Қырғауылды күні күліп ататын, айы толып туатын,тауы асқақ, тасы жұмсақ, тау етегіндегі бояуы жап-жасыл, тіршілігі байсалды ауыл. Ол жерде Кәусардың, Яхияның, Санжардың атасы мен әжесі тұрады. Оқу жылының аяқталуымен олар Қырғауылдыға келеді. Сүт ішіп, қаймақ жеп, беттері томпиып, сұп-сұр болып жүретін қала баласынан аз уақытта-ақ жүздері қарақошқылданып, аяқ-қолдары жарылып ауыл баласына айналады. Әжесіне тікен жыртқан, маса шаққан жерлерін көрсетіп ызыңдай бастаса «ішектерің шықпайды» деп тыйып тастайды. Түкірік жағып, топырақ сеуіп жүре беретін болды.
Әжелерінің балалар жататын бөлмесінде үстіне қонақ көрпелер жиналған үлкен сандығы бар. Бетіне қақталған күмістен ою салынған. Әжесінің бұл сандықты ашқанын балалар ешқашан көрген емес.
– Әже, сандықты ашайықшы! – дейді Яхия қызығып.
– Оның ішінде жиырма метр кебіндік матадан өзге түк те жоқ, – дейді әжесі.
– Кебіндік мата? Ол не?
– О дүниеге оранып баратын киім, – әжесі сұрақтан сұрақ тудыратын Яхияға жауапты қысқа қайырады. Мұндайда Яхия сандықты ашып көруге тіптен қызыға түседі. «О дүние» дегенді өзгеше әлем деп елестеткен ол әжесінің қонаққа кетуін асыға күтіп жүрді.
Тау етегіндегі Қарғауылдыда екі күннің бірінде жаңбыр жауады. Жаңбыр жаумаған күндері жел көтеріледі. Желдің гуілі қобыздың сарнаған зарлы үніндей, ботаның боздағанындай естіледі. Содан кейін жарық сөнеді де, иттер өршелене абалайды. Дәл осындай сәтте сандықтың ішін тышқан тырналағандай ма, әлде күміс тиындарды біреу сапырылыстыра сыңғыртлатқандай бола ма, әйтеуір бір қозғалыс басталады. Яхия сандық үстіндегі көрпелерді жан-жаққа ретсіз лақтыра-лақтыра салып, қақпағын ашып қалған. Ешқандай мата жоқ. Екі жағын қалың шөп қоршаған ұзын дәліз. Сандық ішінде үңілген үшеуі де ұлан-ғайыр далаға әп-сәтте тап болғандарына таңғалған. Күңгірт, тұманданған бір әлем. Ешнәрсені анық көре алмайсың. Тек адамдардың, құстардың көлеңкелері, сұлбалары көлбеңдейді. Көркем бір суреттер жылт етіп көрінеді де жоқ болады. Жан-жақтарына алақ-жұлақ қарап, біресе қорқып, біресе таңданып келе жатқандарында ән салып тұрған шатқалдан өтті. Мұңлы әуені жүрегіңді шымырлатады. Сондан кейін олар бір көлге тап болды да, онда болып жатқан үлкен қылмыс пен ұятты істерді көріп, көздерін жұмып, көрмегендей болып өтіп кеткілері келген. Алдарынан Арыстан шықты. Адамша сөйлейді екен. Жүні қардай аппақ, көздері жасыл да емес, қоңыр да емес, сап-сары, алтындай жалт-жұлт етеді. Дауысы бірде күннің күркіріндей, бірде домбыраның қоңыр үніндей, бірде өздері сандық ішінен естіген қобыздың зарындай болып естілді.
– Бұл жер сендердің Еділде туған Хасан аталарыңның армандаған «Жерұйығы» еді, – деді.
– Хасан деген атаны танымаймыз, – деді зумерлерге тән мінезбен Санжар. Кәусар оны түртіп қалды.
– Ол – Асаңқайғы бабамыз! – деді құлағына сыбырлап.
Арыстан Санжарды жақтырмай жалт етіп бір қарады да, әңгімесін жалғастырып кетті – Міне, мына сендер тұрған жер ұзын Ертістің бойы. Жаңа сендер ұятты нәрселерден көздеріңді жұмып өткен өзен кезінде аталарың қимай, тастап кете алмай, артына үш қараған Түндік өзені, дәл қазір тұманнан көз аша алмай тұрған жерлерің «құтты жер» аталған – Қызылтау. Шөбі май – Шідертіден, суы май – Өлеңтіден өтіп кеттіңдер.
