Ұлттық Банк ағымдағы жылдың 1 ақпаннан бастап дарынды жас мамандарды іздестіру науқанын бастайды. Тек экономикалық және қаржы бағытында емес, сонымен бірге юриспруденция, инженерия және құрылыс, ақпараттық технология және киберқауіпсіздік салаларындағы мамандарды науқанға қатысуға шақырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Алматы облыстық филиалының директоры Жұмабеков Ернар баяндады.
Әрбір қалаушы бұл науқанға қатысу үшін, бір айдын ішінде, яғни 2018 жылғы 1 ақпаннан 1 наурызға дейін өз резюмесін және эссесін Ұлттық банк сайтына жіберу қажет. Эссе «Менің Ұлттық банкқа тигізер пайдам» тақырыбында болмақ. Кейін сұхбаттасу жүргізіліп, кадрлық резевке қойылады. Осы кезеңдерден сүрінбей өткендер кейін Ұлттық Банк орталық аппаратына немесе филиалға жұмысқа қабылданады.
«Өткен екі жылда біз 1500 мыңнан астам резюме келіп түсті . Іріктеу қорытындысы бойынша кадр резервіне 134 кандидат алынып, олардың 52-сі Ұлттық Банкке жұмысқа орналастырылды. Биыл да осындай жақсы көрсеткіштер күтілуде», — деді Е.Жұмабеков.
Баспасөз-мәслихатында сонымен қатар, валюта нарығындағы жағдай жайлы да сөз қозғалды. Қазіргі таңда ұлттық валютаның орта мерзімді өсу бағамын айқындайтын факторлар оңтайлы қалыптасуда. Ол өткен жылғы теңгенің айырбастау бағамының серпінімен салыстырғанда тұрақты.
Жиын соңында жинақтаушы зейнетақы жүйесі 1998 жылдан бастап 2017 жылға дейін жалпы сомасы 1,1 трлн. теңге болатын 3.096.682 зейнетақы төлемі жүзеге асырылғандығы айтылды.
Сондай-ақ жиында, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық жұмыс кезеңінде жинақтарын жоғалту, зейнетақы төлемдерін алу кідірістері, төлемдерді толық көлемде төлемеу фактілерінің тіркелмегендігі атап өтілді. Салымшылар тарапынан зейнетақы төлемдері уақтылы жүзеге асырылып отыр.