Басты бет Әр қилы АТАМЕКЕНГЕ ҚҰРМЕТ

АТАМЕКЕНГЕ ҚҰРМЕТ

0
17

Аудандық мәдениет үйінің алды ығы-жығы адамға толы. Көрме мен сауда-саттық та, спорттық жарысқа дайындалған жігіттердің ары-бері жүгірістері, тоғызқұмалақ ойынына тақтаға қадалған үлкендер мен балалар да бір ерекше тойдың болатынынан хабар бергендей. Ауданның бар жақсылары мен жайсаңдары да жүр осында.

Аудан әкімі Бота Елеусізова бастаған топ алаңнан орын алған көрмелерді аралаудан бастады. Қолөнер бұйымдары, ат әбзелдері, кесте, құрақ сынды заттарды тамашалаған жұрт арқан тартқан жігіттердің ойынына жанкүйер бола қалысты. Алтыбақан тепкен жастар мен тоғызқұмалақтан жарысқа түскен үлкен-кіші сыйлықтан үміткер екендіктерін танытып, дуылдасып жатыр.

Мәдениет үйіне қарай ағылған жұрт  бір жаңалық күткендей, жаңашыл бір нәрсе көретіндей көңіл күйде болғандығын жасыра алмаспыз. Кіре берісте қымыздарын сапырған келіндер кеселерін ұсынып қарсы алып жатты. Сахна төріне алаша төселіп, ақ сақалды қариялар мен ақ самайлы аналар, кесте тігіп отырған келіндер, ұршық иірген апалар жайғасыпты.

Жүргізуші жігіттің де сөз саптауы ерекше шықты. Өлең оқып жүрген, мақамын қалыптастырғаны бірден байқалды. Әдемі жыр жолдарымен елді елең еткізді.

Арымас аттар мінетін,
Тозбас тондар киетін;

Қара тастарды қақ жарып,
Қарағайлардай қаптап өсетін;
Қара нарлары
Шудалары желкілдеп,
Қара бұлттардай көшетін;
Айғырлары
Күнге қарап кісінеп,
Биелері айға қарап құлындаған;
Кетіссе –
Бұрылмаған;

Сөздерін
Тасқа қашаған;
Алыпсоқтарының итаяғын
Оюлап жезден жасаған…

Жақсылардың жалғасы,

Тектілердің тұяғы, Ассалаумағалейкум! – деген амандасуының өзі біз үйренген, құлағымызға сіңісті болған жаттандылықтан бөлектеу шықты. «Атамекенге құрмет» деген атпен өткелі отырған шараның түпті мақсатын түсіндірді. Бұл – алыста жүрсе де, жүрегіндегі қазақы рухын жоғалтпаған қандастарымыздың атамекенге деген перзенттік ықыласының көрінісі, туған елден енші сұраған емес, ел игілігіне еңбек пен білімін, өнері мен тәжірибесін арнауға келген азаматтардың ақ ниетінің айғағы екендігін айтып шықты.

Тарихтың талай тар жол, тайғақ кешуін бастан өткерген халқымыздың бір бөлшегі шет жерде жүрсе де, ұрпағына қазақтың тілін, дәстүрін, рухын аманаттап келді. Ал Тәуелсіздік таңы атқан шақта атажұртқа оралған қандастарымыз бүгінде елдің әр саласында табанды еңбек етіп, туған жердің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқаны жасырын емес. Олар өте еңбекқор, жұмыстың қиын, жеңілін таңдамайды.

Бүгінгі кешке қатысып отырған азаматтар – мәдениет пен өнерде, спорт пен кәсіпте, ауыл шаруашылығы мен еңбек майданында жетістікке жетіп, көпке үлгі болып жүрген жандар. Олардың әрқайсысының өмір жолында бір ортақ ұстаным бар: «Біз атамекенге аламыз деп емес, үлесімізді қосамыз деп келдік!» Міне, бүгінгі кештің басты мәні де – осы деп отырғандарды бір желпінтіп тастады.

Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Бота Елеусізоваға ұсынды. Сахна төріне көтерілген аудан басшысы ерекше бастаманың аясында жүзеге асырылып жатқан шарада қауышып отырғаныма қуаныштымын, – деп сөзін бастады. Кешегі тарихқа көз жүгіртсек, қиын-қыстау кезеңдерде халықтың бірқатар бөлігінің елден үдере көшіп, көршілес елдерге тұрақтап, туған жерден алшақтап кетуіне тура келді. Сол қиын жылдардың әсері бір ұрпақтың Отаннан тыс жерде өсіп-өнуіне тарихи себеп болды. Араға жылдар салып, Атамекенді аңсап, туған жердің бір уыс топырағы бұйырып, елге оралған қандас бауырларымыз ата-бабасының кіндік қаны тамған киелі мекеніне көш түзей бастады. Бізді ерекше қуанышқа бөлеген бұл көші-қон соңғы жылдары үздіксіз жалғасын тауып, ортамызға бірқатар қандас бауырлардың келіп қоныстануына үлкен мүмкіндік берді. Біздің ауданымыздың аумағына да қоныс аударған қандас отбасылар саны 1000 нан аса көрсеткішке жетті. Басым көпшілігі жеке кәсібін дөңгелетіп, іскерлік пен еңбекқорлықты ұштастырып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Атамекенге қоныстанған қандастар бүгінгі күні қоғамға етене араласып, өнер мен мәдениет, медицина саласында, ауылшаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуда, ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау, тігіншілік, аспаздық сынды бағыттарда атакәсіптің жолын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында да өлшеусіз еңбек етіп келесіздер. Бүгінгі қолға алып отырған бастамамыз ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып, жас буынға бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетудің ізгі жолы. Басымыз осындай игі шараларда, өнегелі бастамаларда қосыла берсін, деген ақжарма тілегін ақтарды.

Ауданның, облыстың құрметті азаматы, ақсақалымыз Ызғарбек Бектұрсынұлы бүгінгі шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын жеткізді. Әріден сөз сабақтап, өз отанын тастауға мәжбүр болған жандардың тарихи шындығын айтып шықты. Атқарған ісі мен сөйлеген сөзі қашанда қабысып, қиюы келіп тұратын ағамыздың тағылымды әңгімесі көкейімізге ой салды. Кейбір жеңіл-желпі қарайтын нәрсеге тереңірек үңілуімізге түрткі болды.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов та ыстық ықыласын ақтарды. Ауданға келіп, белсенділік танытып жүрген біраз қандастарға шапан жапты. Олардың ел дамуына қосқан үлестерін айтып, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына атсалып жүрген тіршіліктеріне жоғары бағасын берді.

«Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытқанның талай мінберлерде сөз алып, оның майын тамызатынын байқадық. Әңгімесін әріден бастап, осы отыз жыл ішіндегі қандастардың кез келген мәселесінің басы-қасында жүргендігін жетер құлаққа жететіндей етіп жеткізді. Егемен еліміздің ішкі саясатының ең маңыздысы сыртта жүрген қандастарды қайтадан атамекенге қайтаруы, алғашқы көші-қон процесі жайлы қызықты әңгімелерді баян етті. Республика деңгейінде аталмыш бірлестіктің атқарған жұмыстары жайлы қысқаша есеп берді. Облыс бойынша қол жеткізген жетістіктері және аудандағы мынандай үлкен форумның өтуіне мұрындық болған аудан әкіміне ерекше ілтипатын жеткізді. Бота Серікқызына бірлестіктің атынан алғыс хатын ұсынды.

Сонан соң концерттік бағдарлама ұсынылды. Аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп жүрген мамандардың орындауындағы әндер мен күйлер шараның маңызын аша түсті. «Қаражорға» биін билеген қыз бен жігіттің өнері таңдай қақтырды. «Сылдырмақ» биі де ерекше деуге болады. Халық әндері де, атақты композиторлардың шығармалары да шыңырау шыңына жетіп орындалды.

Спорт жарыстарында жеңімпаз атанғандар сыйлыққа қарық болды. Арнайы жайылған дастарқан басынадағы әңгіме де Атамекенге құрмет тақырыбына арналды. Алғашқы келген жылдардағы кедергілер мен қызықтары жайлы сырласу десек те болады. «Атамекенге құрмет» деген атауы айтып тұрғандай, туған жерінің гүлденуіне сыртта жүрсе де тілеулес болғандарын, енді армандары орындалып, өз отанында қызмет етіп жүргендерін мақтанышпен жеткізген жандардың арғы дүниелерінде тыныштық пен туған жерге деген махаббаттары сезіліп жатты. Отанына оралған жандардың ыстық ықыластары мен құрметтері көлдей тасыған күн болды. Ылайым тәуелсіз еліміздің көк туы аспанда қалқып, бейбіт өміріміз мәңгілік болғай…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Темекі шегудің денсаулыққа зияны

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 31 мамырды Дүниежүзілік темекісіз күн деп жа…