– Бізге бұл жерлер иесіз ел секілді көрініп еді. Ешнәрсе анық, тұнық емес. Әлде көзіміз бұлдырап тұр ма? – деп табиғаты момын Кәусар Арыстанға батылдана сұрақ қойғанына өзі де таң қалды.
– Иесіз ел болмайды. Жерұйық бардан жоқ болып кеткен жоқ. Адамдар оның өкпесін қысып, жүрегін әлсіретіп, тамырына қан жібермей отыр. Тіршілік етуі күннен күнге нашарлауда. Сендердің көздеріңе тұманданып көрініп тұрғаны сондықтан, – деді әл-әзірде көздеріне айбаттанып көрінген Арыстанның жүгі жығылғандай. Санжар:
– Мен сол адамдарды көрсем, өңешін суырып аламын, – деді жұдырығын түйіп, тісін қышырлатып.
Арыстан мысқыл жымиысымен мырс етті.
– Қазір қылыштың жүзі, білектің күшінің кезі емес. Білімнің, ақылдың заманы. Табиғатты қорғайды, ағаш егеді, өзенді ластамайды. Жерұйықты сондай балалар құтқарады! Батыр да солар! – деп Арыстан балалармен қоштасар сәтінің таянғанын аңғартты.
Таңертең жел басылып, ауыл күн сәулесімен боялып тұрғанда, үшеуі үлкен сандықтың жанында жатқандарын көрді. Қақпағы жабық, бірақ үстіндегі көрпелер жиналмапты.
Әжесінің қаймаққа бөктірген тарысын жеп отырған Санжар:
– Әжем тары тағамдарының трендте екенін қалай білген? – деп таңдана сұрап, алдындағы тамағын тамсана жеп қойды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бұлар тары, талқанға, сары майға, қой етіне мұрындарын тыржита қарап, жемейтін.
Әжелері тары тағамдарын чизкейк, десерт, смузи түрінде экологиялық құнарлы тамақ ретінде сұранысқа енгізген қазақстандық фуд-блогерлер, инста-кондитерлері мен ұлттық брендтер жасаушы стартаптарға іштей алғысын білдіріп «Ас болсын!» деп бетін сипап қойды. Дастархан шетінде домбыра шертіп отырған атасы немерелердің қылығына сүйсіне қарады.
– Ата, сіз Асан қайғыны шын болған адам деп ойлайсыз ба? – деді Яхия әлі де өң мен түстің арасында отырғандай.
– Тарихта болған адам. Алтын Орда ханы Ұлығ Мұхамедтің билерінің бірі – атасына сұрақ қойсаң, тіптен тереңдеп кетейін деп тұр.
– Сонда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жер іздегенде, сол жерлердің бәрін аралап, содан кейін сипаттап жазып кеткен бе? Архивте қолжазбасы бар ма? Алты ғасыр бұрын қай тілдің графикасымен жазған? Диктофон болмаған. Тіпті айтқан күннің өзінде оны кейінгілер өңдеп, толықтырып, қалауынша өзгерткен шығар деп ойламайсыз ба? – деп бастырмалатып, атасының аузына кіріп кетердей болды.
– Иә, балам. Ғасырлар өте кейбір сөздер өзгеруі мүмкін, толықтырулар, ой қосулары болады. Гомер жырлары да, Қорқыт ата аңызы да, Батырлар жыры да ауыздан ауызға көшкенде өзгеріп отырған. Оны ауыз әдебиеті деген «Алтын сандық» өз «архивінде» сақтаған. Асан қайғының Жерұйық іздеуіндегі маңызды нәрсе сөздің, сөйлемнің дәлдігі емес, ойдың өзегі. Жер қадірін білгені, елге жайлы қоныс іздегені, табиғат пен адам үйлесімін армандағаны, – деп атасы Санжардың шашынан сипап, алысқа көз тастады.
– Ата, онда Сіз сол Асан қайғы бабамыз айтқан жерлерге бізбен бірге барар ма едіңіз? – деді Кәусар.
– Денсаулығым жарап жатса, неге бармасқа!
Аталарының жауабына балалар қатты қуанды. Олар жол жабдығын түгендеп, азық-түліктерін қамдады. Барған жерлерінен фото, видео түсіріп, YouTube, Instagram, TikTok-та ақпарат беру үшін Кәусар өзінің iPhone 16 Pro телефонын алды. Жолға шыға бергенде Бостандық ауданындағы «Жасыл жер Алматы» учаскесіндегі үйіліп қалған қоқысқа тап болған. Жаңа ғана Facebook парақшасына «Біз бұл аймақты тап-таза етіп тазаладық» деген әкімдікке берген есептерін көрген. Сонда қалай? Бейнежазбада шынымен тап-таза. Ал мына жерге қараған адамның бетіне жара шығатындай. Балалар көпті көрген атасының өзі абдырап қалғанын аңғарды. Бұлар не ары кете алмай, не бері жүре алмай тұрғандарында жандарына бір бала келді.
– Менің атым – Желаяқ. Қоқыстарды жүгіріп жүріп жинаймын. Бүгін кептеліс көп болып, үлгере алмай қалдым. Бұл учаске күніне екі рет тазалануы керек. Ол жұмысты мойнына алған компания таза ауланың суретін ЖИ арқылы жасап, басшыларға өтірік ақпарат беріп, ұятқа қалып отыр, – деді. Балалар да, атасы да Желаяқтың сөзін таңдана тыңдады.
– Сонда сен жалғыз өзің бүкіл қаланың қоқысын жинауға қалай үлгересің? – деді.
– Мен жалғыз емеспін. Жанымда Саққұлақ, Таусоғар деген балалар бар.
– Сен бізге «Ер-төстік» ертегісін айтып тұрсың ба? – деп Яхия Желаяқпын деген баланың бетіне шын ба, өтірік па дегендей үңіле қарады.
– Шын сөзім. Міне қазір Саққұлақ бір хабар жеткізіп жатыр. Ана Америкадан келген тревел-блогер Коннор Кампергинидің Алматының қыздары етегіне жабысып, суретке түсейік деп жүргізбей жатыр екен. Ол болса «Мына қаланың көркем келбетін бұзып, тау болып үйілген қоқысты тазаламайынша ешкіммен суретке түспеймін» депті. Таусоғар сол қоқыстарды полигонға тасуға кетті.
Балалар мен аталарына зиянды бактериялар мен жәндіктер таралып, ауасы мен суы ластанған Алматыдан бүгін аттап шыға алмайтындай көрінген.
Оның үстіне Таусоғар Алматыдағы үйілген қоқысты көтеремін деп белінен шойырылып, енді соның жазылуын күтіп, біраз күн тосып, тағы кідірді.
Алдымен балалар Ертіске келген. Бұрындары күміспен қапталғандай жарқырап, жалтырап жататын өзеннің суы лайланып кетіпті. Жағалауындағы қоқыс Алматыдағыдан да көп. Желмен бірге танауға жағымсыз иіс келеді. Табан астыңнан өлі шабақтар кездеседі.
– Ұйықтап жатқан секілді! – деді Санжар бір шабақты жерден көтеріп алып жатып. Оның сөзіне жағада отырған балықшы мысқылдай күлді.
– Бұл өзенге ай бұрын құмарта қараушы еді, қазір шошқа да шошитын болды, – деді.
– Сонда біздің үкіметіміз осыларды біле тұра ешнәрсе істемеген бе? – деп Яхия әдеттегідей кінәлілерді сырттан іздеп, оларға жұдырық көрсетіп қойды. Содан іле- шала сол сыбап тұрған бөтені «өзі» екенін сезе қойып, жағалауды үйме қоқыстан тазарта бастады. Жұмысқа берілгені сондай, жанына Желаяқтың қашан келгенін білмей де қалған. Оның жылдамдығы жарық жылдамдығындай екен, көзді ашып-жұмғанша айнала көріктеніп, тазарып қалды. Саққұлақ пен Таусоғар да жұмсалуға бейім ,лыпып тұр.
Келесі күні олар Түндік өзеніне келген. Бабаларының «майдай суы бар» деген өзеннің суы тартылып қалыпты. Кесілген ағаштардың томарлары балтырыңды жырып, талықсыған адамдай әр әр жерде дөңкиіп жатыр. Саққұлақ жел өтіне құлағын тоса қалып, жақын тұста бір құлынның шұңқырға түсіп,шыға алмай үйелеп қалғанын жеткізді. Саққұлақтың аузынан шығып үлгермей жатып, Яхия мен Санжардан бұрын Таусоғар жеткен. Балалар оны құтқарғандарымен құлын жүріп кете алмады. Қиралаңдап барып, қайта жата кетті. Кәусар:
– Обал-ай, неге ертерек келмедік екен?! – деп мұңайып қалды.
