұсынылды. Ал Рахат, Розыбакиев, Кіші Ақсу орта мектептері үшінші орынға ие болғандары үшін 15 мың теңгеден қаржылай сыйлықтарын алды. Байқауда жеке орындаушылық шеберліктерін көрсеткені үшін 17 мұғалімге алғыс хат және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жеңімпаздарды құттықтап, алғысын айтқан аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Кәрібай Қожағұл білім саласы қызметкерлерінің өнерлеріне бас иіп, білімді ұрпақ тәрбиелеудегі жұмыстарына жеміс тіледі. Осындай игі бастамаға барын салып, зор құлшыныспен белсенділік танытқандарына да ризашылық танытты. Әділқазылардың әділ бағасына қанағаттанған білім саласының қызметкерлері тамаша көңіл-күймен тарқасты.
Думан
САРТБАЕВ