Пенденің кеудесінде дүрс-дүрс соққан жүрегі бар. Осы жұдырықтай ағзаның орны аса маңызды. Ол соғуын тоқтатқанда адам өмірі де бітеді. Бұл жүректің тіршіліктегі ерекше қасиеті. Ал жүректің өмірдегі иесінің бағына да, бақытына да әсері бар екенін білесіз бе? Иә, біреу білер, біреу білмейтін де шығар. Осыған мән берсек, тынымсыз соққан жүрегіміз арқылы ортамыздан өз орнымызды адаспай табамыз десем, келісер ме едіңіз? Енді сол мәселені ортаға салайын. Азаматқа – жүрегі кең, жомарт, жылы деген тәрізді ерекше баға беріледі. Адамзаттың ар-намысының биіктігі де қанына тартады деп жатады. Қан дегенің алпыс екі тамырды аралап, жүрекке нәр беретін тіршілік көзі. Тіпті, ел қорғаған батырлар жайлы сөз қозғағанда «Ой, ол бабамыздың жүрегінің түгі бар» дейтінімізді де ұмытпайық. Бүгінгі бейбіт күнде еліне ерекше белсене еңбек еткен өз батыры, арда азаматтары бар! Киелі жерімізден шыққан мұндай ардақты жандар қатарында Саурық батыр ауылында дүниеге келген генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов та бар. Бар болғанда да рухты ініміздің еңбек жолы, адами биік қасиеттері кейінгі жастарға үлгі болатыны сөзсіз.
Жалпы, кімді болсын асыра мақтау әбестік. Және азаматтан алты алашағым, бес берешегім жоқ деп ашық айтуыма болады. Мемлекет және қоғам қайраткері биік мансапта болғанда жақын араласпадым. Алтын алқалы анасы Сонымбүбі Құдандалықызы бірде: «Әділжан, ауылға келетініңді ешкімге айтпашы. Тіпті өзіңмен сөйлесуге уақыт таппайтын болдық қой» деген. Өйткені, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымындағы азаматтың жолын тосып, қолпаштайтындар аз емес. Адамдар «күн шыққан» жерді жағалайтыны жасырын емес.
Билік, қызмет, мансап ешкімнің уысында мәңгі тұрмайды. Бұл өмірдің бұлжымайтын ақиқаты. Бірде Әділ інім хабарласты, бұл күтпеген жәй еді. Сол кезден арадағы іні мен әпкелік қарым-қатынастың жібек жібі тарқатылған жоқ. Бұған әрине шүкір! Өйткені, Әділ Шаяхметұлының болмысын, азаматтық нар тұлғасын, өмірдегі айналасындағы өзіне сәл-пәл шарапаты тигендерді ұмытпай, құрметтейтініне, адал ниетіне көзім жетгі.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Ешкім іштен батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген. Қазақ – әу бастан елі мен жеріне көз алартқан дұшпандардан қызғыштай қорғаған жауынгер халық. Жауынгер халықтан әрине баһадүр, дарабоз азаматтар әр салада көрініп жатса, бұл біз үшін қуаныш. Әділ өз саласын, кәсібін қырағылықпен таңдаған азамат. Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері, мал дәрігері Ғайнанов Шаяхмет, анасы Құданалиева Сонымбүбі Алтын алқа иегері, он бір баланы өмірге әкелген, көп балалы, мейірімді шаңырақтың перзенті.
Ұлы Абай: «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген өлеңінде:
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, – деген ғой. Әділді де дәл осылай ауылдағы ата-анасының мейірімге толы, жылы, жұмсақ құшағынан Алматыдағы қазіргі Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатына (бұрынғы №2 эксперименттік мектеп-интернаты) қабылданады. Шамасы әкесі жеті жасынан қайсар, білімге, білуге құштар, ынтасы зор, отты ұлының кейін еліне қызмет ететін, тұтқа ұстар азамат болатынына сенімді болған-ау деймін. Әке балаға сыншы деген сөз бекер емес. Кейін Әділдің тұлға болып қалыптасуына алғаш қолынан жетектеген тәрбиеші Шәрбану Әнәпиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, тарихшы Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның, Сара Масина, Самат Әбдіразақов, Жәдігер Аманжолов, тағы басқа адам жанының инженері атанған жандардың өлшеусіз еңбегі бар екені анық.
