Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы көп дүниеге бастау болып, көнерген құндылықтар қайта жаңғырып жатыр. Дәуір, кезеңдерді суреттейтін тарихи деректерде ғана көрініс табар біраз дүние күнделікті өмірімізге енгізілуде. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – келешек ұрпақты бөтен пиғылды жат ағымдардан, өзгеге еліктеу мен қазіргі кезде сананы тез жаулайтын солқылдақ әдеттерден сақтау. Өшкенімізді қайта жаңғырту арқылы елдігімізді, бірлігімізді, бүтіндігімізді насихаттап, ұлттық кодтың негізін қалыптастырып, оны барынша сақтау үшін бүкіл ел болып тырысып жатырмыз. Жаңарту арқылы қайта жаңғыртуды қажет ететін бір мәселе – елдігімізге еш қатысы жоқ жер аттары. Көпшіліктің айтуымен аталып кеткен кейбір ауыл аттары, тіпті, жанымызға да, тарихымызға да, тілімізге де жат.
Ұйғыр ауданы – қаймағы бұзылмаған көп ұлтты халықтың ордасы. 1934 жылы құрылған бұл ауданда қазіргі кезде қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек, тәжік сынды тағы да басқа ұлт өкілдері мекен етеді. Ал аталған ауданның орталығы – Шонжы. Бұл – аудан тарихына, жеріне немесе орналасу аймағына түк қатысы жоқ, мағынасыз атау. Шонжы қалмақтың батырының есімі екені тарихтан белгілі. Ол қазақтың батыры Әлмеректің қолынан қаза тапқан. Қазақ-жоңғар шапқыншылығы тұсында Әлмерек батыр Шонжының басын алған. Осы оқиғадан кейін сол аймақ «Шонжы өлген» деп аталып, бертін келе «Шонжыға» айналғаны туралы нақты деректер бар. Жерге таласқан жоңғарлар қазақ халқын аяған жоқ. Қанын судай ағызып, мал-жанымен қоса қыра берді. Қазақ халқын тәңірі тәлейлі етіп жаратқаны анық. Талай тартысқа мойымай, тағдыры талқан болса да, ешкімге беріспеді. Ұрыс, күрес, қолдан жасалған ашаршылық пен қарусыз майданды да еңсерген қара халықтың ауыр тағдырына бірден бір себеп қалмақтың тосыннан жасалған шабуылдары екені анық. Бүгінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны» тарихтан біліп, түсініп, ұғына отырып, қас дұшпанымыздың атымен ауданымыздың орталығын атап жүрміз. Тіпті, Шонжы дейтін қалмақтың батырын, оның ерлігін насихаттап жүргендейміз. Бұл әрекетіміз ертеңгі ұрпақ тағдырына селқостық таныту емес пе? Ата-бабамыз келешек ұрпақ ешкімге тәуелді болмасын, ешкімнің алдында еңсесі түспесін деп ешбір жауына тізе бүккен жоқ. Біз мекен етіп жатқан өңірді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, Шонжымен барынша айқасып, басын алған Әлмерек батырдың ерлігін келер ұрпаққа неге дәріптемеске?! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп, батыр бабаларымыздың мақсатын айқын жеткізді. Осыны біле тұра, тосыннан енген «Шонжымен» бүкіл бір аудан орталығын атау арымызға сын екені сөзсіз. Тек Шонжы ғана емес, ауданда қалмақ батырларының атымен аталатын Долайты, Дардамты, Добын, Шошанай сынды ауылдар бар. Түп-төркіні тарихымызбен түк үйлеспейтін есімдер ел есінде жатталып, қазіргі кезде сүйегімізге сіңіп кеткені соншалық, қалмақ батырларын жадымыздан мүлде өшіру бүгінгі күні мүмкін болмай тұр.
Елбасымыз дамыған елдердің қатарынан көрініп, өзегімізді сақтай отырып, заман талабына сай жаңаша бет бұруды, ұлттық бірегейлікті мақсат етіп, ұлттық кодты сақтау үшін рухани тұрғыдан жаңғыруымыз керектігін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында кеңінен баяндады. «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп жаңарудың нақты бағытын көрсетті. Өңірлеріміздің атауын әлі күнге дейін өзгертпей, қалмақ есімдерімен атап, оларды дәріптеуіміз – елдік дамудан толықтай бас тартып, «тарих шаңына көміліп қала беру» ғой. Осы ретте тілге тиек етер бір жағдай, Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымов – Ұлы Отан соғысының даңқты батыры. Бертін жылдарға дейін өзбек халқы оны өз елінің батыры, өзбектен шыққан тұңғыш генерал, танымал тұлға деп құрметтеген. Өз тілдеріне ыңғайлап, батырдың есімін Собир Рахимов деп жазған. С.Рақымовқа арнап елінде ескерткіштер орнатып, есімі Ташкенттегі метро станциясына, аудандарға, көшелерге, мектептерге берілген. Бірақ 2010 жылдан бастап Өзбекстанда С.Рақымовқа деген құрмет өзгере бастаған. Ташкенттегі 1981 жылы орнатылған ескерткіші орнынан алынды, оның есімімен аталған аудан «Олмазор» деп ауыстырылды. Генералға жасалған өзге де құрметтер тоқтатылған. Себеп не деп ойлайсыз?
