«Тиірмен» бастауыш партия ұйымы өз жұмысында партиялық жобалардың жүзеге асырылуын басты назарда ұстап келеді. Бүгінгі күнде партияның 178 мүшесі бар. БПҰ мүшелері қайырымдылық акциясын өткізумен қатар, қарттар күнінде, мереке күндері концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, қариялар мен мүгедек жандардың көңілін көтеріп, қуаныш жылуын сыйлауды басты назарда ұстайды.
Бізді ұйымға біріктірген басты нәрсе – елдің болашақтағы гүлденуі мен тағдырына деген жауапкершілік сезімі мен партия жұмысына деген сенімділік. Бүгінгі күнде БПҰ-ның жас мүшелері де партиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, «Жастар Отанға», «Ардагерлерді ардақтайық», «Сәтті қадам», «Кедергісіз келешек» сияқты жобаларын ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттап, түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Мықты ұлт дегеніміз – мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне үлес қосуға дайын тұратын жауапты азаматтар. Біз еліміздің азаматтары еркін, ынтымақшыл, заңға бағынатын, болашаққа ұмтылғыш, дәстүр мен мәдениетті құрметтейтін, отбасы құндылықтарын қастерлейтін және келер күнге құлшынған адамдар болғанын қалаймыз. Жастарды отаншылдықтың арқауына айналатын осынау құндылықтарды қастерлейтіндей етіп тәрбиелеу әрқашанда Қазақстанның табысқа жетуі мен өркендеуінің кепілі болмақ. «Партияның аса маңызды миссиясы – «Қазақстан – 2050» стратегиясында жарияланған «Жаңа қазақстандық патриотизмді» қалыптастырудың жалпыұлттық орталығына айналу! – деді Елбасы партияның 15 съезінде. «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» деген үндеуіміз маңызды қағидат болып табылады, оны біз жүйелі түрде өмірде жүзеге асырудамыз. Жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру, Елбасы саясатын насихаттау, «Нұр Отан» партиясының қоғамдағы рөлін түсіндіру мақсатында ауылымызда патриоттық шаралар жиі өткізіледі. Атап айтсақ, Елбасы Жолдауларын талдауға арналған пресс-конференция, ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау жұмыстары, қайырымдылық акциялары, партия мүшелерімен кездесулер, шаралар ұйымдастырылды.
«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» партиялық жобасының ауыл тұрғындары арасында көптеп қызығушылық танытуына орай ауылдағы жұмыссыз тұрғындар мен жастар арасында кездесу ұйымдастырылып жоба кеңінен насихатталып, шара соңында ауыл тұрғындарына жобаға толық түсініктеме ретінде үлестірмелі парақшалар таратылды. Оның мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және ауылдық жерде жеке қосалқы шаруашылық негізінде ұсақ тауарлық өндірісті дамыту. Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» аясында «Жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында дөңгелек үстел мен семинар-тренингтер өткізумен қатар, қабырға стендтерін шығарып, жұртшылық сауаттылығын арттыру жұмыстары табысты атқарылуда. Сол сияқты «Сәтті қадам» жобасы аясында жастар мектептер мен балабақшаларға барып, толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге белсенді араласуға мүмкіндік алуда.
«Тиірмен» бастауыш партия ұйымы мүшелері партиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалармен үздіксіз жұмыс жасап, қиын кезеңдерде мұқтаж жандарға көмек көрсетуге әр уақытта дайын. Алдымызда биік белестер бар. Олардан алқынбай асу, белестерді бағындыру – біздің өз қолымызда. Мызғымас бірлік пен тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік арқасында «Қазақстан-2050» стратегиясындағы биік мақсаттарға жете аламыз.
Миршад МИРЗАҒҰЛҰЛЫ,
Тиірмен БПҰ-ның төрағасы