Ұстаз – ұлы тұлға деп бекер айтылмағаны осыдан. Ал енді Әділ шәкірт ретінде осы білім шаңырағын, ондағы мұғалімдерді қалай құрметтейді, басына көтеретініне куә болғанда таңғалдым, әрі риза болдым. Кім қай мектепте оқымады, қанша ұстаздың алдынан өтті емес пе? Бірақ, оларды еске алып, кім барып жүр. Туған күндерін думандатып өткізіп жүр. Оны айтпағанның өзінде дастархан жайып, үйіне шақырып сый-құрмет көрсетуінің өзі қандай сауапты іс. Ұстаздары әлі де Саурық батыр ауылына жиі келеді. Олар Сонымбүбі ананың қолынан дәм татып, Әділдей бала тәрбиелеген шаңыраққа ықыластарын білдіргендері де бір әңгімеге арқау боларлық дүние.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Шаяхметов еңбек жолын тау-кен инженері болып бастайды. Бойындағы батылдық, қайсарлық МҚК-ҰҚК күш құрылымы саласына алып келеді. Сол кезде комсомолдық жолдама еңбектегі ерекше қабілеті мен адамгершілік қасиеттеріне баса назар аударып, осы құрылым қатарын толықтыратын үрдіс болған. Қатардағы лейтенанттан – генерал-лейтенант шеніне дейінгі аралықта талай басшы қыззметте болды. Сондай-ақ Әділ Шаяхметов 2002-2007 жылдары ҚР ҰҚК Павлодар, Алматы облыстарында департаментінің бастығы болды. Өңірлерде заңға қайшы келетін іс-әрекеттердің жолын кесті. 2007 жылы ҚР Президентінің шешімімен Әділ Шаяхметов ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалды. Осы лауазымына байланысты республикалық терроризмге қарсы орталығының басшысы болып бекітілді. Қоғамға әкелетін зияны көп бұл лаңмен күресетін қызметтің жүгі де батпандай екені белгілі.
Әділдің еңбекте ғана емес өмірде жақсы қарым-қатынаста болған азаматтарды ерекше құрметтейтін қасиетін байқадым. Мерейлі сәттерінде ондай жандар әрдайым қасында. Тоқсаннан асқан, алғаш бастауыш кластағы ұстазы Шарбану апайдың ыстық лебізін тындады. Тағы да ол қаншама істердің тиянағын келтірген. Мәселен, ол өзі демеуші болып ҚР «Генералдар кеңесінің» басшылығының өтінішімен №1 Халық Қаһарманы, Кеңестер Одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың қоладан құйылған мүсінін жасатып, Мәскеудегі «Тағзым тауындағы» мұражайға орнатуда азаматтық танытты. Тағы ҚССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бірнеше генералдарының, офицерлерінің мерейтойларын ұйымдастыруға да басшылық жасағаны үшін олардың айтқан ыстық лебізінің де ортасында болғаным бар. Олардың кейбіреулері туралы кітаптар жазған. Мұндай жақсы істерді ұстаздары мен тәрбиешілеріне де көрсеткенін олар ұмытпай айтады. Ертегідей естеліктер Әділдің өткен өмірінің ерекшелігін айқындай түседі.
