Мұқағали Мақатаев сынды сирек таланттар ғасырда бір-ақ рет дүниеге келеді. Оның дарынын балаларынан, ұрпағынан іздеудің өзі қателік болар. Өйткені ол – дара. Мұқағалидың қазақ әдебиетіне қосқан ең басты жаңалығы ол әдебиетке қойылар планканы, талапты тым биіктетіп жібергені. Өлең жазудың үлкен өнер екенін, ал ақынның өнер алдындағы жауапкершілігі ең биік тұратын парыз екенін дәлелдеп берді. М.Мақатаев әлем философиясын оның ішінде Шығыс, Батыс, Түркі, Ислам философиясын, әлем поэзиясын ең аяғы сығандардың поэзиясын өте жетік меңгерген. Оның өлеңдерінде ақыл айту, көсемсу, шешенсу сияқты мінез жоқ. Оның өлеңдері кез келген адамның жан түкпірінде жатқан сырына, мұңына жол тауып жататын ерекше бір өмір. Ол сонысымен де тартымды, өміршең. Балаға да, қарияға да түсінікті. Сондай түсініктілігімен, ұғынықтылығымен, қарапайымдылығымен оның жырлары ұрпақтан ұрпаққа жеңіл, ешкімнің нұсқауынсыз, талабынсыз жетіп жатыр. Міне өлеңнің, нағыз өлеңнің құдіреті.
Биыл да жыл сайынғы дәстүрге сай аудандық мәдениет үйінде ақынның туған күніне арналған әдеби шығармашылық кеш өтті. «Біткен іске сыншы көп» демекші көрермен ретінде көңілің толатын, толмайтын, әттеген-ай дейтін, қобалжитын, рахаттанатын, өкпелейтін тұстар болуы заңдылық. Жарық сөндіріліп, Бекжан Тұрыстың орындауындағы «Бүгін менің туған күнім» әніне бейнеролик көрсетілу арқылы кеш шымылдығы ашылды. Ақынның образын сомдаған Қуаныш баламыз оның жан азабын, өлең жазу кезіндегі кейпін бейнелеуге тырысты. «О,Муза! Тағдырыма иемісің» атты әдеби-сазды поэзия кешінің кейіпкері Мұқағали ақын Музаға арнаған
…О, Муза! Әуреге салғаның-ай!
Күтемін сенен үміт, сенен жігер,
Қисаң маған, биік пен тереңді бер!
О, Муза!
Маған алыс сөреңді бер!
Ғайыптан кел де, мені демеп жібер, – деп өлеңнің тазасын, шынайысын, мөлдірін сұраса, Музасы болып ойнаған Мақпал «Мен сені сағынғанда» өлеңін оқып ақынға дем берді. Тағы да Мұқағали болған Қуаныштың сөзі: Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім?! Ақынның өз мемлекеті, өз қоғамы, өз дүниесі бар. Бұл аз дүние емес. Демек мен сол үшін өмір сүрем, сол үшін күресем. Күресем?! Кіммен, немен күресем? Өзіммен өзім бе?! Соңғы сөзді айтып өлу керек қой… Қандай сәби едім. О, Тәңірім! Түйсік бере көр, түсінік бере көр!…деп үлкен күрсініспен сахнадан кетеді. Әрине Мұқағалидың образын сомдау ауыр жүк. Қырық бес жыл өмір сүргенімен тоқсандағы ақсақалдың, данагөй қарияның ақылы, кемелі болды онда. Өлеңді өмірі деп қарады. Тарих дөңгелегі алға жылжыған сайын Мұқағали өлеңдері ұрпақтан-ұрпаққа еш науқансыз, насихатсыз жетіп келеді. Поэзия құдіреті деген осы болар. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке» ансамблінің мүшелері ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, оның өлмес жырларын оқыды. Қазақтың Ақбаяны атанып кеткен күміс көмей әнші Мәдина Ералиеваның орындауындағы «Күрең күз» әні де бұл күні Еркебұлан мен Сағыныштың орындауында жаңаша леппен жетті. Осы ән кештің музыкалық бөлімінің нүктесін қойды.
Әдеби сазды кештің қорытынды сөзін алған аудан әкімі Шухрат Нурахунов ғасырда бір-ақ рет туылатын дарын иесі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күнімен жиылғандарды құттықтап, оның поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры – өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы мен замандастарының арман-аңсары болғандығын, осылардың барлығын бүгінгі күнімізге қайталанбас дарынға сай шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесімімен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезімімен жеткізілгендігін әдемі баяндады. Бір шумақ өлеңін:
«Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
…Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» – деген бір шумақ өлеңін мысалға келтіріп, ақынның қалдырған бай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба беретіндігін айтып, сөзін аяқтады.
Әрине Мұқағали ақынның кеші бұдан да биік деңгейде өтсе деген арман әр көкейде тұрды. Дегенмен ақынның өлеңдері тағы бір рет Қарадала төсінде қалықтап, өзінше бір сезіммен жетіп жатты. Шүкір, ақын аруағы алдында әркім шама-шарқынша парыздарын өтеп келеді. Болашаққа жазып кеткен арызын да жас ұрпақ парықпен қарап, поэзиясымен сусындарын қандырып, оның өлеңдерін пір тұтқандықтарының өзі өлеңге деген құрмет, ақынға жасалған тағзым…
Баян
МАМЫРБАЕВА