Әлмерек Жаншықұлы қазақтың атақты абызы, өркениеті ерте дамыған Жетісу өңірінің тумасы. Әлмерек абыз тарихи тұлға ретінде біршама терең зерттелді. 2019 жылы Әлмерек абыздың туғанына 360 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала тұлғалалары: тарихи сабақтастық» атты республикалық ғылыми-тәржірибелік конференция» Әлмерек зерттеуді жоғары деңгейге көтерді. Конференция материалдары топтастырылған «Әлмерек абыз және оның ұрпақтары» атты жинақта, аталған тұлға туралы тарихи деректер мен зерттеулер топтастырылған. Мұны Әлмерек зерттеудің деректік, тарихнамалық базасы деуге де болады. Сол деректерге жүгінсек, Әлмерек абыз Шаншықұлы 1658 жылы қазіргі Алматы облысында туған және Алматы қаласының маңына жерленген (1754 ж.) екен. Оның өмір сүрген дәуірі қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы күрес кезеңімен сипатталады. Ұзаққа созылған антижоңғарлық күресте, қазақ халқы парасаттылықпен, ерлікпен, табандылықпен күрес жүргізу арқылы өктем келген жоңарларды 1750-жылдары қазақ даласынан аластаған болатын.
Академик Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев өзінің «Әлмеректің қара шаңырағы» атты мақаласында абыздың тектілік генін ежелгі Үйсін елі мәдениетінен қарастыруы өте маңызды. Өйткені белгілі бір ұлы тұлғаның қалыптасуына оның туып-өскен аймақтың мәдени ортасы, қоғамдық жағдайы мен дәуірі үлкен әсер ететіні белгілі. Осы тұрғыдан қарағанда, тарихи гуманитарлық география ғылымының методологиясы бойынша тұлғаға талдау жасасақ, абыз өмір сүрген өңірдің өркениет өзегіне көз жеткіземіз.
Ерте замандағы Жетісу өлкесі сақ, үйсін мәдениетімен сипатталады. Алтын адам, үйсін қабырлары және одан табылған мәдени мұралар халқымыздың арғы тегі этногенезі мен мемлекеттік құрылымының алғаш осы Жетісу өңірде қалыптасқанын дәлелдейді. Сондықтан Іле мен Жетісу өңірі қазақ халқының алтын бесігі саналады. Бұлай айтуға тарихи негізіміз бар.
Тарихи археологиядық және жазба деректерге жүгінер болсақ, б.з.д. V-III ғасырда Жетіс өңірінде Теграхауда сақтары өмір сүрген. Б.з.д. ІІ ғасырдың 60-жылдары Тәңір таудың (Тянь-шань тауының) шығысынан қоныс аударған үйсіндер (Усунь) Іле Жетісу жерінде алғашқы мемлекеттік құрылым орнатты. Қытай деректерінде Үйсін елінің «түтін саны 120 мың, жан саны 630 мың, жеңімпаз әскер саны 188 мың 800 адам» деп жазылған. Сондай-ақ Үйсін елі Орталық Азиядағы «ең күшті мемлекет» болып танылған. Өйткені Үйсін елінде елбасы Күн би, астанасы Чэгучан (Қызыл сай қаласы), иелік территориясы, қорғаныс күші, 9 дәрежелі билік иерахиясы және мұрагерлік жүйесі бар ерте замандағы мемлекет атрибуттары толық қалыптасқаны дәлелденгені ақиқат. Сондықтан Қытайдың Хань империясы Үйсін елімен одақтастық қатынас орнатуға шешім қабылдағанды.
Б.з.д. 119 жылы Хань патшалығы Чжан Циянь бастаған үш жүз адамдық делегациясын қыруар тарту-таралғысымен Үйсін еліне жіберіп, құдандалық және саяси-әскери одақтастық қатынас орнатады. Сондай-ақ Үйсін елімен бірлесе отырып Ғұн империясын шабуылмен ыдыратты. Сонымен бірге Үйсін елін де әлсіретті.
Үйсін елі тарихи саханадан шегінгеннен кейін Жетісу жері VI ғасырдың ортасында құрылған Түрік қағанатының, Батыс Түрік қағанатының, Түркеш хандығы, Қара Қидан әулетінің, Шағатай мен Өгедай ұлыстарының иелігінде болды. Шағатай ұлысының астанасы Іленің Қорғас ауданындағы Алмалы қаласына орналасқан.
XV ғасырдың ортасында Қазақ хандылғы құрылды, қазақ ру-тайпалары хандықтың қара шаңырағында біртұтастанып, өздерінің этнотерриториясын қалыптастырды.
1630-жылдары Жоңғарияда ойрат тайпаларынан Жоңғар хандығы құрылып, төңірекке экспанция жасай бастады. 1680 жылы жоңғарлар Шығыс Түркістандағы ұйғырларды өзіне бағындырып, қазақ даласына, Орталық Азияға шапқыншылық әрекеттер жасап, пәрменді тойтарысқа тап болып отырды. 1723 жылы жоғарлар қазақтарды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретіне ұшыратты. Бұл оқиға қазақ елін есеңгіретті. Алайда қазақ халқы жоңғарлардың үстемдігін мойындамады. 1726 жылдан бастап қазақ жасақтары жоңғар шапқыншыларына қайтарма шабуыл жасауға көшті. 1745 жылдан кейін Жоңғар хандығы әлсіреп, Қазақ хандығы нығая түседі. 1750-жылдың басында жоңғарларды қазақ даласынан ығыстырып шығарды.
