Басты бет Әр қилы ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА ДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАЖЕТ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА ДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАЖЕТ

0
73

Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің шығармашылық еркіндік, шығармашылыққа арналған инфрақұрылымды дамыту, инновациялық білімге қолжетімділік пен зияткерлік қауіпсіздік мәселелерін көтерген баяндамасы үлкен қызығушылық тудырды. Бұл тақырыптардың барлығы бүгінгі күні ел болашағымен, келер ұрпаққа қандай құндылық қалдыратынымызбен тікелей байланысты.

Шығармашылық еркіндік – шексіздік емес, ойлау, іздену және жасампаздық кеңістігі. Онсыз мәдениет те, ғылым да, тың идеялар да дамымайды. Алайда еркіндік өздігінен пайда болмайды, оған нақты жағдай қажет. Осы тұрғыда шығармашылықты дамытуға арналған алаңдар, орталықтар, білім беру және мәдени орталардан тұратын толыққанды инфрақұрылым қалыптастыру мәселесінің көтерілуі аса маңызды. Себебі адамның әлеуеті тек сөз жүзінде емес, нақты ортада ғана ашылады.

Инновациялық білімге қолжетімділік те – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Бүгінгі таңда білім мен технология қарқынды дамып келеді. Сондықтан мемлекет сапалы білімнің тек таңдаулы топқа ғана емес, әрбір дарынды бала мен жасқа, тұрғылықты жеріне қарамастан, қолжетімді болуын қамтамасыз етуі тиіс. Бәсекеге қабілетті, ойлай алатын қоғам ең алдымен білім арқылы қалыптасады.

Сондай-ақ сапалы контент қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Ақпарат ағыны күшейген заманда бұл талғам мәселесі емес, жауапкершілік жүгін арқалаған маңызды бағыт. Өйткені контент, әсіресе, жастардың дүниетанымын қалыптастырады. Сондықтан өзгенің дайын мағынасын тұтынумен шектелмей, мәдениетімізге, тарихымызға, тілімізге және заманауи құндылықтарға негізделген төл мазмұнды қалыптастыру қажет.

Осы орайда зияткерлік қауіпсіздік тақырыбы да өзектілігімен ерекшеленді. Бұл – сананы, ұлттық болмысты, сыни ойлау қабілетін қорғау мәселесі. Мұнда әңгіме тыйым салу туралы емес, құнды мен зияндыны, өзгенікі мен жатты ажырата білу мәдениеті жөнінде өрбиді.

Жалпы алғанда, бұл пікір мәдениет, білім және шығармашылық мәселелерінің қосалқы емес, стратегиялық маңызға ие екенін көрсетті. Қоғамның беріктігі мен жауапкершілігі дәл осы салалар арқылы қалыптасады. Егер көтерілген ойлар тек айтылып қана қоймай, жүйелі түрде жүзеге асса, олар елдің тұрақты дамуы мен ертеңгі күнге деген сенімінің берік іргетасына айналары сөзсіз.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚОҒАМ ӨЗГЕРІССІЗ ІЛГЕРІ БАСПАЙДЫ

     Үстіміздегі жылдың қаңтар айында «Қоғамдық пікір» зерттеу институты Мемлекет басшысы …