Жыл басталысымен әр деңгейдегі әкімдер өз тұрғындары алдында атқарған жұмыстарының есебін берді. Барлығына дерлік қатысып, ауыл-ауылдарды аралап, жұртшылықтың өз әкімдеріне деген көзқарастарына куә болдық. Көңілі толғандар, риза болмағандар да кездесіп жатты. Алдын ала дайындалған сценарийді бұзбағандар да, ол қалыптан шығып кеткендер де болды. Аудан орталығындағы аудан әкімі Шухрат Нурахуновтың қорытынды есеп беру жиынына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззәт Тұрлашев қатысты. Жиын жүргізу қызметін қолына алған аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан алғашқы сөзді аудан басшысына берді.
Аудан әкімі Шухрат Нурахунов бір жыл бойы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарын тізбеледі. Жүн, тері өңдеу зауытының өз жұмысын бастағандығын, маусым кезінде 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырғандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ «Камердинова» жеке кәсіпкерлік орнының кондитерлік өнімдер шығарумен айналысатындығын, «Агнер» көмір брикеттерін шығаратын цехтың өз жұмысын бастап кеткендігін, жылыжайлар санының артқандығын, жалпы 94 жаңа жұмыс орнының ашылғандығын мәлімдеді. Ауылшаруашылығы саласы бойынша алма бақтары, абрикос алқаптары, грек жаңғағы, шабдалы, жүзім өсіру жұмыстарының дұрыс жолға қойылғандығын жеткізді көпшілікке. Он жаңа тұрғын үйдің 1 жетім, 6 тұрмысы нашар отбасылары мүшелері мен 3 мемлекеттік қызметкерге берілгендігінен құлағдар болдық. Ауыз су мәселесі, медицина, білім, әлеуметтік салаларға да жеке-жеке тоқталды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарын де түсіндірді.
Тұрғындар тарапынан түскен жазбаша сұрақтардың дені таза ауыз суы жетпей жатқан ауылдардың қашан таза суға қарық болатындығы және егістікті суғаратын каналдардың тазалануы жайында өрбіді. Ауыл тұрғыны Қанат Рысбаев өзінің мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жүргендігін ашына жеткізді. Ол сауалдарға тиісті лауазымды тұлғалар жауап берді. Облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов халықтың өзін-өзі қамтитын бөлігі жөнінде пікірін ашық айтып, ауылшаруашылығын басқарудың кешенді жүйесі қалыптаспағандығын сын тезіне алды. Бұрын қалалы жерлерді көкөніспен, бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ететін ауыл қазір қаладан сатып алып жүргендігін, сұраныс бола тұра өнімнің аудан тұрғындарын да қамти алмауы, сонымен қатар білім саласының ақсап тұрғандығын, ҰБТ нәтижесі бойынша ауданның ең соңғы орында қалғандығын, балаларға сапалы білім беру үшін мектептердің заманға лайықты, талапқа сай болу керектігін, Сүмбе орта мектебі мен №1 Шонжы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттігі, оған қаржы бөлу мәселесінің облыс деңгейінде шешілуіне ықпал етілуін нақты дәйектер арқылы жеткізді. Әкімнің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Нурвәг Сейитов әкімнің еңбегіне қанағаттанарлық деген бағасын беріп, ауданда соңғы кездері көптеген жұмыстардың істелгендігіне ризашылығын білдіріп, көп қабатты үйлер салынса, жастардың ауылда тұрақтануына мүмкіндік болар еді деген аталық ақылын айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты Берікбай Атагелдиев те білім сапасының төмендегендігін, жол қатынасын жақсарту үшін жолдардың жөндеуден өтуін, бірнеше ауылдағы мәдениет үйлерінің сын көтермей тұрғандығын тілге тиек етті. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Анвар Рашитов өзінің жас маман ретінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ілініп, пәтер алғандығын, төрт ұлдың әкесі атанғандығын мақтанышпен жеткізіп, Елбасының көреген саясатының арқасында бүгінде жүрек қалауымен таңдаған мамандығын игеріп отырғандығын айтты.
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззәт Махатұлы сөз алып, облыс деңгейінде қол жеткен жетістіктерді жіпке тізіп, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру 3,3 пайызға өскендігін, Жаркент өңірінің жүгерісі осыдан біраз жыл бұрынғыдай қардың астында қалмай толықтай сатылымға түсіп, кіріс кіргізіп отырғандығын, газ мәселесіне қатысты екі компания арасындағы келіспеушіліктер кесірінен ол жұмыстардың тұралап қалғандығын, дей тұрғанмен белгілі бір нәтиже болатындығына сендірді. Облыс көлемінде жаңа 33 мектеп, учаскелік инспекторларға 60 тұрғын үй салынғандығын да жеткізді. «Балапан» бағдарламасының облыста 95,3 пайызға орындалғандығын айтты. Біздің ауданда өнеркәсіп көлемінің төмендегендігін, білім сапасының нашарлығын, картоп пен пияздың көптеп өндірілетіндігіне қарамастан оның бағасының аспандап кеткендігін сынап алды. «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Ауданға жаңадан басшы болған Шухрат Турдахунұлының жұмысына табыс, аудан халқының тұрмысына байлық пен береке тілеп, есепті жиынның қорытындысын шығарды.
Әрине айтылған мәселелердің айтылған жерде қалмай, әр пікірдің нәтижесі шығып, көптің көңілін күпті еткен нәрселердің түйіні шешіліп, шындыққа көзі жетпей жүргендердің армандары орындалып, шын мәнінде озық отыз елдің қатарында тұрсақ деген тілеумен шықтық жиыннан. Қиындықтар мен ауыртпалықтарды жұмыла көтеріп, алдағы күннен жақсылық, үміт күтелік, бүгінімізден ертеңіміз жарқын боларына сенелік…
Баян
МАМЫРБАЕВА