XVIII ғасырдың бірінші жартысы қазақтар үшін аса ауыр, сын-қатерлерге толы кезең болды. Алайда қазақ халқы ұлттық бірліктің арқасында ол қатерлерді өз күшімен еңсерді. Өйткені халқымызды ұлттық береке-бірлікке шақырған, ерлікпен жауға қарсы күрес жүргізуге үндеген идеолог насихатшылар көп болды. Солардың бірі және бірегейі аузы дуалы атақты абыз Әлмерек баба еді. Солардың рухани демеуімен атойлап алға шығып, қол бастап жауға шапқан, ерлік көрсетіп еңбек сіңірген батырлардың есімдері ел жадында сақталып, қазірге дейін аңыз болып айтылып жүргендері аз емес.
Қазақ халқы тарихта сырттан келген шапқыншылықты көп көрді. Соған байланысты қазақта жалпы халықты соғысқа аттанысқа келтірудің немесе мобилизация жасаудың өзіндік тәсілі қалыптасқан. Кенеттен жау басып келген жағдайда, әрбір ру-тайпалар өздерінің жауынгерлік ұрандарын шақыру арқылы ер азаматтарды бірден атқа қондырады (әрине, халқымыздың ұлттық ұраны «Алаш» болғанын қазақ тарихын зерттеуші профессор Су Бейхай да мойындайды).
Ал майданға аттанған жауынгерлер рухани қуатты ақ батадан алып отырған. Олар саналы түрде жорыққа аттанарда ел құрметіне бөленген, аузы дуалы, тілегені келетін, айтқаны болатын абыздардан бата алатұғын. Бұл қазақтың дәстүрлі танымымен байланысты ғұрып-әдет. Қазақтар тәбиғаттың тылсым құдыретіне сенеді. Сондықтан бата адамдарға сенім мен үміт ұялатып отырған. Ал сенім – жеңіске жетудің рухани қуат қайнары көзі болып табылады. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген нақыл сөз тегін айтылмаған.
Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыс кезінде данагөй билер, аузы дуалы абыздар, орақтілді ақын-жыраулар елді береке-бірлікке шақырып, жауынгерлерге ақ батасын беріп, жігерлендіріп, рухтандырып отырған. Сондай абыздардың бірі емес, бірегейі Әлмерек баба болғаны тарихтан мәлім.
Әлмерек абыздан бата алған батырлардың жеңіске жетпегені жоқ! Мұны абыздың айырықша қасиетіне және жауынгерлердің рухани жігеріне байланысты деп санаймыз. Мұның нақты мысалдарын Әлмерек абыздың кіндігінен өрбіген үрім-бұтағынан да көруге болады.
Дәстүрі қазақ қоғамында, халқымыздың билері, ділмар шешендері, ақын жыраулары, абыздары ұлттық идеология қызметін атқарды. Олар тамаша өнеге-үлгіні өздерінің әулетінен көрсетті. Әлмерек бабадан тараған ұрпақтардың сыртқы жауға қарсы батыл күрес жүргізетін рухы дәстүрге айналғаны көп жазылды. Сондай рухани идеологиялық қызметтердің нәтижесінде халқымыздың ұлттық санасы, құндылық көзқарастары мен ішкі бірлігі нығайып отырғаны белгілі.
Қазақтар мен жоңғарлардың теке-тіресі Жоңғар хандығының жойылуымен аяқталды. 1755-1757 жылдары Қытай Цин империясы Жоңғар хандығын біржолата жойып, елі мен жерін иеленіп, батыс іргесін қазақ даласына тақады. Сондай-ақ, Ертістен Іле өзеніне дейін көлденең шекара лениясын белгілеп, тас үйіп, оба тұрғызып, күзетке әскер қойды. Қазақтардың шекарадан асып барып мал жаюын шектеді. Алайда Абылай хан Цин патшалығына жіберген алғашқы елшілерінен Шығыс Тарбағатайдағы және Шығыс Іледегі қазақтың байырғы жерін «жарылқап» қайтарып беруді талап етті. Цин патшалығы ордасының оған жазған жауап хатында: «ол жерді сендерге жарылқап беріп жіберу мемлекеттің жүйесіне қайшы келеді делінген. Алайда Абылай хан Цин патшалығымен саяси-дипломатиялық және сауда-экономикалық байланыстарды дамыту арқылы қазақтарды шығыстағы атамекеніне біртіндеп көшіру саясатын қолданды. Сонымен Орта жүз бен Ұлы жүздің кейбір рулары шығысқа қарай жылжып көшіп, шекараның арғы бетіне өтіп қоныстана бастайды. Оларды түгелдей кері қайтаруға мүмкін болмағандықтан, Цин патшалығы қалыптасқан жағдайды мойындап, «көрші елдеріңмен тату тұрып, патшаның мейір- шапағатына мәңгі бөленіңдер» деген жарлық шығарады. Содан соң шекараның арғы бетіне көшіп барып қоныстанушы қазақтардың қатары көбейе түседі.
