Кейде отырып ойланатыным бар. Сондай бір ой үстінде мені «осы ең киелі, ең мәнді, ең сауапты, ең керемет мамандық иесі кім?» – деген ой мазалайды. Сөйтсем, ол мамандық иесі – Ұстаздық екен. Осы сұрақтың жауабын табуға септігін тигізген де жаңағы киелі мамандық иесі, менің – рухани ұстазым – Абай Торғайұлы. Сол кісінің оқытқан, тоқытқанымен жиған-терген ойымды сіздермен бөліскенді жөн көрдім.
Адам баласын қаласаң ұйықтататын, қаласаң оятатын сиқырлы таяқша бар, ол – психология ғылымы (психо – рух, логия – тану дегенді білдіреді). Ал психологияда «тарихи тізбек» деген ұғым бар. Құдіретіне ақылымыз жетпейтін жаратушымыз әрқайсысымызды ерекше қайталанбастай етіп жаратқан. Сол секілді әр ұлттың қайталанбас өзіне ғана тән, өзіне ғана тиесілі тілі, діні, салт дәстүрі, әуені, тарихы бар. Адам баласының потенциялын ашу үшін оны өзінің ұлттық коды, кіршіксіз саф таза – «тарихи тізбегіне» жалғау керек, ал қоғамда осы бір өте маңызды миссияны атқаратын маман – дәл осы Ұстаз.
Осы психология мектептерінің бастар бұлағы – Австрия мемлекеті. Мүйізі қарағайдай әлемді дүр сілкіндірген психологтардың қалдырған еңбектері жетерлік, соның бірі – австриялық психотерапевт Элизабет Лукас былай дейді: «Құндылық деген бар, құрал деген бар, құндылыққа (еркіндік, уәде, жауапкершілік) Ата-ана жауапты, құралға (нақты ғылымдар) Ұстаз жауапты».
Бүгінгі күнде осы құндылықтарды да, құралдарды да шын жүрегімен балалардың көкірегіне тоқуға өмірін арнаған, тереңнен ой толғайтын дара тұлға, нағыз психолог Ұстазымыз – Абай Торғайұлы. Егер менен біреу «Сен үшін нағыз ЖҰЛДЫЗ деген кім? десе ойланбастан «Ұстаз», – дер едім. Жоғарыда айтылған» тарихи тізбектің» маңыздылығын ғаламтор жоқ, әлеуметтік желілер мүлдем дамымаған заманда түсінген Абай Торғайұлы атамыз ұстаздықпен қоса қоғамдық істерге де белсене араласып, түйткілді мәселелер жайлы мақалаларын жариялап, балалар әдебиетін де ақындығымен ұштастыра отырып қатар алып жүрді. Осы орайда Төребек Бекбаев ағамыздың маған ұнайтын бір керемет сөзі бар: «Жаман оқушы болмайды, тек оқушының кілтін таба алмаған Ұстаз болады», – дейді. Сол кісі айтпақшы Абай Торғайұлы атамыз ұстаздық етіп жүрген кезінде талай шәкіртінің кілтін тауып, бағын ашқан болатын. Оған мысал: Жанар Әбдішова – Жазушылар Одағының мүшесі, Темірақын Жақып – басшы қызметкер, Олжас Нұржақып – СТВ телеарнасының тележүргізушісі, Мамытқан Құдайбергенов – ұстаз-ақын, Бекжан Тұрыс – әнші, актёр, Бақыт Әлдибеков – ақын, Бейсебай Кірісбаев – сатирик-ақын. Бұл азаматтарды бүкіл қазақ елі таниды.
Ағымдағы жылдың 12 мамырында ардақты Ұстаз – Абай Торғайұлы асқаралы 85 жасқа толғалы отыр. Әрине жақсы жас. Қарапайымдылығымен, кісілігімен, кішілігімен ортасына сыйлы ағамызды шын жүректен осы айтулы күнімен құттықтаймыз. Тәлім берген, білім нәрін сепкен ағайымызға Аллам ұзақ өмір сыйласын. Ауырмасын, бейнетін көрген еңбегінің бұдан былай да зейнетін көре беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Барлық шәкірттері атынан, ізгі тілекпен Алмас НҰРАХМЕТҰЛЫ