Не деген кең жүрек! Туған жеріне ту тіккен азаматтың елі үшін төккен терін айта берсең бір мақалаға сыймайтынын білемін. Саурық батыр ауылына Әділ жиі атбасын бұрады. «Әпке ауылға келдім. Ауасы қандай жұпар. Әкем мен анамның отырған орнын, аяғын басқан жерлеріне тәу етіп, күш жинаймын. Қимас жандардың көзін көрген қарияларға, аналарға сәлем бердім. Ауыл – алтын бесік, жыл өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Жиі келетінім сондықтан» дейді. Аптал азаматтың батыр бабаларға деген құрметі де ерекше. Ел басына күн туған жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Абылай ханның заманында даңқты батыр Құдайберді бидің басына Оңтүстік Қазақстан облысында құлпытас койып, кітап шығарды. Жазушылар үйінде кітаптың тұсаукесерін өткізіп, 300 жылдық мерейтойына ғылыми-тәжірибелік конференция өткізсе, Қоқан хандығына қарсы ұрыста ерлік көрсеткен Медетбек батырға Тау-Түргенде кесене, Қаракөтоермеде ескерткіш орнатты, көпір салды. Сол жиындарға қатыстым. Жиналған дүйім жұрт азаматқа алғыстарын жаудырды.
Ақындар мен батырлар елі адлнғар ауданымызда Қарасай батыр, Сұраншы, Саурық, Қараш, Сәмен батырлардың еңселі ескерткіштері жастарға рух береді. Қарақыстаққа барар жолдың оңжағында Медетбек батырға тұрғызылған ескерткіш, тарихи тағылымды кітап, халқымыздың өткеніне деген құрмет екені даусыз. «Ұстаз сөзі шәкірт жүрегіне жол табуда теңдесі жоқ құрал» деген Сухомлинский. Демек, мектептегі, өмірдегі, қызметтегі ұстаздарының Әділ адамгершілік жайлы әр сөзін жүрегіне жаза берген-ау дейсің. Айтқан ақылдарын құлағына құйған шәкірт. Оған ақынның өзіне арнаған мына шумағы дәл келіпті:
Бойына қасиетті жиыпты бар,
Жанына жақсылардың құйыпты нәр.
Генерал боп жасаған қызметіңнен,
Ел деп соққан жүрегің биік тұрар.
Дұрыс берілген баға. Әділдің әлі күнге ұлы ұстазы саналатын ағасы бар. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, запастағы генерал-полковник, қауіпсіздік органдарының Құрметті қызметкері Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев.
– Сонау алғашқы білісе бастаған кезімізде азаматтыққа тән албырттық пен адамгершілікті, білімдарлық пен парасатты, ұлықтық пен қарапайымдылықты, жігерлілік пен жасампаздықты жанына айнымас серік етіп келе жатқан Әділ Шаяхметұлы болмысындағы бағалы қасиеттерін күнделікті қайнаған тіршілікпен жалғастырып, мол тәжірибесімен ұлықтап, бүгінде есімі ел аузында жүретін қазақстандық танымал тұлға дәрежесіне жетті… Ой-санама өткен шақтың естен кетпес көріністері оралды.
– Бұл 1999 жыл болатын. Өрлеу баспалдақтарынан тұратын еліміздегі әртүрлі қуатты құрылымдардағы басшылық қызметтерді атқарып жүрген мен, ҚР Қорғаныс министрі лауазымында едім… Ол кезде армиядағы кадрлар жетіспеушілігі әлі де айқын сезілетін. Құрылымдағы мамандардың жеке қызметтік іс-қағаздарын арнайы сұраумен алдыртып, әрқайсысымен мұқият таныстым. Барлық ықыласыммен саралағанда таңдауым ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел техника департамент бастығының бірінші орынбасары лауазымының қызметіндегі полковник Әділ Шаяхметұлына түсті. Ол кезде азаматты танымайтынмын. Тек қызметіне адал және тыңғылықты екендігін сырттай ғана білетінмін. Сөйтіп қызметінен ауысып, ҚР Қарулы күштерінің кадрлар және әскери жоғары білім беру департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды… Біздің тура сол кезден басталған тығыз қарым-қатынасымыз күні бүгінге дейін ыстық жалғастығын тауып келеді, дейді ардагер ағамыз. Генерал-полковник ағамыздың пікірінше Әділдің бойында айналасындағыларды баурап әкететін құнды қасиеттерге бай екенін айтады. Бұл көпті көрген, өз саласының «майын ішкен» өте ардақты ардагер ағаның шын пейілінен шыққан сөз.