Осы жолы балалар Желаяқ пен Таусоғар, Саққұлақтың өздерімен бірге ілесе шыққанына қатты қуанған. Өздерімен баяғыдан бері бірге жүрген балалар секілді. Жандарын аямай от пен суға қойып кетіп, жұмысты жапыра істейді. Түнде өзеннің бойында от жағып, тамақ істегендерінде де тез қимылдап, тез ішіп, бос сөзге уақыт кетірмей, артын жылан жалағандай тазалап отырды. Бұлар кетерде Түндіктің суы сыңғырлап ағып, мөлдіреп жатты. Келесі сапар – Баянауыл. Таулары баяғыша ақсақ, көлдері баяғыша терең.
– Қарлығаш көрінбейді, – деді Кәусар.
– Қарлығаш қана емес, басқа құстардың да қарасы байқалмайды. Бұл тамаша жердің де ауасы ластанғаны белгілі болды, – деді бейнебаян түсіріп жүрген Кәусар күрсініп. Оның табиғатты қорғау туралы түсірген көріністері көп қаралым жинап, балалар аз уақыт ішінде танымал бола бастаған.
Атасы мен әжесі осы жердің тумасы. Балаларға ілескелі бері сергек жүрген аталары осы жерге келгенде көзі жасаурап, діңі ортасынан бөлінген ағашқа ұзақ қарап қалған. Қан қысымы көтерілгендей дірілдеп кетті. Кәусар атасын алаңқайдағы жайлы орынға отырғызып, дәрілерін дайындап, бетіне үрпие қараған. Үнсіздік ұзаққа созылды. Сәлден кейін өзіне-өзі келгендей болып:
– Сабындыкөл, Жасыбай, Торайғыр көлдері менің балалығымның ізі қалған жерлер ғой. Осында менің мұңсыз күндерім өткен. Ол кез жастардың бір-бірін жанарынан оқып, жанымен ұғатын алаңсыз шақтар еді. Осы жерде әжелеріңмен қыдырып, қолынан алғаш рет аялай ұстап, ұяла тұрып жақсы көретінімді жеткізіп едім. Сол шақтар есіме түсіп, ана опырылған ағашты көргенде жүрегім сыздап кетті. Уақыттың өткінші екенін білдіріп, алдымнан шыға келгенде, дәл осы ағаш секілді жүзімді әжім басып, басымды құрау шалып, күш-қуатымның азайғанын сезіп, дір ете қалдым. Бұл бір сәттік әлсіздік қой. Табиғаттың заңы. Енді сендер оның орнына көкке бой созып, жапырағы жайқалған, талай жанға сая болар ағаш егіңдер.
Ал өзіме келсем, артымда сендер секілді саналы ұрпағым бар. Адал азамат болып өсетіндеріңе осы атқарып жүрген істеріңе қарап сеніп отырмын, — деді. Балаларға аталарының сөзі батадай болып ұғылды.
Шідерті мен Өлеңті өзенінің жағалауының жұлым-жұлымы шығып, тамшы суға зар болып кебергенін көрген балалар дағдарып қалды.
Таусоғар шаршаған, Саққұлақ үнсіз. Желаяқ отыра қалып, жылай салды. Сарқылған, кебірсіген, қураған, тілінген, бүлінген, уланған табиғатты көрген Кәусар, Яхия, Санжар да осыған кінәлі адамдарды көрсе жағасынан ала түсуге дайын боп, қандары қарайып, жүйкелері жұқарып кеткен.
-Жоқ, біз берілмеуіміз керек! – деді Кәусар. Оның бейнебаянын көргендер табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылып жатқанына өздерінің немқұрайлылығы, бейқамдығы кінәлі екенін ұға бастағандай. Тағам, су, ауада уландырғыш заттардың көбейгені,әлжуаз, дімкәс, жарымжан адамдардың, аутист, дцп балалардың санының артқаны туралы бейнебаяны жүрегі бар адамдардың бәрін аяғынан тік тұрғызды. Табиғатты таза ұстау қозғалысына алдымен бір-екі адам, содан бір ауыл, екінші, үшінші ауыл,сосын бүкіл ел болып кіріскен.
Содан аз уақыт өтпей жатып-ақ өзендердің арнасы қайта толып, дала құлпырып, құстар мекеніне оралып, табиғат жасарды.
Балалар «Жерұйықтың» біреудің бір жерге жасап қойған дайын мекені емес, жұмбақ ишара екенін түсінді. «Осы заманның батырлары бізбіз!» деген мақтаныштары да жүздерінен сезіліп тұрды.
