
Қоғамның тұрақты дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе инфрақұрылымдық жобалармен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – елдің болашағына қатысты маңызды мәселелердің ашық талқылануы, азаматтардың пікірінің ескерілуі және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің нығаюы. Осындай құндылықтарды орнықтыруда Құрылтайдың орны ерекше. Қазақ халқының тарихында Құрылтай ұғымы ежелден маңызды шешімдер қабылданатын, ел тағдырына қатысты мәселелер талқыланатын орта ретінде танылған. Уақыт өзгергенімен, кеңесу, ақылдасу және ортақ мүдде жолында пікір алмасу дәстүрі өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бүгінде Құрылтай осы тарихи сабақтастықтың жалғасы ретінде қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды институттардың бірі саналады. Қазіргі қоғамда әртүрлі көзқарас пен пікірдің болуы – табиғи құбылыс. Осындай жағдайда халықтың ұсыныстары мен бастамаларын саралап, өзекті мәселелерді ортақ талқылау елдің орнықты дамуына ықпал етеді. Құрылтайдың басты ерекшелігі де – түрлі саланың өкілдерін бір алаңға тоғыстырып, қоғамның сұранысына құлақ асуға мүмкіндік беруінде. Құрылтай аясында көтерілетін мәселелер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім мен ғылым, мәдениет, жастар саясаты, экология, құқықтық мәдениет, өңірлердің дамуы және қоғамдық келісім сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бастамалардың қоғам сұранысымен ұштасуына, ал қабылданатын шешімдердің өміршең болуына негіз қалайды. Қоғамдағы кез келген оң өзгеріс адамдардың өзара жауапкершілігі мен белсенділігіне байланысты. Елдің дамуына қатысты бастамаларға қызығушылық таныту, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамау, ортақ құндылықтарды қолдау – азаматтық мәдениеттің маңызды көрінісі. Осындай ұстаным қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтып, тұрақтылықтың сақталуына ықпал етеді. Құрылтайдың тағы бір маңызды қыры – ұлттың тарихи жадын жаңғыртып, дәстүр мен заманауи даму қағидаттарын сабақтастыруында. Тарихтан бастау алған кеңесу мәдениеті бүгінгі күні жаңа мазмұнмен толығып, қоғамдық диалогтың тиімді тетіктерінің біріне айналып келеді. Қоғамның дамуы әр адамның жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымынан басталады. Ортақ құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық келісімді сақтау, заңға құрметпен қарау және елдің болашағына бейжай қарамау – тұрақты әрі дамыған мемлекеттің басты негіздерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай қоғамның бірлігін нығайтып, ортақ мақсаттарға жұмылуға ықпал ететін маңызды қоғамдық институт ретінде өзінің мәні мен маңызын сақтап келеді.
Аудандық журналистер клубының мүшесі Сембекқызы Перизат
