САН ҒАСЫРЛЫҚ АРМАН

0
2,419

Данасы мен батыры көп қазақпын,
Көрген талай қияметін азаптың.
Аршындаймын көк туымды шалқытып,
Жасай берсін, тәуелсіздік, азат күн!
Тәуелсіздік! Бостандық! Кім-кімнің де жүрегіне жағымды, жайлы сөз. Қалай тебіренбессің? Қалай толқымассың ?!
Жол! Тәуелсіздік жолы. Ол алыс пен жақынды қосады. Кешегі мен болашақты жалғайды.
Біз, қазақ, ғасырлар бойы жоқ іздеген халықпыз.
Жоғалтқанымыз, ең асылымыз тәуелсіздік еді. Біз осы асылды іздеп соқпаққа да, сүрлеуге де түстік, кейде жолға да түскендей болдық, тығырыққа да тірелдік. Сол кезде халқымыз жоңғарлардың тегеурінді тепкісіне, ойраттардың ойранына, орыстардың үш ғасырдай отаршылдығына төтеп беріп, ұлттың ата-баба дәстүрін қалтарыста қалдырмай, ұлт болмысын ешбір жауға алдырмай келді. Сонау «Қасым хан» тұсында миллиондаған қазақ «Ақтабан шұбырынды» кезінде үлкен қанды қырғынға ұшырады.
Енді міне, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін салтанатты түрде жариялағаннан кейін Елбасымыз сайланды. Бұл қуаныш «Отаным, елім, жұртым» деген әрбір азаматтың жүрегінен орын алатыны айдан анық. Шет елден қаншама қандастарымыз оралды. Олардың қуаныштары қойнына сыймай, төбелері көкке жеткендей қуанды. Біздің туысымыз – тәуелсіздік, тілегіміз – бейбітшілік, сондықтан жанжал атаулыны болдырмау үшін бар ерік-жігерімізді аямауымыз керек. Еркіндік жолында еліміздің алдыңғы қатарлы азаматтары күрес жүргізді. «Көп ащыдан кейін бір тұщы» дегендей, солардың ерен еңбектерінің арқасында азаттыққа қол жетті. Ол азаттық оңайлықпен жеткен жоқ. Осы жолда мыңдаған боздақтар қаза тапты, аштан қырылды, шетелдерге тентіреп кетті, зиялы қауымын жоғалтты, тілі мен ұлтының мәдениетінен айырылуға айналды. Осындай шақта жеткен тәуелсіздік еді бұл.
Бостандықта еркін бір дем алғалы,
Орындалып мың жылдық ел арманы.
Тәуелсіздік жолында қанын төккен,
Бабаларым бұл күнді көре алмады.
Бабаларымыздың қолы жетпеген арманына біздің қолымыз жетіп, азат ел болдық. Бұл біздің ХХ ғасырдағы тарихтың баға жетпес сыйы еді. Қазақстанның тәуелсіздік алуына оның аумағында тұратын басқа ұлт өкілдері де едәуір үлес қосты. Суын ішіп, жерін жайлап, төріне шығарған қазақ халқын сыйлай білетін олардың көпшілігі тәуелсіздігімізді шын жүрегімен қолдады. Біз тәуекел қайығына міндік, басқа халықтар ғасыр бойы өткен жолдан біз 26 жылда өттік. Тарихта ол уақыт қас-қағымдай.
Солай бола тұрса да бізге өз тәуелсіздігіміз қымбат. Ол бізге қымбат – ата-баба рухын көтергені үшін. Ол қымбат – ата тарихымыздың, ана тіліміз бен дінімізді қаз-қаз тұрғызып, «қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізгені үшін. Ол бізге қымбат – «Отан» деп жүрегімізді қақтырып, «елім» деп елеңдетіп, «жерім» деп желпіндіріп, барша алпыс екі тамырымызды игізіп, ата жұртын сүйдіргені үшін. Ғасыр бойы армандаған ұлт бостандығы, тәуелсіздігіміз – біздің бұл күнгі ең асыл, ең қымбат қазынамыз. Біздің бүгінгі егемендігіміз – ертеңгі болашағымыз.
Мен барын жоғалтпаған, жоғын түгендей алған, өз дәулетіне өзі ие болып, өзгелерге есесін жібере қоймайтын өнерлі де өркенді ел болғанымызды қалар едім. Үміт – болашақ арқауы. Ел болашаққа сенеді, үміт артады. Біздің болашағымыз – тәуелсіздігіміз тағдырының биіктігіне өмірдің көріктілігіне байланысты жаңа жарқ еткен дәуірде еркін дәурен сүруге жазсын. Отанымыздың мәртебесі артсын.
Бүгінгі күні еліміз дамыған елу елдің қатарына еніп, Елбасының еліне жолдаған Жолдауында мәңгілік ел атанып, бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында көк байрағымызды көкке желбірете жүйткіген тұлпардың тұяғы мұқалмаса екен деп тілейік. Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Кеуерхан АХМЕТОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Кепебұлақ ауылы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…