Ұрпаққа ұлағат, өмірге өрнек сыйлаған аяулы анамыз Бекенова Советгүл биыл 70 жасқа толып отыр. Бұл – тек сан емес, бұл – мағыналы ғұмырдың, маңдай тер мен мейірімнің, тәрбие мен еңбек жолының салтанатты белесі.
1955 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге келді. 1961 жылы ауыл мектебінің табалдырығын аттап, 1972 жылы орта білім алып шығады. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1978 жылы физика пәнінің мұғалімі ретінде туған мектебіне оралады.
1979 жылы өмірлік жары Садық әкемізбен бірге отбасын құрып, ұл-қыз өсіріп, оларды өмір жолына бастады. Зейнет жасына жетіп, 2007 жылы еңбек демалысына шықты.
70 жасқа аяқ басқан анамыз – ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз, ардақты ана. Саналы ғұмырында ізденіс пен табандылықты ту етіп, талай шәкіртке бағыт-бағдар берді. Қай істе де тиянақты, жауапкершілігі мол жанның еңбегі елеусіз қалған жоқ – ол ел құрметіне бөленіп, шәкірт махаббатына ие болды.
Ұстаздық жолдағы ерен еңбегі шәкірттері арқылы жалғасын тапты. Олар бүгінде елге қызмет етіп, ұлағатты ұстаздың атын асқақтатып жүр.
Анамыздың мектептегі мұғалімдіктен – отбасының шамшырағына дейінгі жолы – нағыз қазақ әйеліне тән парасат пен төзімділіктің айғағы. Бүгінде ұл-қыз өсіріп, немере-жиенінің қызығына бөленіп отырған абзал жан.
Ана – өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры. Біз – осындай ардақты жанның перзенті болғанымызды мақтан етеміз.
Мерейлі тойыңыз құтты болсын, аяулы ана!
Сіз – біздің шексіз алғысымыздың арнасы, сүйіспеншілігіміздің самалысыз!
Жетпістің белесіне абыроймен жеткен аяулы анамызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасы амандығын тілейміз!

Ұстаз болып елге еткен ерен ісі,
Шәкірт көрсе – баласындай көреді іші.
Қанша жылдар өтсе де, ұмытпайды,
Жүректерде сақталар шексіз күші.
Жетпістің биігіне шықтың міне,
Ұрпағың – өзің салған мықты ірге.
Немере мен шөберені еркелетіп,
Ақ батамен өмір сүр жарқын күнде!
Ізгі тілекпен құттықтаушылар:
жұбайы – Садық, балалары және немерелері Нұрғалым-Әсел, Ершат-Қалдыгүл, Ертай-Айнұр, Ақерке-Талғат, Сәкен-Жадыра

