Басты бет Мәдениет және руханият МЕН ТАУЛЫҚПЫН! ТАУДАН МЕН ЖАРАТЫЛҒАМ…

МЕН ТАУЛЫҚПЫН! ТАУДАН МЕН ЖАРАТЫЛҒАМ…

0
5,843

Жара-тушы иемнің ғасырда бір рет қана жарататын дарын иелері болады. Құдірет деген де осы болар, бәлкім.  Ол ерекше дауыс иесі, көмейіне бұлбұл ұя салған әнші болуы мүмкін немесе табиғатты, әлемді басқаша көзбен көре алатын қасиетке ие қылқалам шебері, яғни суретші болуы мүмкін. Әдебиет әлеміне ешкімге ұқсамайтын шұрайлы сөздерімен сәулет құрайтын, өзгеше дүние жасайтын жазушы немесе әр сөзі жүректерге жан кіргізетін, көкірекке нұр құятын, жыр жауһарын жиғызатын ақын болуы мүмкін. «Мені өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы мен аяғы бар. Ол кейде күлімдеген, кейде түңілген жанымның құдды дауысындай…» деп өзіне өзі мінездеме берген, өз бағасын білген, ғасырда бір-ақ рет туылатын дарын иесі Мұқағали Мақатаевтың бүгін туған күні.

Мұқағали жырларын білмейтін жан кемде-кем, тіпті өлеңнің иісі мұрындарына бармайтын, поэзия әлеміне шошына қарайтын адамдардың өздері де Мұқағалидың кім екенін айта алады. Оның өлеңдері көңіл түкпіріндегі терең сырымыз, жанымыздың күйзелісі, махаббатымыздың симфониясы, рухани дүниеміздің айқайы дей аламыз.
Ақынмын деп қалай мен айта
аламын,
Халқымның өз айтқанын
қайталадым.
…Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын. Мен ерекше ештеңе жасағаным жоқ, ұлтымның бар дүниесін әрлеп, әспеттеп жеткізгенім болмаса дегенді айтқысы келді. Әрине көзі тірісінде бәлкім мінезінің қырсықтығы, мүмкін бір қалыпқа басы симағандығы болар аңызға бергісіз талай әңгімелер, сыпсыңдаулар болғаны рас. Болашақты болжап кеткендей, өзінен кейін өлеңдерінің, адами қалыбының ел есінде сақталатындығын сезгендей қасиетін де жырына арқау етті. «Жазылар естеліктер мен туралы» деген өлеңін есімізге түсірелік.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,
Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін
«жылынуды»,
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.

Жоқ жанды қиған емес жамандауға,
Сол үшін рақмет адамдарға.
Білемін, әйтеуір бір
замандарда,
Жүреді жүз жыл жасап
жаман қарға…

Жазылар естеліктер
нешелеген,
Көрерміз оның
бәрін
пешенеден.
Әйтеуір,
білетінім
бір-ақ
нәрсе
Көшеді өлең немесе өшеді өлең.
Қулары таудың қызыл түлкісі дер,
Момын-дар біздің үйдің кірпіші дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер? – деп жырлайды. Таңқалмасқа шара жоқ. Өзі туралы көптеген пікірлер айтылатындығын да болжаған көріпкел дерсің. Біраз шегініс жасалық. Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырылып қойған аты – Мұқаметқали. Бірақ «Пайғамбар атын алып жүру жас балаға ауырлық етеді» деп есептеген ата-анасы оны кішкентай күнінен «Мұқағали» деп еркелеткен. Тұңғыштары Мұқағалидың ізін ала туылған бір қызы мен бір ұлы ерте шетінеген Сүлеймен әкей мен Нағиман шешей олардан кейін Тоқтарбай, Көрпеш атты екі ұл сүйген. Нағиман ананың естелігінде үйдің тұңғышы болғандықтан Мұқағали Тиын әжесіне табиғи болып, анасын жеңге есебінде санаған.
…Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса… нені көрем? – деп өзі жырлағандай ер мінезді әжесін қатты құрметтеген. Сол әженің бойына сіңірген айбыны, мінезі оның тұлға болып қалыптасуына септігін тигізгені де ақиқат. Батыр шалыс әжесі бірде көкпар тартып жүріп аттан жығылған жары Мақатайдың аяғын «Бұл саған енді аяқ болмайды, іріңдейді» деп дәрігерге апармастан жіліншігінің сынған жерінен балтамен шауып тастаса керек. Соны білетін ауылдың көнекөз қариялары қайсарлығына байланысты Мұқағалиды «Тиын әжесіне тартқан» дейді екен. Мұқағали да өз қатарластары сияқты тағдырдың ащы дәмін ерте тартты. «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?» атты өлеңінде ақынның өзі:
…Сағынам ба түстерін,
кештеріңді?!
Жалаң аяқ таңғы шық кешкенімді.

Өткенімді білдірмей, өскенімді,
Жүре бердім жамылып бөстегімді, – деп сыр шертсе, енді бірде:
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас, көзімізден жас ақты.
Бірақ сол дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізді бір-бір батыр жасапты.
…Сол жылдарға қарғыс айту жат
маған,
Сондағы мен ерлігіме мақтанам.
Балғын ұрпақ, сенің болашағыңды,
Біле білсең мына біздер сақтаған, – деп ағынан жарылады. Балалық шақтан бастау алған ақындық дарыны ержете келе үлкен дауылпазға айналдырды. Анасының естелігіне жүгінер болсақ, Мұқағали он төрт, он бес жасында өлеңге шындап ден қойыпты. Төбесі аласа қоржын тамға қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, шаршамай, шалдықпай оқумен болады. Ол қазақ классиктерінен бөлек орыс әдебиетін, оның ішінде Пушкин, Есенин, Блок, шетел әдебиетінен Гейне, Гете, Дюма, Гюго, Байрон, Драйзер, Стендаль еңбектерін, әсіресе Бальзак, Лондон, Шекспир шығармаларын жоғары бағалапты. Ақынның кереметтей біліміне тәнті болған жазушы М.Қабанбайдың «Ұлттың коды жазылған ақын» атты мақаласында бұл ойы анық дәлелдеген. Аз-кем сұхбаттасқан профессор «Мұндай телегей-теңіз білімді қазаққа алғаш кездесуім» деп ерекше таңырқаған көрінеді. Яғни Мұқағали – тек сол кездері ғана емес, күні бүгінге дейін қылаң беріп қалатын «Тума талантқа көп оқудың қажеті жоқ» деген ұшқары ойды жоққа шығарған кемел тұлға. Өзі айтпақшы, нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы керек. Поэзияда философ болу – өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін адам жанының инженері болып қалу деген қағиданы ұстанып өткен ақынның туған күнін атап өту жақсы дәстүрге айналған. Оның өлеңдері – тұнып тұрған пәлсапа. Оның өлеңдерінің өзі – нағыз өмір. Олай болса біз де ақынның туған күнінде қысқаша естелік айтып, баспа беттерінен оқыған, тоқығандарымызбен бөліскіміз келді. Қарапайым Қарасазын өлеңдері арқылы әлемге танытқан Мұқағалидың жыр-дастаны халқы барда өлмек емес. Ал ақындық жолына түскендер Мұқаңа ұқсап әлемдік деңгейдегі классиктердің еңбектерін оқудан жалықпасын.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…