Міне, еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма алты жыл да болды. Уақыт қалай тез өтеді. Зымырап алға озған уақыт кері қайырылмайды. Көзді ашып- жұмғанша кешегі дүниеге келген жас сәби, енді міне, жиырма алты жасқа келген парасатты ана мен жігіт болды емес пе!
Адамзат қоғамының тарихы үшін жиырма алты жыл деген ұзақ мерзім емес. Дегенмен Қазақстан үшін бұл жылдар аса маңызды тарихи оқиғаларға толы болды: осы жылдар ішінде тәуелсіз қазақ мемлекеттік жүйесін бес ғасырлық үзілістен кейін қайтадан қалпына келтірді, еліміз өз билігін өз қолына алды. Әлемнің жүзден астам мемлекеті Қазақстанның дербестігін таныды.
Желтоқсан оқиғасы. Бұл сөзді естігенде кез келген қазақ баласының көзіне үйірілген жас толады, мұңға тұнады. Ел басына күн туған, ызғарлы желтоқсан айы талай қазақ баласын, қарагөз қыздарды жан түршігер азапқа салған уақыт. Қайраттай ұл мен Ләззаттай қызымыз қаншама қыршын жас ел еркіндігін аңсап, өмірден өтті. Олар жай кеткен жоқ. Тәуелсіздік жақын деген алғашқы қоңырауды соғып кетті.
Желтоқсан оқиғасы әлемді дүр сілкіндіргенімен әлі күнге дейін талай қандастарымыздың санасын сілкіндіре алмай келеді. Олай дейтін себебіміз, қазіргі таңда желтоқсан оқиғасынан хабарсыз жастарымыздың кездесуі, ал Кеңес дәуірінің тарихын оқыған жоғары буынның 1905 жылғы қанды жексенбіні білмейтіні кемде кем.
Осы орайда еліміздің егемендігін аңсаған ұл-қыздарымыздың тағдырын жырға қосқан ақындарымызға назар аударсақ, ең алдымен Мұхтар Шаханов поэзиясы тілімізге тиек бола алады. КСРО халық депутаттарының І съезінде басын бәйгеге тігіп, желтоқсан оқиғасы жөнінде алғаш рет мәселе көтерген, Шыңғыс Айтматовша айтсақ, «Кремьлдің қабырғасында тұп тура бомба жарылғандай» етіп сөз сөйлеген Мұхтар Шахановтың съезд мінберіндегі үш минуты болашақ үшін ақиқаттың бастауындай болған еді. Ақын тілімен айтсақ:
Арман ойда күмбір – күмбір күй қызып,
Арғымақтың жал құйрығын түйгізіп,
Аңыратып, көсілтіп бір жүректің,
Үлкен сөзін үш минутқа сыйғызып.
Көк тіреді көңіл біткен бір жасап.
Үш-ақ минут жетеді екен мәрттікке,
Шығу үшін мәңгі өлмейтін жыр қашап.
Өз мүсінінің тұғырын соққан желтоқсандық жастардың қатарында ерекше орын алып, небәрі 22 жас жасап, жасындай қысқа ғұмыр кешкен, ұлттық батырымыз Қайрат Рысқұлбековтың есімін, ерлігін білмейтін қазақстандықты табуымыз қиын. Осы бауырымызға Көктеректе ескерткіш ашылғанда ақын Мұхтар ағамыздың оқыған жыры Қайраттың рухын бұрынғыдан да көтеріп жібергендей еді.
Жігеріңмен көктен өтіп,
Ұлт мүддесін шекпен етіп,
Төбең бір сәт көкке жетіп,
Өз өлкеңе ескерткіш боп,
Оралдың ба айдарлым.
Қиын сәтте жалау еткен намысын,
Бағың жансын, қайсар ұлым,
Жанын қиған ел үшін.
Алматыға Ноғайбайдың ұлы болып аттанып,
Бар қазақтың мақтаны боп,
Қайта оралған арысым!
Арада 4 жыл өткен соң, 1990 жылы Республикалық алаңда бас қосып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын есте қалдыруға арналған ескерткіш тақта орнату рәсімі болды.
Бұл ескерткіш тақта – бүкіл қазақ халқының, қала берді республикамызда мекендейтін барлық ұлттардың рухани жеңісі.
Бұл тақта – аузынан ана сүті кеппей жатып, шашынан сүйретіліп сабалған, жазықсыз жалаға ұрынған бүлдіршін қыздың көз жасына қойылған ескерткіш.
Бұл тақта – әлемде әлі зорлық бар деп ұғынып үлгермеген қаншама жас жігіттер мен қыздардың әділетсіздікпен бетпе-бет ұшырасқан қайғылы шағының ескерткіші.
Бұл тақта – негізсіз күдікке, қудалауға ұшыраған немесе ұл-қызын күтіп, түрменің тас есігінен сығалаған қанша аналарымыз бен әкелеріміздің төзіміне қойылған ескерткіш.
БҰЛ ТАҚТАДА: «Елді сол кездегідей солақай басқаруға болмайды, ұлттың арысын, халықтың намысын аяққа басуға болмайды, өйткені әділет жеңбей қоймайды», – дегендей тәуелсіздіктің шежіре – тарихы бардай сезінесің.
Жиырма бірінші ақпанда Республика Жоғары Сотының пленумы болып өтіп, алты Алаштың алақанына салып, ардақ тұтқан жас азаматтары – Қайрат Рысқұлбеков, Түгелбай Тәшенов, Қайыргелді Күзембаев және тағы басқа желтоқсандықтар толық ақталды.
Біз – осы тәуелсіз елдің ұрпақтарымыз. Біз үшін мұнан үлкен мақтаныш жоқ шығар. Нендей жақсылық, ерлік жасасақ, өзіміздің тәуелсіз еліміз үшін, Отанымыз үшін жасадық. Өйткені біз ешкімге жалтақтамайтын еркін елдің ұрпақтарымыз!
Сайран АСРАНДИН,
тарих пәнінің мұғалімі
Кепебұлақ ауылы