Басты бет Таза Қазақстан ОРМАНДЫ КҮТУ – БОЛАШАҚТЫ ҚОРҒАУ

ОРМАНДЫ КҮТУ – БОЛАШАҚТЫ ҚОРҒАУ

0
26

Орманшылар үшін табиғаттың тазалығы аса  маңызды. Жаз айларында орман-тоғайда өрттің шығуына жол бермеуге тырыссақ, енді күзде шіріген, қураған бұтақтардан тазалау жұмыстарымен айналысып кеттік. Тазалық кез келген жерде керек. Адамның өз бойынан басталатын тазалық, үй ішінде, аулада, көшеде ғана емес орманды алқапта, өзен жағалауларында да болғаны шарт. Өйткені табиғаттың тазалығы адам үшін маңызды. Ауамыз таза болса, адамның денсаулығы да мықты болары даусыз.

Орман – тек ағаш емес. Ол – оттегі мен өмірдің көзі, климаттың теңгерімі, жердің тіршілігі, су көздерінің бастауы. Сондықтан орманды сақтау – елдің экологиялық қауіпсіздігін сақтау. Жалпы орман шаруашылығы қызметкерлері осы ұлы міндетті иықтарында арқалап келе жатқан, көзге көп көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызы зор мамандар қауымы десек артық айтқандық бола қоймаспыз. Орманшы еңбегі – төзім мен жауапкершіліктің өлшемі. Осы салада еңбек етіп, тер төгіп жүргендіктен оның қиындықтарын өзіміз жақсы білеміз. Орман шаруашылығы қызметкерлері тек ағаш отырғызып, көшет тігіп, өшпей қалған шоқты өшіріп жүрген адам емес. Ол – эколог, инженер, биотехнолог, өрт сөндіруші, кейде құтқарушы.

Күн сайын орманшылар жаңғырту жұмыстарымен айналысады, жас шыбықтар отырғызады, өрттің алдын алу шараларын ұйымдастырады, бұзақылардан, заңсыз ағаш кесушілерден табиғатты қорғайды, жануарлар мен өсімдіктер әлемін бақылап, есепке алады. Кейде олар аптап ыстықта, кейде қарлы боранда, кейде шөл мен тауда жүреді. Бұл – нағыз төзімділікті талап ететін еңбек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы мен «Біртұтас экожүйе» бағдарламасы – еліміздің орман саласын жаңа деңгейге көтерді.

Республика бойынша соңғы үш жылда 500 миллионнан астам ағаш отырғызылды,10 мың гектар жаңа орман алқаптары құрылды, құрғақшылық аймақтарда сексеуіл егу жұмыстары қарқын алды, ересек орманшылардың тәлімінде жүрген жастар – «Жасыл ел» жасағына бірігіп, экологиялық мәдениетті нығайтып жүр. Орманшылар тек ағаш егумен шектелмейді – олар экологиялық тәрбие, табиғатты сүю, туған жерге қамқор болу идеяларын насихаттайды.

Ғалымдардың айтуынша, соңғы 50 жылда Қазақстанда орташа температура 1,3 градусқа көтерілген. Бұл – құрғақшылықтың артуы мен экожүйелердің өзгеруіне әкеліп отыр. Ал орман – климаттың басты «тұрақтандырушысы». Әрбір гектар орман жылына 20 тоннаға дейін көмірқышқыл газын сіңіреді. Сондықтан елдегі орман қорын арттыру – климаттық бейімделудің ең тиімді жолдарының бірі.

Адамдар көбіне орманшыларды тек табиғат күзетшісі деп қабылдайды. Алайда олардың ішінде өрттен адам құтқарған, аңды браконьерден арашалаған, боранда адасқан туристі тапқан ержүрек жандар көп.

Мысалы орман тек мемлекеттік меншік емес – ол әр қазақстандықтың рухани байлығы. Сондықтан орманды қорғау – бәріміздің парызымыз.

Бүгінде көптеген өңірлерде тұрғындар мен еріктілер «Ағаш егу күні», «Таза Қазақстан» акциялары арқылы табиғатқа қамқорлық танытып жүр.

Бұл – ұлттың экологиялық мәдениетінің артуының белгісі.

Мемлекет басшысы жыл сайын орманшылардың еңбегін ерекше атап өтіп, табиғатты қорғау – ұлт қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін еске салады.

Орманшылар – жасыл әлемнің жауынгерлері, табиғаттың тынысын сезетін адамдар. Олар тыныштықта жұмыс істейді, бірақ олардың еңбегінің нәтижесін әрбір қазақстандық көреді: таза ауа, жасыл орман, табиғи әсемдік. Табиғатымыздың тазалығы әр адам үшін маңызды. Сондықтан орманымызды өрттен, өзен-көлдерімізді күл-қоқыстан сақтайық.

     Хамзат СЕИТОВ,

Долқун СМОЛИНОВ,

Қарадала орман шаруашылығы мекемесі

Шарын орманшылығының орман күтушілері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Қапшағай су қоймасы балық шабақтарымен толықтырылды

Қапшағай су қоймасының жағасында «Өзенді балыққа толтыру» атты ауқымды экологиялық акция ө…