Еліміздің еңселі ертеңі жан-жақты дамыған, білімді, бәсекеге қабілетті әрі дені сау ұрпақтың қолында екендігі айқын. Сондықтан балалардың болашағын бүгіннен бастап дұрыс қалыптастыру біздің қолымызда. Шалғай ауылда жүрген жасөспірімдердің күнделікті бос уақыты тиімді өтуі үшін, ауылда мәдениет пен спорт дамуы керек. Осы ұстанымды ту етіп, ауылдағы спортты дамытуға тер төгіп жүрген жандар жоқ емес. Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін алаңдап, бүгінгі жас буынның зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын қалыптастыруына қолайлы жағдай жасап, ауыл балаларын жан-жақты дамытуға орасан үлес қосып жүрген «Батыр боламын» қоры және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының шапағаты біздің өңірге де жетті.
Қырғызсай ауылының тұрғындарын ерекше қуанышқа бөлеген бұл жаңалық желдей ескенде талай уәдеден көңілі қалған қараша халық күмәнмен қараған болатын. Алайда көрінген таудың алыстығы жоқ екен. Айтылған сөз атылған оқтай дер уақытында іске асып шыға келді. Бұл игілік ауданымыздың өр жағындағы Қырғызсай ауылының маңдайына бұйырыпты. Ауылдың мектебінен арнайы кабинет спортпен шұғылданатын залға ыңғайластырылып, іші толықтай спортқа қажетті керек-жарақпер жабдықталған. Осы бағытта тынымсыз еңбек етіп, елдің болашағы үшін тер төгіп жүрген еліміздің мақтанышы, танымал спортшы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Назаров Ардақ Құттықожаұлы, әлеуметтік желіде «Қарапайым қазақ» лақап атымен танымал блогер Нұрдәулет Бектұрсын, «Батыр боламын» қорының негізін қалаушы Арман Балкенұлы және осы қордың президенті Ернұр Сәбікенұлы сынды атқа мінер азаматтардың ерен еңбегін ерекше атап кету керек! Осы спорт сыныбының өз оқушыларына о баста есігін ашуына себепші болған Қырғызсай ауылының тумасы, осы ауылдың жан-жақты дамуына көптеп күш салып жүрген Турдалиев Серік Мелісұлының да аты аталуы тиіс. Жалпы елім деген ер азаматтардың еңбегі жанды. Ауылдағы жасөспірімдер үшін таптырмас спорт үйірмесі ашылып, көпшілікті қуанышқа бөледі.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз және бүкіл еліміз мақтан тұтатын олимпиада жеңімпаздарының спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деген тамаша сөзі бар. Қырғызсай ауылында ашылып жатқан спорт үйірмесі Мемлекет басшысы үміт еткен бастамалардың бірі және бірегейі деп айтуға болады.
Ресми ашылу салтанатына жоғарыда аты аталған атымтай азаматтар толығымен қатысты. Одан бөлек аудан әкімі Бота Елеусізова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ербол Сарабеков те арнайы келді. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да қуаныштың ортасынан төбе көрсетті. Алғы сөзді аудан басшысы алып, әуелі осы игіліктің іске асуына мұрындық болған атаның ғана емес барша елдің ұлы бола білген жігіттерге аудан жұртшылығы атынан алғысын жаудырды. Ауыл тұрғындарын құттықтап, жас өрендерге сәттілік тіледі. Артынша сөз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаровқа ұсынылды. Халық қалаулысы барша спортсүйер қауымды айтулы күнмен құттықтап, осы уақытқа дейін елдің алдына келгенде аманат етіп арқалатып жіберген өтініштердің іске асып жатқандығының дәлелі осы спорт үйірмесінің ашылуы деп атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта мың спорт зал ашып, бұқараны спортқа үйір қыламыз деп бастама көтерген «Батыр боламын» қоры және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына