Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы тек балаларға ғана қуаныш сыйлап қоймай, Қазақстан азаматтарының кәсіпкер болуына да зор үлесін қосуда. Ел болашағы бүгінгі күннің өскелең ұрпақтарын тәрбиелеу, білім беру балабақша табалдырығынан басталғандығы қай-қайсысымызды болмасын қуантарлығы анық. Әрбір ата-ана баласының білікті, білімді, салиқалы, саналы болғанын күтетіні де рас. Осы орайда мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етудің маңызы айрықша.
Халқымыздың әдептілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік сияқты қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіретін білім ұясы екендігі айдан анық. Соған қарай өткен аптада Сұңқар ауылында «Болашақ» атты жекеменшік балабақшаның ашылуы салтанатты түрде өтті. Бүлдіршіндердің жүзінен шаттық, ата-аналарының көңілінен нұр шашылып тұрғандығын бірден аңғардық. Ауыл тұрғындарының үлкені мен кішісі бас қосқан бұл жиында аудан әкімі Шухрат Нурахунов «Балапан» бағдарламасының ауданда жүйелі жүргізіліп жатқандығын айтып, балабақша қожайындарына алғысын білдірді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мақсаттарымыз бен міндеттерімізге тағы бір мәрте көз жүгіртіп, балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып өсулерін тіледі. Мәңгілік ел болу үшін ұрпақтардың білімді, саналы болуы керектігін айтты. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нурвәг Сейитов еңбек адамдарының және тау тұлғалардың ауылдан шыққанын айта келе, «Болашақ» балабақшасында тәрбиеленетін бүлдіршіндердің арасынан ардақты азаматтар шықсын деген тілегін жеткізді. Ата-аналар атынан ыстық лебізін білдірген Қойлыхан Бөкенова Елбасының салиқалы саясатының арқасында жеткен жетістіктерімізді жіпке тізіп, балабақша ұжымына алғысын айтып, балаларының білімді болуын тіледі. Ақжарма тілектерден кейін бүлдіршіндердің дайындаған ән, би, күйлері көрермендердің жүрегіне жол тартты. Бірі былдырлаған тілімен өлең оқыса, екіншісі әсем әнді тамылжыта орындап, мың бұрала би билеп жатты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана тыбысқа жетеді» деп көрсеткен еді. Сол сияқты сәні мен сәулеті жарасып, көз қуантып, бүлдіршіндерге берілгелі отырған «Болашақ» балабақшасының лентасы қиылғаннан кейін, ауданның атпал азаматтары мен ауыл тұрғындары балабақшаның құрылымымен танысты. Балабақша заман талабына сай безендіріліп, жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталған. Аталмыш балабақшаның қожайыны Жаңыл Турдахунова «Балапан» бағдарламасының негізінде жұмысын жүзеге асырып, 25 орынды балабақшада 12 адамды жұмыспен қамтыған. Мұндағы басты мақсат – қалтаның қалыңдығы емес, мектепке дейінгі тәрбиенің жүйелі болуы.
Думан
САРТБАЕВ