Басты бет Заң және қоғам ЕСІРТКІ – ЕРКІНДІККЕ ТҮСКЕН ТҰСАУ

ЕСІРТКІ – ЕРКІНДІККЕ ТҮСКЕН ТҰСАУ

0
33

Қоғамға қауіп төндіретін кеселдің түрі көп. Соның бірі – адамның санасын тұмшалап, еркіндігін шектеп, отбасынан және қалыпты өмірінен алыстататын есірткіге тәуелділік. Бұл жеке адамның мәселесі болып көрінгенімен, түптеп келгенде, отбасы мен қоғамға салмақ түсіретін күрделі әлеуметтік мәселе.

Бүгінде есірткі бизнесінің сипаты да өзгерді. Қылмыстық топтар интернет, мессенджерлер, криптовалюта және даркнет сияқты заманауи технологияларды пайдаланып, заңсыз сауданы жасырын жүргізудің жаңа жолдарын тауып отыр. Демек, қауіптің ауқымы кеңейіп, онымен күрестің де жаңа тәсілдерін талап етуде.

Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы құқықтық шаралар күшейтіліп келеді. 2025 жылы заңсыз айналымнан 31,7 тонна есірткі тәркіленіп, 109 жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды. Ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында 4,5 мыңнан астам есірткі құқық бұзушылығы анықталып, 21 тоннадан астам есірткі тәркіленген. 2025 жылғы заңнамалық өзгерістермен есірткі өндірісін ұйымдастырушылар мен заңсыз айналымға қатысушыларға жауапкершілік те күшейтілді. Мұның бәрі маңызды. Себебі есірткіні өндіріп, тарататын қылмыстық топтардың жолын кесу  қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты бағыттарының бірі. Алайда мәселенің екінші, одан да маңызды қыры бар. Біз есірткіні таратып жүрген адамды ғана емес, оның құрбаны болуы мүмкін жасөспірімді де қорғауымыз керек.

Осы тұста Абайдың адам тәрбиесіне қатысты ойларының мәні арта түседі. Ақын адам бойындағы ақыл, қайрат, ар-ұят секілді қасиеттердің маңызын үнемі алға шығарды. Оның түсінігінде адам өзін-өзі тәрбиелей алғанда ғана кемелдікке ұмтылады. Бұл қағида бүгін де өзекті. Өйткені заң адамды сыртқы әрекетінен тежей алады, бірақ оның ішкі таңдауын толық басқара алмайды. Жасөспірім қауіпті ұсынысқа тап болғанда, оны қорғайтын ең мықты қалқан  оның санасы мен өмірлік ұстанымы. Сондықтан есірткі профилактикасын тек «есірткі қолданба» деген ескертумен шектеуге болмайды. Балаға дұрыс таңдау жасауды үйрету, оның бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт пен шығармашылыққа тарту, отбасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру, мектеп пен ата-ананың бірлесіп жұмыс істеуі  алдын алудың негізгі тетіктері. Әсіресе ата-ананың рөлі ерекше. Жасөспірімнің кіммен араласатынын, қандай ортада жүргенін, интернеттен не көретінін бақылау ғана емес, онымен ашық сөйлесу маңызды. Себебі балаға ең алдымен жазалаушы емес, қажет кезде ақыл сұрай алатын сенімді адам керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күресті «ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу» міндетімен байланыстырған болатын. Бұл сөз мәселенің қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Себебі бүгінгі жас ертеңгі маман, ата-ана, қоғам мүшесі. Оның тағдырына түскен кез келген қауіп елдің болашағына әсер етеді. Сондықтан есірткіге қарсы күрестің нәтижесін тек тәркіленген есірткінің көлемімен немесе ұсталған адамдардың санымен бағалау аздық етеді. Оның шынайы нәтижесі  есірткіге тәуелді болмаған жас, бұзылмаған отбасы, сақталған адам тағдыры.

Есірткі бизнесіне қатаң тосқауыл қажет. Бірақ қатаң заңмен қатар, мықты тәрбие де керек. Себебі қылмыс жасалғаннан кейінгі жаза  салдармен күрес болса, баланы қауіпті жолға түспей тұрып қорғау  себеппен күрес. Абайдың адам болмысы туралы ойларының бүгінгі күнмен сабақтасатын тұсы да осында. Адамның тағдырын оның таңдауы қалыптастырады. Ал дұрыс таңдау жасай алатын саналы ұрпақ тәрбиелеу  отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

 С. БАЗАРҚҰЛОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕМЛЕКЕТШІЛ БОЛҒАНДА ЕЛІМІЗ КӨРКЕЙЕДІ

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес с…