алғысын білдірді. Бұл бастамаға қолдау танытып жүрген жас блогер Нұрдәулет Бектұрсынға да ерекше алғыс айтты. Ашылу жоспарланып отырған мың спорт залдың әрқайсысынан бір чемпион тәрбиеленіп шықса да болашақта мың чемпионы дайын ел болатындығымызды да атап өтті. Ең негізгі демеушілер де кезекпен ел алдында ақжарма тілектерін айтып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Оқушылар мен жасөспірім буын үшін көру арманға айналған әлеуметтік желідегі белсенді блогер, «Қарапайым қазақ» лақап атымен танымал Нұрдәулет Бектұрсын арнайы ақ тілегін білдіріп, балаларға ала келген базарлығын табыс етті. Осы істің басы-қасында тер төгіп жүрген ауыл азаматы Жәнібек Айғожаевқа көпшіліктің алдында ерекше алғысын айтты. Демеуші тарап ризашылығын білдірген Жәнібек Абиырұлының еңбегін атамасқа болмайды. Осы ақжолтай жаңалық ауылға келеді деген күннен бастап бүге-шігесіне дейін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жүріп шынайы қызмет жасаған Жәнібектің де бұл жетістікке қосқан үлесі орасан. Құттықтаулар аяқталған соң оқушылардың дайындаған әуезді әндері мен мың бұралған билері көпшілікке паш етілді. Артынша аудан басшылығы мен демеуші азаматтар және ауыл ақсақалдары бірігіп спорт сыныбының лентасын қиды. Шашу шашылып, «Жақсыны көрмекке» демекші, көпшілік ашылған залға қарай жиылды. Аядай ғана болса да мектептің екі кабинеті барынша қымбат әрі сапалы спорт жабдықтарымен қамтылған. Демеуші тарап келген қонақтарға бұл спорт сыныбына қойылған әрбір төсеніш пен басқа да жабдықтар ең қымбат әрі бастысы бала денсаулығы үшін зиянын тигізбейтін сұранысқа ие, екінің бірінің қалтасы көтере бермейтін ұзақ жылдарға шыдамды спорт жабдықтары екендігін түсіндіріп, толықтай таныстырып өтті. Әсіресе қазақ күресі спорт түріне басымдық берілетін бұл спор үйірмесінің оқушыларына сапалы спорттық киімдер де таратылғандығын байқадық.
Қырғызсай жұртшылығын қуанышқа бөлеп шыққан соң, ауылдың кіре берісіндегі кішігірім аллеяға еліміздің Президенті бастаған «Таза Қазақстан» экологигялық акциясының «Жасыл аймақ» апталығына сәйкес келген қонақтар өз қолдарымен ағаш отырғызып, жақсы ниетпен ауылға аманаттап кетті.
Дәл осы күнгі жоспарға сәйкес, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, «Батыр боламын» қорының президенті Ернұр Сәбікенұлы, жас блогер Нұрдәулет Бектұрсын аудан орталығында жас буынмен арнайы кездесу өткізді. Ауданымыздағы шекара бөлімінде отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүрген жас сарбаздардан бастап, біршама аудан жастары қуана қатысты. Жастардың жігерін жанитын, жақсылыққа бастайтын келелі пікірлер айтылып, ойларына рухани тамызық тасталды.
Жексенбі күннің ең басты жаңалығы Қырғызсай ауылындағы мектеп ғимаратынан ашылған спорт үйірмелері болды. Еліміздің әрбір шалғай ауылында осындай шағын спорт сыныптары мен үйірмелер көптеп ашылса, бойында табиғат дарытқан дарыны жасырынып жатқан балалардың спортқа деген қызығушылығы артып, болашақ олимпиада чемпиондары тәрбиеленіп шығатыны айқын. Қырғызсайлықтарға балалардың игілігіне берілген қазақ күресі залының ашылуы құтты болсын дейміз! Осы залда жаттыққан жас спортшылар ертең әлемдік ареналарда Тәуелсіз еліміздің көк туын желбірететін чемпиондар болып шықсын! Еліміздің спорты дами берсін! Спортшыларымыз жеңіс тұғырының бірінші баспалдағынан түспесін! Жеңісті күндерде жүздесе берейік!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