Басты бет Көкжиек АПАЙДЫҢ ШӘКІРТІ БОЛҒАНЫМА МАҚТАНАМЫН

АПАЙДЫҢ ШӘКІРТІ БОЛҒАНЫМА МАҚТАНАМЫН

0
437

Мен Ақтам ауылында дүниеге келдім. Балалық балдәурен шағым Ақтамның қасиетті топырағында өтті. Оның әр тал тасы мен шаңының өзі маған қуат береді. Ал адамдары туралы айтар болсам сөз таусылмас. Мамыр айының бірінен бастап мерекелер тізбегі мектеп бітірушілердің соңғы қоңырауымен тамамдалады. Осы айда менің үлгі тұтар, аса қадірлейтін апайым, ұстазым Сүйімхан Нұрсейітова туралы жазғым келді. Жазу, сызу қолымнан келмейді. Сондықтан Сүйімхан апайымнан көмек сұрадым. Ол кісі де өзінің математик екендігін ескертіп, дегенмен жақсы шәкірт болғаным үшін меселімді қайтармады.

Әр ауылда абыройлы, сүйкімді, жұғымды адамдар болады. Олар көп емес. Мен үшін Ақтам ауылындағы ең беделді, ең мықты адам ол – Сүйімхан апайым. Жасы сексеннен асса да әлі қимылы ширақ, әр оқушысы туралы мәліметті жатқа білетін, санасы сергек, ойы озық. Сексен емес жетпістен аса салып «алжып» отыратындар көп қой. Өзіміз де жетпістің желкесіне жетіп қалдық. Ұстазымыз сексеннен асты. Осының өзін бақыт санаймын. Апайымның өмірдерегінен мағлұмат бере кетейін. 1943 жылы Ақтам ауылында дүниеге келген. Ол кісінің балалық шағы Ұлы Отан соғысы деген ауыр жылдармен тұспа-тұс келеді. Сондай қиын-қыстау замандарда ата-анасы ауылға аса қажетті мамандық трактористікті таңдайды. Ең қызығы әкесі хат танымағандықтан трактордың тілін ауызша үйренеді де, ал анасы хат таныса да аяғы педальға жетпей трактор жүргізе алмапты. Тракторист шаруашылыққа аса қажет болғандықтан әкесін броньмен соғыстан алып қалады.

Төрт перзентті дүниеге әкелген ата-ана олардың жоғары білім алуларына қатты назар аударады. Сол кездегі мектепте бір ғана сынып болған екен, түске дейін екі сынып жартылай бөлініп оқыса, түстен кейін екі сынып оқиды екен. Сүйімхан апайымның алғашқы ұстазы Аван аға Омаров болса, сынып жетекшісі Мұзапар Алаев. Бұлар ауданға аттары танымал, беделдері асқақ, аса білімді азаматтар еді. Көз көргендер олардың есімдерін әлі күнге құрметпен атайды. Солардан білім алған апайдың нашар оқушы болуы мүмкін емес еді. Әу бастан-ақ математикадан, яғни есеп шығарудан алдына жан салмапты. Басқа сабақтарға қарағанда математика жанына жақын. Үйдің үлкені болғандықтан ата-анасы осы қызына үміт артады. Сен жақсы оқып, адам болсаң артыңнан ерген іні, сіңлілеріңді жетелеп кетесің деген тапсырма қояды. Ата-ананың үмітін ақтау үшін барлық сабақты беске оқиды. Тіпті қазақ сыныптары жоқ болса да ұйғырша оқуға мәжбүр болады. Онда да ешкімді алдына шығармайды. Аудан орталығы Шонжыда оқуын жалғастырады. Ұстазы Мұзапар Алаев ағайына алғысын айтып, адалдық, тазалық дегенді осы кісіден үйренгендігін айтты. Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының физика-математика пәндерінің мұғалімі деген диплом алғандағы қуанышын әлі күнге дейін ұмыта алмайтындығын естігенде апайдың жан дүниесіндегі пәктікті сездім. Екі тілде білім алғандықтан Ақтам орта мектебнің ұйғыр, қазақ сыныптарына бірдей сабақ бергендігін және оқушыларының бәрінің алғыр болғандығын мақтанышпен жеткізді. Бұрындары қыркүйек айында жоғары сынып оқушылары колхоздың жүгерісін, картобын, сәбізін жинауға атсалысатын. Олардың еңбегі неге бағаланбайды деп, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жәмшит Розахуновтың алдына кіріп, мәселені төтесінен қойыпты. Өте ұғымтал, қаламы жүйрік ақын, аудан басшысы бірден бұл мәселені қолға алып оқушыларға еңбекақы төлеп берген.

