Басты бет Өңір тынысы Құрылыс нысандарының жұмысы бақыланды

Құрылыс нысандарының жұмысы бақыланды

0
11

Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев жұмыс сапарымен ауданға ат басын бұрды. Оны аудан әкімі Бота Елеусізова қарсы алып, құрылысы қайтадан қолға алынған Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Мердігер «АГС-Пласт» ЖШС маманы бүгінгі жұмыстары жайлы баяндады. Жобадағы кейбір нәрселердің құрылыс барысында сәйкес келмей тұрғандығын айтқан Қуат Сұлтанұлы мемлекеттің қыруар қаржысы бөлінген құрылыстың сапалы жасалуына ең алдымен құрылысшылар міндетті болса, оны қадағалайтын депутаттар да жауапты деген сөзін айтты. Мердігерлер ескертпелерін құлаққағыс деп қабылдап, кем-кетік жерлерін жөндейміз деген уәделерін берді. Бұл нысан жоспар бойынша тамыз айында пайдалануға берілу керек. Бүгінгі таңда 60 пайыз жұмыс атқарылғандығын естідік.

Тағы бір ірі құрылыс жұмысы жүріп жатқан аудандық орталық ауруханасы сейсмикалық күрделі жөндеу жұмыстарымен аудандық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Әлия Ақжолтаева таныстырды. Қыруар қаржы салынған бұл құрылыстың да кем-кетігі ескерілді. Сметаға байланысты сейсмикалық күштілеу жұмыстары талапқа сай жүргізілмей жатқандығын айтқан Қуат Сұлтанұлы бұл жеңіл-желпі қарай салатын нәрсе емес, өте маңызды әрі жауапты, тіпті ауқымды дүние, сондықтан жобадағы көрсетілген сметадан еш ауытқуға болмайды деген ойын жеткізсе, облыстық мәслихаттың депутаты Дәулет Жарасбаев та құрылысқа жұмылдырылған адамдардың саны өте аз екендігін, мұндай қарқынмен белгіленген мерзімде жұмыстың аяқталатындығына сене алмаймын деп ағынан жарылды. Сын-ескертпелердің барлығы шындыққа жақын болғандықтан оған айтар уәж де табыла бермеді. Тек қана тиісті мерзімде мойындарына алған міндет үдесінен абыроймен шығу керектігін ескерткен депутаттар мұндай бақылаудың әркез болып тұратындығын ескертті. Себебі бюджеттен бөлінген әр тиынның мақсатты жұмсалуына тек мердігер компания емес, аудан басшылығы да, халық қалаулылары да жауапты екендіктерін түсіндірді.

Айтылған сөз айтылған жерінде қалмай, қолына алған жұмысты әр тиынын шашау шығармай діттеген жеріне жұмсаса ғой деген тілекпен біз де қайттық. Алып құрылыстардың жұмысы қашанда күрделі. Оның талап деңгейінде жүруі үшін қаншама күш-жігер, табандылық қажет. Аудан тұрғындары үшін аса қажетті мекеме саналатын аурухананың жөндеу жұмыстары сапалы жүруі үшін осындай бақылаулардың жиі болып тұрғаны керек-ақ.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Ауданның даму жолы көңіл қуантарлықтай

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданға жұмыс сапарымен келеді дегенді естігелі …