Басты бет Мәдениет және руханият ӨНЕРДІҢ ОТЫН МАЗДАТҚАН

ӨНЕРДІҢ ОТЫН МАЗДАТҚАН

0
258

Паровозсыз машинисті, ұшақсыз ұшқышты, оқушысыз мұғалімді елестету қиын, ал мәдениет ошағынсыз көркемдік жетекшіні елестету ғана емес, көзбен көруге де болады. Біз оны Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Диірмен ауылында жолықтырдық. Ол 42 жылдық еңбек өтілі бар мәдениет қызметкері — Рахмедин Курбанов.

Ақсақалдың туған жері – Диірмен ауылы. Осы ауылдағы мектепте білім алған. Алтын ұя мектебінен түлеп ұшқаннан кейін,  ол әскер қатарына шақырылып, Ленинградта борышын өтейді. Әскерден кейін туған ауылына оралып, жергілікті клубқа көркемдік жетекші болып жұмысқа орналасады. Қызметімен қатар Каскелендегі Мәдени-ағарту училищесінің қазақ халық аспаптар факультетінде сырттай білім алып, «Әулиешоқысадәси» ардагерлер фольклорлық ансамблін құрады.

Р.Курбановтың шығармашылық ұжымының репертуарында  сол жылдары кең танымал түрлі жанрдағы музыкалық шығармалар болды. Ардагерлер эстрадалық және халық әндерін орындап, байқаулар мен фестивальдерге белсенді қатысып, Ұйғыр ауданының колхоздары мен совхоздарына гастрольдік сапарларға шығып жүрді. Шығармашылық әріптесі Гүлбостан Абдуллаева бастамашыл көркемдік жетекшіні әрқашан қолдап отырды.

Көп ұзамай жас таланттардың бұл серіктестігі берік достыққа, кейіннен бақытты отбасылық одаққа ұласты. Олардың отбасында ұлдары Арзумжан мен қыздары Айнұрдүниеге келді. Қызы Айнұр ата-анасының жолын жалғастырып, К.Кужамьяров атындағы ұйғыр театрына қызметке тұрды.

– Мен клубта көп уақытымды өткізетінмін, ансамбльмен жаңа концерттік нөмірлерді дайындап, байқауларға қатысуға дайындалатынбыз. Ал жұбайым үй шаруасы мен балаларды қарап, концерттер ұйымдастыруда маған көмектесетін, – дейді Рахмедин Валиевич.

– Біз клуб жабылып, ұжым қысқартуға ұшыраған қиын кездерді де бірге өткердік. Бос отыруға үйренбеген соң, мектепке барып, музыка үйірмесінің жетекшісі болып жұмысқа орналастым. Он жыл бойы балаларға өнер мен мәдениетті сүюді үйреттім, дарынды балаларды тауып, олармен бірге үлкен сахнада өнер көрсеттім.

2007 жылы ауылдық клуб 1954 жылы салынған 314 орындық ескі ағаш ғимаратта қайта жұмысын бастады. Мені қайтадан көркемдік жетекші етіп тағайындады. Сол кезеңде ауылымыздың мәдени өмірі жаңғырып, гүлдене бастады. Құрамда жалғыз қызметкер болсам да, әр мерекеде мектеп оқушылары мен тума талант жерлестеріміздің қатысуымен мерекелік шараларды ұйымдастырып жүрдім.

Соңғы жылдары апатты жағдайда деп танылған клуб ғимаратында шаралар өткізілмейді. Соған қарамастан, Р. Курбанов өнердің шуағын халыққа таратып, ауыл тұрғындарын музыкаға деген сүйіспеншілігімен шабыттандыруда. Айта кетерлігі, ол – ортағасырлық ұйғыр музыкалық өнерінің біртұтас музыкалық-поэтикалық циклі саналатын 12 мукамның кәсіби орындаушысы.

Жақында өткен аудандық мукам орындаушылар байқауында Рахмедин мырза екінші орын иеленді. Бұл оның шығармашылық қоржынына қосылған жалғыз жетістік емес. Ең басты марапаты – Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының «Еңбек жанкүйері» медалі.

Р.Курбановтың зейнет демалысына шығуына санаулы күндер қалды. Алайда ол үшін зейнеткерлік – шығармашылықтың соңы емес, керісінше, халықтық әуендерге терең бойлап, бұл баға жетпес мұраны талантты жастарға жеткізудің бірегей мүмкіндігі.

Әнел ҚАПАР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДУХ СТЕПИ В ХРАМЕ МЕЛЬПОМЕНЫ

Возродившийся театр «Карадала» пятый год носит гордое звание «Народного» и радует ценителе…