Басты бет Тағзым НАМЫСЫМНЫҢ ШЫРАҒЫ…

НАМЫСЫМНЫҢ ШЫРАҒЫ…

0
1,181

Қазақ еліне тәуелсіздіктің таңы оңайлықпен атқан жоқ. Ол ғасырлар бойғы күреспен, бабалар қанымен, аналар жасымен келді. Жоңғардың шапқыншылығына, орыстың отаршылдығына ойран болмады. Ашаршылықта азса да, рухы тозбады. Желтоқсанда жастар жалпақ әлемді дүр сілкіндіріп, қазақ деген ұлттың ұлылығын паш етті. Міне, осындай қан кешкен қатал заманда жетім қалған баланы, жесір қалған ананы, қаңырап қалған даланы ойлаған ойлыларымыз бен даналарымыз, батыр бабаларымыз басын бәйгеге тікті. Солардың бірі әрі соңғысы – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасындағы жастардың қан төгуі еді.
Қа-зақ даласын күңіренткен жастардың көтерілісі жайдан-жай шықпады. Қазақ жерін орыстандырып, тарихы мен дәстүрінен, тілі мен ділінен айыруды көздеген отаршыл топтың саясаты сол уақытқа дейін жергілікті халықтың ашу-ызасына тиіп келгені ақиқат. Іс қағаздарды толығымен орыс тіліне көшіру, барлық білім ошақтарында білім беруді тек орыс тілінде жүргізу, қазақ тіліндегі мектептерді біртіндеп жабу саясаты республикада қазақ тілінің қолданыс аясын толық шектеуге алып келді. Деректерге сүйенсек, 80-ші жылдардың орта шеніне дейін Қазақстанда 700-ге жуық ұлттық мектеп жабылып, миллионға жуық тұрғыны бар Алматыда жалғыз ғана қазақ мектебі қалған. Өз жерінде тұрып ана тілінде сөйлей алмау, әлеуметтік-экономикалық теңсіздікте өмір сүру, өз ұлттық болмысынан жапа шегу нағыз қорлық болатын. Ал Алматыға оқу қуып, жұмыс іздеп барған жастар тек жатақханалар мен империялық ұлт өкілдерінің пәтерлерінде күнелтті. Бұл – кешегі күннің шындығы.
1986 жыл. 16 желтоқсан. Мәскеу Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бас хатшылығына осыған дейін қазақ даласына аяқ басып көрмеген Г.Колбинді тағайындады. Дәл осыған шыдамаған қазақ жастары Алматының қақ ортасына жиналып, Кеңес билігіне наразылықтарын білдірді. «Қазақ даласына неге қазақтан басшы тағайындалмайды?» дегендей көкейді тілгілеген сұрақтармен, «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа — өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып, 17 желтоқсанда Алматының бас алаңына қарай ағылған қазақ жастарының ойында Үкіметке қарсы көтеріліс жасау атымен болған жоқ. Тек қарусыз, қамсыз түрде билікке наразылықтарын бейбіт түрде ғана жеткізгісі келді. Бірақ биліктің түсінігі басқаша еді. Қол астындағы бұратана халықтың бас көтергеніне кірпідей жиырылды. Алматыға жер-жерден әскери күштер жинастырып, қазақ жастарына қарумен қарсы тұрды.
Қақаған қыс. Ызғарлы аяз. Тастай су. Тепкі мен таяқ. Улы газ. Міне, мұның бәрі қазақ жастарына қарсы қолданылды. Ұлт намысын жоқтаған ұландар өлімші етіп сабалды, таяққа жығылды, жараланды. Аязды күні суық сумен атқылап, газға тұншықтырылып, өрт сөндіру көліктерінің табанына тапталды, итке таланды. Қыздарымызды да шаштан сүйреп, іштен тепкіледі. Ол бейбастыққа шыдамай қорған болған ер-азаматтарымыз да саперлердің таяғымен тоқтатылды. Осылайша аяусыз зорланған қазақ қыздары мен намысы қорланған қазақ жігіттері оқиғадан соң да жаппай қудалануға түсті.
Талай көміліп, жария болмаған деректер тәуелсіздіктен соң жарыққа шықты. Талай шындықтың беті ашылды, небір сұмдық қылмыстарды жасаушылардың ісі жария болды. Өйткені сол кездегі желтоқсан оқиғасы туралы бүкілодақтық орталық телеарналар мен баспасөз құралдары қазақ жастарын ұлтшыл, бұзақы, нашақор, маскүнем деп айыптап, үдере шулаған болатын. Тіпті республика басшылығындағылар «ешқандай әскери күш, қару қолданылған жоқ, арандату, қорқыту, үркіту болған жоқ, адам құқы бұзылған жоқ, адам шығыны орын алған жоқ», тек «бұзақы тобырлар» мен «ұлтшылдарды» тыныштандыру үшін талапқа сай амалдар қолданылды» деген сынды ойдан құрастырылған жалған ақпараттар таратты. Әрине бұл жағдайдың шындығынан әлем жұртшылығы да бейхабар еді. Ал шеруге шығып «бүлікшіл» атанғандарды жазалағандар биліктен жасырын марапат та алған екен. Оқиға құрбандары жайлы ақпараттар із-түзсіз жойылды. Өмірлік «бүлікшіл» деген таңба басылып, ата-анасы, туған туыстарымен қудалауға түскендер ішінде Қайрат, Ләззат, Сәбира сияқты жастар жалған жаланың құрбаны болды. Ресми деректерге арқа сүйесек, аталмыш оқиғаға қатысы бар деген 8500-дей адам ұсталып, 99-ы түрлі мерзімге сотталған екен. Жүздеген адам әкімшілік тәртіпте жазаланған. 300-ден аса жас жоғары оқу орындарынан, 319 адам жұмыстан, 52 адам партия, 758 адам бүкілодақтық Ленин комсомолы жастары қатарынан шығарылған. Олар туралы айтылмады, жазылмады. Қандай да бір тілшілер бұл ақиқаттың астарына үңілсе, аяусыз қудалауға түсті. Әйтеуір бас көтеріп, «мен» дегендер бірден сахнадан ысырылып отырды.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді», – деген баға береді. Рас, бұл азаттыққа деген алғашқы қадам еді, тәуелсіздікке деген аңсау еді… Жылдар бойғы жымысқы саясаттың салдарынан сағы сынуға шақ қалған ұлттың ішкі толқынысынан туған наразылық болатын. Ар-намысы жолындағы ашық айқас десе де болатындай. Сондықтан да бұл оқиға бүгінгі тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі болмақ. Осы қазақ жастарының көтерілісінен соң жер-жерде толқулар болып, ақыры араға 5 жыл салып, алып империя өз дәуренін аяқтады. Сондықтан біз кешегі 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаны бір сәтке де естен шығармауға тиіспіз. Өйткені ол – тарих. Ал тарихты бұрмалау, жалған ақпаратқа толтыру, ұмыту біздің санамызды тұмшалап, жадымызды жояды, тұнығымызды лайлап, мәңгүрттікке бастайды. Бір сөзбен айтқанда ұлт ретінде жойылуымызға жол ашады. Ендеше біз желтоқсандағы қаһармандарымыздың ерлік ісімен мақтануға тиістіміз!

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …