Басты бет Ата Заң РЕФОРМАЛАРҒА ЖҮЙЕЛІ КӨЗҚАРАС

РЕФОРМАЛАРҒА ЖҮЙЕЛІ КӨЗҚАРАС

0
61

Еліміздің Ата заңына енгізілетін өзгерістерді талқылаған жұмыс комиссиясының отырысы қоғам өміріндегі шын мәнінде маңызды, тіпті бұрын-соңды болмаған оқиға болды деуге толық негіз бар. Алғашқы отырыстың өзінен-ақ Мемлекет басшысының халықпен қарым-қатынастағы саясаты қаншалықты терең әрі ойластырылғаны аңғарылады.

Ең алдымен Комиссия жұмысының форматына назар аударған жөн. Отырыс ашық әрі жария түрде өтті.  Бұл – аз ғана топтың жабық шешімі емес, қоғаммен саналы түрде келісімге келудің үлгісі.  Осындай ашықтық «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты іске асуы екенін көрсетеді.

Комиссия құрамының өзі көп нәрседен хабар береді.  Оның қатарында саяси партиялар мен кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, депутаттық корпус өкілдерінің, конституционалист-заңгерлердің, бизнес пен корпоративтік сектордың, медиа саланың, ғылыми және мәдени зиялы қауымның өкілдері бар. Гендерлік және ұлтаралық теңгерімнің сақталуы да – ауқымды шешімдер қабылдау барысында аса маңызды фактор.

Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылып отырған реформалардың ауқымын атап өтіп, олардың Қазақстанның саяси жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын айтқан еді. Комиссия жұмысы осы стратегиялық бағыттың нақты жалғасына айналып отыр.

2022 жылғы конституциялық реформа еліміздің саяси жаңғыруындағы шешуші кезең болғаны белгілі. Бүгінде бұл үдеріс тереңдеп, нақты мазмұнмен толығып келеді. Комиссия отырысында айтылған көптеген ұсыныстар қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Соның ішінде сот санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту бастамасы адам құқықтарын қорғауға тікелей бағытталған. Сондай-ақ адвокатураның мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту – уақыт талабынан туындаған өзекті мәселе.

Талқылау барысында азаматтарды соңғы жылдары жаңа, цифрлық сипат алған алаяқтықтан қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде адам өз үйінде қауіпсіз болғанымен, цифрлық кеңістікте қорғансыз қалуы мүмкін. Қаржылық пирамидалар, телефон және онлайн алаяқтық, жеке деректердің ұрлануы – мыңдаған отбасы үшін нақты қатерге айналды. Осы тұрғыда банк құпиясын, жеке деректерді және азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі ұсыныстардың маңызы зор.

Банк құпиясы мен кәсіпкерлік кепілдіктердің конституциялық қорғалуын күшейтуді ұсынған «Ақ жол» партиясының ұстанымы уақтылы әрі орынды деп бағалауға лайық. Алаяқтықпен күрес адал азаматтар мен заңды бизнесті қорғайтын нақты конституциялық кепілдіктерсіз мүмкін емес.

Сондай-ақ Конституция преамбуласын жаңарту мәселесінің көтерілуі де айрықша мәнге ие. Бұл елдің идеологиялық бағытын айқындайтын маңызды қадам болмақ. Жалпы алғанда, ұсынылған бастамалардың барлығы демократияны нығайтуға, әділеттілікті орнықтыруға және адам құқығын нақты қорғауға бағытталған.

Қорыта айтқанда, Комиссия жұмысы жекелеген түзетулермен шектелмей, реформаларға жүйелі көзқарас қалыптасқанын көрсетті. Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғауға, сенімді арттыруға, алаяқтық секілді заманауи қатерлерге қарсы тұруға және заң адам мүддесіне қызмет ететін мемлекет құруға бағытталған нақты бағдар.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Өзгерістер көңілге қонымды

Ата Заңға өзгеріс енгізетін комиссияның үшінші отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбае…