Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Шара кеңейтілген форматта Парламент депутаттарының, мәслихат төрағаларының, қоғам қайраткерлерінің, орталық мемлекеттік органдардың жауапты лауазымды адамдарының, БАҚ өкілдерінің, өңірлердің қоғамдық кеңестерінің, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың қатысуымен өтті.
Алғашқы отырыста қатысушылар ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша негізгі ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастырды.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде бір палаталы Парламент құруғ туралы бастама көтерді.
Бұл – жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына одан әрі елеулі ықпал ететін маңызды саяси реформа.
Өткен жылдың қазан айынан бастап жаңа реформаны дайындау аясында азаматтардан, 7 саяси партиядан, 16 қоғамдық ұйымнан және түрлі салалардың сарапшыларынан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Атап айтқанда, ұсыныс жолдағандар e-Otinish және eGov порталдарын белсенді қолданғаны байқалды.
Алғашқы отырыстың ашылуында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға көшу ретінде қарастыру керек екенін атап өтті.
«Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды толыққанды айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Эльвира Азимова. Әрине комиссияның атқарар міндеті өте зор. Конституцияға реформа жасау аса жауапты қадам деп білем.
Сонымен қатар, ол конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынына ерекше назар аударуымыз керек. Комиссия мүшелері өздерінің сын-ескертпелерін нақты деректермен, дәйектермен ұсынуда. Дихан Қамзабекұлы дін мәселесіне қатысты өз ойын ашық айтты. Дінді саясатқа араластырмау керектігін тәптіштеді.
Сонымен қатар реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды.
Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады.
Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,
аудандық аналар кеңесінің төрағасы