Шәкірттің бойындағы жақсы қасиеттері мен кемшіліктерін ұстаздан артық кім біледі? Сонау 1968 жылы Әділге білім берген Қаскелең ауданы Айдарлы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қанымкүл Жапарова есіне былай деп алған. «Мен Әділдің бойынан биязылықты байқадым. Ол ерте есейгендей, өте ұстамды болды. Оның бұл қасиеті – өмірге деген берік көзқарасы мен дүниетанымының байлығынан өте жақсы оқыды. Үстіне ерекше қарайтын. Кейін әскери саланың жоғары лауазымына келгенде, сол мектептегі байсалды, ұқыптылығынан, білімге деген құштарлығынан тапқандай болдым» деген. Жалпы азаматтың, адамгершілік жайлы айтылған даналардың ұлағатты ұғымдары жеткілікті. Көп балалы отбасында тәлім-тәрбие алған Әділ Шаяхметұлы қиындыққа қайыспаған қайсар азамат, Әділ десе Әділ, Шәкәрім бабамыз:
Киім жолдас болмайды,
Жыртылады, тозады.
Көркің жолдас болмайды,
Қартаясың солады.
Байлық жолдас болмайды,
Қол кірі ғой ол-дағы.
Сары алтындай салмақты,
Ақыл жолдас болады, дегені осы азаматқа да келетіндей.
Бір күнгі танысқа, қырық күндік сәлем дегенді үлкендерден естіп өстік. Сол кездің адамдарының пәлсапалары айна қатесіз келді. Әділді білген кезден байқағаным көпшілдігі. Адамдарға жақсылық жасауға асығатын әдеті. Пенденің бетін қайтармауға тырысатыны. Әр айтылған сөз бекер емес. Мына бір жайды айтайын…
– Әдеттегі күздің күрең бір күні болатын. Алатаудың етегіндегі әсем ғимарат «Хама Парк» мейрамханасында бас қосу өтті. Бас қосуда өмірден өткен, ел құрметтеп, қадірлеген азаматты еске алып, оның ағайын-туыс айналасына жасаған қамқорлығы мен еңбегі ортаға салынды. Бұл үрдіс ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиеттердің бірі деген дұрыс. Осы шараға ұйытқы болған бұл жолы да Әділ еді. Жоғарыда тоқталғанымдай, жүрегі кең, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеумен ерекшеленген Әділ жас кезінде ағалық ақылшысы болған азаматтың рухын көтеруді мақсат тұтты.
Дана бабалар «Ел» мен «Ер» атты қос ұғымды бірі-бірінен бөліп қарамаған. Сондықтан да «Ер атағын – ел шығарады», «Ер – елімен бақытты» десе, ұлы данышпан Абай: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген ұлағатты ұғымы айтылады. Жиында: – Қазақ деген ұлы халықтың бір азаматы, марқұм Хамит Рақышевтың өмірі мен еңбек жолы, еліне сіңірген еңбегі жайлы әңгіме өрбіді. Көп жыл қызметтес болған, ағалық қамқорлығына бөленген, бір ауыз жылы сөзін, ақыл-кеңесін естігендер де осы ортадан табылды. Жалпы өткенге аса зор ілтипатпен, ізгілікпен көз жүгіртіп, асыл азамат жайлы пікір білдіру тірілерге парыз бен қарыз. Парызды түсіну мен түйсіну жақсы азаматтарға тән болғандықган Әділ марқұм Хамит Қошанұлының жары Балжан анамен ақылдасып, жақсы істі осылай қолға алды.
Өмірден мол тәжірибе жинап, тағдырдың сан тарау жолында адаспаған адалдықтың туын көтере білген, тек еңбекпен есейген жан жайлы жиналған қауым жеңіл сөзді желбіретпеді.