Сүйімхан апайым ұстазға лайықты қандай марапат бар, соның бәріне ие. Одан бөлек ең биік марапат – шәкірттерінің бағасы. Көптің батасы, шәкірттерінің алғысы Сүйімхан апайды қартайтпай, тың қалпында осы күнге жеткізді деп бағамдауға болады. Қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, өзінің ойын ашық айтып, мұғалімдерге қатысты дүниелерді әркез бақылауында ұстаған апайымның әр қимылы, әңгімесі әлі күнге бізді, оқушыларын жігерлендіріп отырады. Өзін мақтағаннан гөрі оқушыларымен мақтанатын апайымның қасында болудың өзі бір бақыт. Бүгінде аудан емес, облыста беделі биік ағамыз Ызғарбек Бектұрсыновтың ұстазы Сүйімхан апайым десе сенесіз бе? Ал шын мәнінде солай. Мектепті алтын медаьға бітіріп, «СХИдың» мехфагын табысты аяқтаған шәкірті облыс деңгейін талай биік лауазымды қызметтер атқарды. Ауданның, облыстың құрметті азаматы. Өзінің туған інісі Тоғызбай Нұрсейітов төрт ауданда прокурор болған, Әбілқайыр Байғожаев – техникум директоры, Жүнісбек Аубакиров – танымал кәсіпкер, Бекет Әжібаев – ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Нұржігіт Рамазанов, Нурмәһәмәт Ихазов, Зікірия Шәймерденов, Сәуле Досжан тағы көптеген азаматтар апайдың тәлімін алғандар. Сүйімхан апайым келін болып түскен жерін де бақытты ете алған жан. Көп балалы отбасына келіп, өзінен кішілерге қамқор болып, оқуларына, азамат болып қалыптасуларына бір кісідей атсалысқанын бүгінде туыстары мақтан етіп айтып отырады.

Өмірлік серігі Мәлік ағай екеуі 55 жылдан бері қарашаңырақтың түтінін түтетіп, ұл-қыздарынан 7 немере, 9 шөбере сүйген бақытты қариялар. Өзі туралы айтқаннан гөрі ауылдың бетке ұстар азаматтары жайлы айтқанды ұнататын апайымның осы бір кішілігі, кісілігі кім кімге де үлгі болса, шіркін. Апайымызды бүкіл ауыл мақтан тұтады. Әжелердің көшбасшысы, аналардың ақылманы, келіндердің пір тұтары болған Сүйімхан апайымызды бәріміз құрмет тұтамыз, жақсы көреміз, сыйлаймыз. Ол кісінің еңбегін жақсы адам болып, адал қызмет атқарып ақтадық деп ойлаймыз. Дегенмен орны әркез төрде болатын апайымыздың ортамызда тағы ұзақ жүруін тілейміз. Мамыр айындағы Бірлік, Отан қорғаушы, Жеңіс күндеріне апайымның да қосқан үлесі зор. Сондықтан осы мерекелерімен құттықтап, Сүйімхан апайыма зор денсаулық тілеймін. Сүйімхан апайдың шәкірті болғаным үшін мақтанамын.

Ербол НҰРСЕЙІТОВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы облысында жаңа инновациялық мектеп ашылды

2024 жылғы 6 қарашада Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Өрі…