С.Рақымовты зерттеген қоғам қайраткері Әкім Ысқақ батырдың өзбекстандық қазақ екенін дәлелдеген. Алматыға келіп дүниеден өткен С.Рақымовтың жары Құралай Натуллаева (Сабырова) өмірден озғанша жұбайының қазақ екенін «Сабыр – Ұлы жүздің баласы, Суанның ішіндегі руы Қанбағыс, Мәмбетбек датқаның немересі» деп айтып жүріпті. Батыр өзімен бірге майданда болған жұбайы Құралайға «Менің арманым – қазақ болып өлу» деген екен. Генералдың жары Сабырды қайта қазақ қылу үшін 50 жылдай ізденіп, оның ұлты «қазақ» деген құжаттар тапқан. С.Рақымовтың өмірбаянын зерттеген Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернаттың басшысы Ұлықпан Бәшеновтың деректерінде С.Рақымов – қазақ азаматы, Оңтүстік Қазақстандағы «Көкібел» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Омарқұл деген қазақ, ал шешесі Бақарайым өзбек қызы болған. Омарқұл ерте қайтыс болған соң, өзбек әйелі Сабырды ертіп, Ташкент қаласы маңындағы «Тақтапұлда» тұратын әкесінің қолына барған. Көп ұзамай Сабырдың шешесі де қайтыс болады. Жетім қалған жиенін нағашы атасы ұлтын өзбек етіп, Рахимов деп өз атына жаздырып, Ташкенттегі балалар үйіне тапсырған. Батырдың өзге ұлт екені нақты айғақтармен дәлелденген соң, өзбек халқы бірден оған жасалған құрметті жоққа шығарып, халық жадынан өшіруге бел байлады. («Өзбекке телінген қазақ батыры», Алаш айнасы.кз) С.Рақымовтың шешесі өзбек бола тұра, жергілікті халық оны «өзбекке қатысы жоқ» деп танып, өзге ұлттың батыр ұлын тез арада ұмыта салуға тырысты. Ал біз ше? Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қалмақтарды өз арамызда әлі күнге дейін ұлықтап келеміз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы анықталды. Тарихи маңызы бар орындар, еліміздің бостандығы үшін жан аямай күрескен батыр бабаларымыз, топ бастап, екі ауыз сөзбен әділ шешім айтқан би, көсем, шешендердің ерлігі кеңінен насихатталуы үшін, абыздарымыздың кесенелері, тарихи оқиғалар өткен белгілі орындар қасиетті деп танылып, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандарының» тізімі дайындалды. Тарихи деректермен дәлелденген маңызды нысандар туралы аңыз-әңгімелер, құнды мағлұматтармен толықтырылған тізім анықтамалық сипатқа ие. Бұл кітаптарды шығарудағы басты мақсат – киелі орындарды тізімдеп қою емес, тарихи есімдерді, тарихи орындарды кеңінен дәріптеу арқылы тәуелсіз ел болу жолындағы күреске толы қазақ тағдырын ұрпақ санасына сіңіру екенін сіз бен біз жақсы түсінеміз. Әлмерек батырдың кесенесі «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандарының» тізіміне енгізіліп, онда 22 жасында Шонжының басын алып, өмірінің орта тұсында қазақтың Райымбек, Өтеген, Малай сынды батырларына жорыққа шығарда бата берген аузы дұғалы абыз болғаны туралы айтылады. Яғни, Әлмеректің батыр болғаны, Ұйғыр ауданы аймағын жаудан қорғап, қалмақты қырғаны рас, ол дерек ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Нақты айғақ та, тарихи дерек те бар. Еліміздің жүре түзелетін көшіне өзіндік үлесімізді қосып, Әлмерек бабамызды ұлықтау, оны ұрпаққа таныту қажеттілік. Күннен-күнге өзгеріп, жаңарып, бүлінгеніміз бүтінделіп жатқан жаңа заманда ұлттық бірегейліктің бір тармағы да осы болса керек.
Ноғайбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың депутаты