ХІХ ғасырдың ортасында патшалық Ресей империясы Қазақстанды отарлап, Цин патшалығының шекара шебіне дейін жетті. Сонымен Ресей мен Қытай 1864 жылы қазан айында Қытайдың Шәуешек каласында «Қытай-Ресей батыс-солтүстік шекараны делимитациялау келісіміне» қол қойды. Аталмыш «Келісімнің» 5-ші тарауында: «жер қайсы мемлекетке бөлінсе, сол жерде отырғандар жерімен бірге сол мемлекеттің құрамына өтеді» – деп көрсетіледі. Сонымен қазақ жерінің Қытайға тиген бөлігіндегі қазақтар отырған жерімен бірге Қытайға, Ресейге тән болған өңірдегі қазақтар тұрған жерімен Ресейдің құрамында қалды. Цин империясы сол кезден бастап аумағындағы қазақтарға тікелей билік жүргізді.
XIX ғасырдың орташенінде Патшалық Ресей Жетісу жерін, Алматы аумағын отарлай бастаған кезде, жергілікті тұрғындар Албан, Суан рулары қатты қарсылық көрсетті.
Албан руының басшысы Тазабек қол бастап шайқасқа шықты. Ол орыс отаршылдарының қырғынынан елін аман сақтап қалу үшін, мыңдаған отбасын бастап, орыс әскерлерімен соғыса көшіп, Шонжыны басып өтіп, Қытайдың Іле аймағына барады. Іле сұлтаны Әлихан олардың Құлжаның шығысындағы Тоғызтарау ауданына барып орналасуына қолдау көрсетіп, олармен саяси одақтасуды көздейді.
Бұл оқиға патшалық Ресейдің Құлжаны оккупациялауына сылтау болды. 1871 жылы Ресей әскери күшпен Құлжаны басып алды. Сондай-ақ, Тазабекті тұтқындап Алматыға әкеліп мерт қылды. Ресей үкіметі он жыл бойы Құлжа қаласын оккупациялап, Іле аймағын билеп-төстеді.
1881 жылы Ресей Құлжаны Қытайға қайтаруға мәжбүр болады. Сол жылы шілде айында Қытай мен Ресей өкілдері «Қытай-Ресей Санкт-Петербург келісіміне» қол қойды. Онда Ресей Ілені Қытайға қайтарып беруге келісті және Іле өңіріндегі мемлекеттік шекараны анықтайды.
1882 жылы Қытай мен Ресей Іле мәселесі бойынша «Қытай- Ресей Іле шекара келісіміне» қол қойып, тараптар Іле мәселесін толық шешкенін мәлімдеді. Бұл келісімде Іледегі Ресей азаматтарының еліне қайтуына және Іле тұрғындарының да Ресейге көшіп кетуіне, олардың үй-мүліктерін алып өтуіне Қытай тарапы кедергі жасамайды деп көрсеткен. Сонымен Іледен албан, суан рулары кері қайтып Жетісу жеріне келді. Олармен бірге біршама қытайлық ұйғыр мен аздаған дүнгендер де Қазақстанға қоныс аударды. Олардың жалпы саны 70 мыңдай адам болды. Міне, бұл ұйғырлардың Қазақстан жеріне алғаш қоныстануы болып табылады.
1867 жылы Цин патшалығының генецидтік қырғына ұшыраған дүнген әскерилерін Ресей өзінің саяси мақсатына пайдалану үшін, Қашқар аймағы арқылы Қырғызстан шекарасынан өткізіп алады. Олардың біраз бөлігі кейін Қазақстанның Қордай өңіріне орналасты. Қазақстанға, Жетісуy жеріне ұйғырлар мен дүнген қауымының қоныстануы, аймақтың гумани-географиялық жағдайға өзгеріс әкелді.
Ресейдің қытайлық ұйғырлер мен дүнгендерді көшіріп келудегі мақсаты Ресейдің отарлық үстемдігіне қарсы болған аймақтағы қазақ халқын басқа ұлттар арқылы тұншықтырып, тұмшалап ұстау екені айдан анық. Алайда сол келген ұйғыр этнотобының бақыты өмірі осы аймақта жалғасып келеді. Бақытқа кенелгенде су ішіп отырған өңірінің тарихы мен мұндағы байырғы халықтың толеранттылығын дұрыс түсінген абзал. Жалпы сонау сақ, үйсін өркениеті қалыптасқан, қазақ халқы мен мемлекеттілігінің іргетасы қаланған өркениеті өңірден Әлмерек сынды тарихи тұлғалардың шығуы заңдылық деп санаймыз.
Нәбижан Мұқаметханұлы, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу»
орталығының директоры, тарих ғылымдарының
докторы, профессор