Тағы да батыр Бауыржан Момышұлының: «Ел дегенде егіліп, жұрт дегенде жұмылып істе» деген өсиетіне берік Әділдің бастамасымен, марқұм Хамит Қошанұлы Рақышев жайлы «Хама-ғибрат» естелік кітабын шығару жайы сөз болды.
Әсем Алматының батысындағы аядай ғана Абай ауылы атына заты сай елді мекен. Осы жерден түлеген мемлекет және қоғам қайраткерлері генералдар Аманкелді ІІІабдарбаев, Алик Шпекбаев және марқұмның көзін көрген Болатбек Бұлғақбаев, әнші – сазгер Алтынбек Қоразбаев, Хамит бауырымыздың тағы басқа туған-туыстарының айтуларынша Хамит Қошанұлы елінің өркендеуіне саналы өмірін арнаған білікті азамат, іскер басшы, үлкен ұйымдастырушы. Есімі республика жұртшылығына жақсы таныс, азаматтың адамгершілігі мен парасаттылығын, халқына, ұрпағына, ауылдастарына деген құрмет-қошеметін айналасы мен достары ұмытпайды – деген Әділдің сөзі діттеген жеріне дөп түсті.
Хамит Қошанұлы зейнетке шығып, жұмыс істеп жүрген кездерден бастап елінің өткеніне назар аударған. Көптеген игілікті, ізгілікті, қайырымды жұмыстардың басы-қасында болған. Соның бірі – Ботбай атадан тараған Сәмен батырдың рухын асқақтатып, көптеген жақсы, иманды, істердің тиянағын келтіргені.
Нәтижесінде Жамбыл ауданының Самсы ауылында батырға арнап еңселі ескерткіш орнатылды. Ботбай ұрпақтарының басын қосып, дүйім жұртқа ас беруге ықпал еткен. Өзі бастап демеушілік жасап батырдың туған жерінде, қоқандармен болған ұрыста ерлік көрсеткен мекендерде де көптеген бас қосулар өтті. Ботбай бабаның басына да ескерткіш белгі орнатуды өзі ұйымдастырды.
Халқының қалаулысы, елінің елеулісіне айналған азаматқа риза болғанда көпшілік «Жақсының жақсылығын айт…» деген. Тағы да «Тұлпардың тұяғы асылдың сынығы, текті жердің өрені» деп таңдай қаққан. Осы күні Әділ ініміздің бастамасымен кітаптың алғашқы сызбасы, нұсқасы қолға алынатын болып түйінделген-ді. Міне, сол бастама нәтижесінде оқырман қауымға сиясы кеппеген «Хама-ғибрат» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Отандық озық нейрохирург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек ері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Серік Қуандықұлы Ақшолақовтың мына бір сөзі де адамды қайран қалдырды.
– Адам баласы жанындағы жақсы азаматтарды көріп марқаяды дейді. Расында, жаныңда жүрген достарыңның ізгілікті ісін көргенде ерекше бір қуанышқа бөленеді екенсің. Әсіресе, қазіргі Тәуелсіздік жылдары мемлекетке, халқымызға жасалып жатқан ортақ мүдде жолында жанқиярлық таныта білген жандардың жаныңдағы достарың болғаны қандай мақтаныш! Мен сондай абзал жанның бірі туралы ерекше айтсам, ол мемлекетте жоғары дәрежедегі атқарған мінсіз еңбектері үшін қырыққа тарта орден-медальдармен, жиырмаға жуық төс белгілерімен, көптеген Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталып, елінің ақ батасын иеленген тұлғалы азамат генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлы жайлы тебірене айтуыма тура келді.
