Қарадаланың қасиет қонған өлке екеніне дүйім жұрттың көзі әлдеқашан жеткен. Аспанмен таласқан таулары, көз тартар баулары, атқақтап жатқан ыстық сулары, Ерен мен көмкерілген нулары, Шарындай шатқалы бар бұл даланы қасиет қонған демей не дейміз? Осынау табиғат байлығын сақтап, ұрпақтарға ұлағат ету аға буын мен біздің басты борышымыз. Жаратқан берген табиғатты қорғап, оны сақтау мақсатында елімізде түрлі шаралар атқарылып тұрады. Атап айтсақ, ел аумағында табиғи парктер құрылып, саябақтар, қорықтар мемлекет қамқорлығына алынды. Сондай мемлекет деңгейінде қорғалатын мемлекеттік парктің біреуі біздің аудан аумағында орналасқан – Шарын Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі.
Парк ҚР Үкіметінің 23 ақпан 2004 жылғы бұйрығымен Алматы облысындағы экологиялық, тарихи-ғылыми, эстетикалық табиғат байлығын қалпына келтіру және сақтау мақсатында 93150 га. жерге ұйымдастырылған болатын. Кейіннен парк аумағы кеңейтіліп, жалпы аумағы 127050 гектарға жетті. Бүгінде парк аумағында табиғаттың байлығы саналатын сирек кездесетін аң-құстар, өсімдіктер мен бұта-талдар бар. Атап айтсақ, 32 түрлі сүтқоректі, 18 түрлі бауырымен жорғалаушылар, қосмекенділердің 4, жәндіктердің 194, құстардың 100-ден астам түрі мекендейді. Бұлардың бірқатары ҚР Қызыл кітабына енгізілген.
Бүгінде паркке қарасты Шарын шатқалы шетелдіктер мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген туристердің қызыға да қызғана тамашалайтын көрікті мекені болып отыр. Дүниежүзінің екі мемлекетінде ғана кездесетін бұл шатқал алыс-жақын шетелдіктердің қызығушылығын тудыру үстінде, ал полеоген дәуірінен келе жатқан соғды ерені орманы да табиғат байлығының бір бөлшегі іспетті. Осындай байлықты күн-түн демей қорғап отырған парк қызметкерлерінің еңбегінің ерендігі айтпаса да түсінікті шығар. Жуырда аталмыш парктің 2017 жылы атқарылған жұмыстарының қорытынды есебі өтті. Есепке облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Асылжанов арнайы келді. Сонымен қатар аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалабай Мерейімов, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов және парк қызметкерлері қатысты. Парк директоры Елнұр Ахметов 2017 жылы атқарылған жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Баяндамадан аңғарғанымыз, өткен жыл еншісінде біраз ауқымды жұмыстар жасалған екен. Парк аумағында тіркелген заңсыз іс-әрекеттер әшкереленіп, айыппұлдар да салынған. Көгалдандыру, көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында парк тұқымбағында 3 гектар аумақты алып жатқан декоративті ағаш-бұталы өсімдіктер өсірілуде. Тазалау жұмыстары да жүйелі жүргізілген. Өткен жылы парк аумағына жалпы саны 10001 турист келген. Оның 5334-і – 32 мемлекеттен келген шетелдіктер. Сонымен қатар аудандағы мектептермен тығыз байланыс орнатылып, семинар сабақтар өткізіліп, мектеп оқушыларына табиғат-ананы аялау, оған қамқорлық таныту мақсатында лекциялар ұйымдастырылған. Әрине, мұндай сабақтардың жеткіншектер үшін маңызы зор. Өйткені табиғатымыздың таза болуы – ұрпағымыздың саулығының кепілі. Осы сынды ауқымды жұмыстар атқарған парк қызметкерлері 2017 жылды толағай тбыстармен тамамдаған.
Баяндамашыдан соң сөз алған Бауыржан Әділжанұлы Алматы облысы аумағындағы парктер мен қорықтар жайында біраз мағлұмат берді. Оларды құрудағы мақсат, бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде де біршама ой өрбітті. Сонымен қатар бүгінде табиғатты қорғау мақсатында бірқатар заң талаптарына енгізілген өзгертулер турасында сөз қозғады. Әсіресе сексеуіл ағаштарын қорғау үшін өткен жылы сауда саттық заңнамасына сексеуіл өнімдерін және монониттен жасалған балық аулайтын ауларды сауда нүктелерінде сатуға тыйым салынғандығын екшеп айтты. Егер қандай да бір сауда орындарында аталмыш өнімдер саудаланса, заңсыздықтың орын алып отырғанын ескертті. Бұл үшін жауапкершілікке тартылатындықтарын да айтып өтті. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қалабай Мерейімов, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов, Орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Камилжан Юлдашовтар да өз ойларын ортаға салып, мекеменің жұмыстарына көңілдері толатындықтарын жеткізді. Ал 38 жыл бойы табиғат қорғау саласында тынбай еңбек еткен Қасымқұл Құсайынов ағамыз қиындығы да, қызығы да мол саланың жұмысы турасында сөз қозғады. Табаны талмай, маңдай терін төге жүріп жұмыс істегеннің нәтижесінде абыройға да, беделге де ие болуға болатындығын айтты.
Жиыннан осындай байлығы бар жеріміз үшін кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп тарастық. Тек соны сақтай білсек екен…
А.ҚАБИ