Жер ананы бусандырған көктемнің тіршілік иесіне берері мол. Қыс бойы ақ қар астына тығылған өсімдіктер қайта бой көтеріп, жәндіктердің оянатын, тіршіліктің қайнайтын шағы осы кезден бастау алары да сөзсіз. Айналаны ақ қарға ораған қыстың қаһары қайтып, көктен күлімдеген күннің нұры мұздақтарды ерітіп, сай-саланың суға толатын кезі де көктем айлары екендігі анық. Бұл мезгілде жер бетіндегі тіршілік атаулыға жан бітіп, келер қыстың қамына кірісетініміз де бар. Осындай жайма-шуақ көктемнің алғашқы айында, жыл сайын дәстүрге айналған сенбілік жұмысы ауданымызда бастау алады. Табиғаттың қойнауына толған қоқыстар тазартылып, тиісті орындарға жөнелтіледі.
Қоршаған ортаны таза ұстау, қалдықтарды тастамау әр адамның өз қолында екендігін әрбіріміз біле бермейміз. Әр сенбі сайын жүргізілетін тазалық жұмыстары біткеннен соң көшелер айнадай жарқырап шыға келеді. Бірақ өкінішке орай, бірер күн өткен соң көше бойындағы арықтардың, қоғамдық орындардың маңайы қоқысқа қайта толатындығы. Шонжыдағы зират басында өткен сенбілікке ауыл тұрғындары көп жиналыпты. Онда біреудің атасы, енді біреудің әкесі, анасы, қарындасы, інісі, бауыры жатқандығы ақиқат. Зират іші ағаштың жапырақтарына, целофан қағаздарға, тіпті түрлі бөтелкелерге толған. Ауылдың жігітбасылары, аудандық бөлім, мекеме қызметкерлері жүргізген тазалық жұмыстарында аталған қалдықтар мен қоқыстар толықтай тазартылып, жойылды. Жиналғандар сенбілік жұмысын екіге бөлініп атқарды. Бір топ зираттың алдыңғы қақпа жағын тазаласа, екінші топ жаңа зират жақтағы шөп басқан аймақты тазартты. Көңілді күймен, ізгі ниетпен жұмысын бастаған шонжылықтар белгіленген учаскелерін тап-тұйнақтай етіп тазалады. Жиналған қоқыстарды жүк көліктеріне тиеп, тиісті аймақтарға жөнелтіп, қураған шөптер мен жапырақтарды өртеді. Осылайша жұрт болып жұмыла атқарған сенбілік жұмысында мұсылман зиратының маңайы тазарып, игі іс ізгілігімен аяқталды.
Табиғат ана берген байлықты қорғау — әрбір азаматтың міндеті. Олай деп айтуымызға да негіз бар. Түрлі өсімдіктер ауаны ластайтын қалдықтарды өз бойына сіңіріп, тіршілікке жаңаша нәрін береді. Сол арқылы барша адамзат баласы тыныстап, өмір сүру қалпын жақсартады. Сондықтан да айналаны тазартып, бау-бақшаны күтіп-баптап, ауылдарға су келетін арықтар мен тоғандарды қалыпқа келтіру туған жердің табиғатына деген құрмет. «Тазалық – денсаулық кепілі» дейміз. Жүретін жолымызды, демалатын ауамызды, тұратын өлкемізді таза ұстау әр тұлғаның мәдениеттілігін айқындайтын басты қасиет. Ендеше табиғатты таза ұстай отырып, сауаттылығымызды көрсетейік.
Думан
САРТБАЕВ