– Бірде біздің емдеу орталығына қатты ауырып, бір жас жігіт түсті. Мен онда Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенмін. Оған күрделі ота жасау керек болды. Оның жанында ағасы науқастың асты-үстіне түсіп, жанын шүберекке түйіп жүгіріп жүрді. Әрине, інісі үшін кім қысылтаяң сәтте бәйек болмайды дейсіз. Бірақ, кез-келген науқас біздерге, яғни дәрігерлерге ол сенің туысың болсын, танысың болсын бәрібір – ең алдымен емделуші ретінде қабылданады. Десек те, бауырға деген асқан жанашырлықты мен сонда ерекше байқадым. Дәрігерлерден оза қимыл танытты.
Тіпті, інісіне деген мейірімі арқылы айналасындағы барлығымызды баурап алды. Бауырға деген жанашырлық өзге адамдарда да сондай дәрежеде болса ғой деген тілек қой баяғы.
Сол кезден бастап біздің Әдекеңмен қарым-қатынасымыз жақсы жалғасып, қалыптасты. Тағы бір оның айрықша қасиеті – әр істі өте керемет ұйымдастырушылығы. Бізді спортпен тұрақты шұғылдануға жетеледі, өзі де теннисті жақсы ойнайды. Сол спорттың пайдасы біздің денсаулығымызға шаш етектен тиді. Әйтеуір, Әділ өзінің кішіпейілдігімен, адамгершілігімен, ешкімді алаламайтындығымен, досқа деген шексіз адалдығымен бәрімізді баурап алды.
Бұл өмірде күйбең тіршілікпен жүргенде туған-туыстарымыздың да қуаныштарын ұмыт қалдырып жатамыз ғой. Ал Әділ достарының арасында ешкімнің де қуанышын атаусыз қалдырмауға тырысады. Әрқайсымыздың үйімізде небір тойлар болатыны созсіз. Сол тойдың сәні де, мәні де өзіңе деген жақын дос, жолдастарыңның көптен келуімен артады. Мұны Әділ өте жақсы біледі. Тіпті, жай туған күннің өзінде Әділ сол адамның қасынан табылғанды жақсы көреді. Жалғыз өзі емес, бәріміздің сол жақсылықты атап өтуге жиналуымызға мұрындық болады. Дос, жолдастары дегенде, оның сыныптастары, курстастары және кейінгі үлкен лауазымда жүргенде танысқан достарын атап өтуге болады.
Біз отбасылық достармыз. Біз, расында да, ең бастысы отбасымызбен жақсы араласамыз. Әдекеңнің қызы Әселдің ұзатылу, одан кейін Петропавлдағы тойында да тума-туысқандарымен, көп достарымен бірге болдық. Абай атамыз: «Адамның баласы бауырың… Досы көппен сыйлас» деп бекер айтпаған ғой. Өзінің осындай жақсы да жағымды қасиеттерінің арқасында Әділдің достары да көп. Бір ғажабы, Әділ солардың бәрімен араласуға, алтын уақытын қиып әңгімелесуге, жай-күйді сұрауға уақыт табады.
Әділ досымның адамгершілігі, әр адамға деген сыйластығы, досқа деген адалдығы тамырын тереңнен алған отбасылық тәрбие негізінен екенін түсіндім. Оның парасатты тұлғасынан, шен-шекпені жарасқан бойынан барлық жақсылық табылады.
Соның ішінде Абай атамыз айтқандай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ерекше айқындалып тұрады. Ендеше, Әділ десе әділдіктің жаршысына айналған менің жан досыма өмірдегі барлық жақсылықтарды, амандықты, отбасының берекесі мсн бақытын, осылайша үрім-бұтағымен ұзақ ғұмыр кешуіне тілекшімін, деп шешіле сыр актарды, еліміздің еңбек ері, академик Серік Ақшолақов досы.
Иә, сөзімнің әлқисасын «Жүректен» бастауым дұрыс болғандай. Өйткені батыр інімнің дана бабамыз айтқандай жылы жүрегімен айналасына жақсылықтың шуағын шашып жүргені: Жаным десе жан семіреді ғой…
Әділ бір кездері қазақ тілін тереңдете оқытатын Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернаттың түлегі екенін әрдайым дәлелдеп жүр.
Бұрынғы шәкірт, қазіргі генералдың демеушілігімен өзі білім алған мектеп-интернатқа ұлы Абайдың ескерткішін орнатып, оның ашылу салтанатына жан-жақтанг мектеп түлектері жиналған ерекше сәт болғаны әлі де ұмытылмайды.
Жаетардың бойына елжандылық қасиетті қалыптастыру қашанда маңызды. Мектепте әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше мән беріліп, әр сабақ шынайылығымен ерекшеленуі тиіс. Содан да шығар ұстаздар ұжымының ұйғарымымен мектептегі алғашқы әскери дайындық кабинеті мектеп түлегі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлының есімімен аталған. Бұл жәй ғана емес, шәкірттер батыр аталарымен жиі кездесу өткізіп, елжандылық рухты тәрбиенің мән-маңызына тереңдеп түседі.
Мектеп ұстаздары, оқушылар Ә.Ш.Шаяхметовке арнап «Ұлы дала қыраны» атты кітапты жазып шығарды.
Оқыған мектебін, университетін, өмір жолында кездескен жандарды әсте ұмытпайтын және солардың мерейлерінде ортасында жүретін Әділдің ерекше қасиетіне тәнті боласың. Ол биік лауазым таңдамайды, қарапайым ауылдастарының ортасынан табылатын тұлға.
1963-66 жылдары Әділ туған Саурық батыр ауылындағы мектептің бастауыш сыныптарында оқыған. 2007 жылы ҚР ҰҚК Алматы облысына департамент бастығы болып келді. Оның ұсынысымен және қадағалауымен 2008 жылы ауыл мектебінің жаңа ғимараты бой көтерді. Ауылға жиналған зиялы қауым, сыйлы қонақтардың, мұғалімдер мен оқушылардың, ауыл, аудан азаматтарының қуаныштарын көріп, таң қалдым. Сол жылдары ол ауылының жолдарын жаңадан жасатты, газ құбырын әкелтті, жаңа тұрғыда электр шамдарын орнатқызды. Тіпті жаңа мешіт салуды да ұйымдастырды. Осындай көрікті ауылды байқаған «Қазақстан» телеарнасының қызметкерлері 2022 жылы ауылда «Ынтымақ ауылы» атты көп сериялы кино түсірді. Оның да басы-қасында Әділ інім тыным таппай жүрді.
Әрине төккен тер, еселі еңбек ешқашан зая кетпеген. Осы өмірінде мемлекеттен алған наградаларын тізсем, оның өзі бірнеше бетті алады. Генерал-лейтенант Әділ інім алты орденмен, оның ішінде бірінші, екінші дәрежелі Даңқ, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің «Алтын орденімен», Ресейдің Ю.В.Андропов атындағы орденімен, елуден асқан медальдармен марапатталыпты. Бұдан басқа да төсбелгілері қаншама. Көптеген жоғары оқу орындарының Құрметті профессоры, бірнеше облыс, аудандардың Құрметті азаматы. Айналасындағы адамдардан, туған-туысынан алған алғысы бәрінен де биік екені сөзсіз. Бұл өмірдегі ең үлкен құндылық.
Өйткені, әрбір риза көңіл, пәк жүректің лүпілі, мөлдір сезімге суғарылған замандастар лебізін айтсам көл-көсір. Иә, биік шыңға самғаған қыранның кіп-кішкене жүрегінің тазалығынан болар дала төсінде еркін мекендеуі. Батыр ұл да өз биігінен аласармай қырандай қалықтап, елі мен жерінің жақсылығын еселеп жүргені. Ол өмірді басқаша түсінбейді. Ардақты азамат отбасындағы ұл-қыздарына қамқор әке, немерелерінің сүйікті атасы. Зайыбы Айсұлу екеуі шаңырақтарын бақыт бағына айналдырған жандар.
Күмісжан Байжан,
жазушы журналист, ҚР мәдениет қайраткері